17.11.2025
10:11
150
ҚМА танымал блогерге іздеу жариялады

ҚМА танымал блогерге іздеу жариялады

ҚМА «Mellstroy» атты блогерге қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Астана қаласы бойынша ҚМА департаменті Беларусь Республикасының азаматы, «Mellstroy» лақап атымен танымал блогер Бурим Андрей Александровичты (15.12.1998 ж.т.) халықаралық іздеуге жариялады, - делінген мәліметте.

Сот Буримға қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялағаны анықталды.

Ол әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан пайдаланушыларын да нысанаға алған онлайн-казино «Mellstroy.game» платформасын заңсыз ілгерілету мақсатында ауқымды жарнамалық науқан ұйымдастырды деген күдікке ілінуде. Онлайн-казиноны жарнамалау үшін блогер әртүрлі ұтыс ойындары мен челлендждерді жариялаған, - деп қосты агенттік.

Сонымен қатар ол қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және басқа да әлеуметтік желілерде Mellstroy.game атауын, казино логотиптерін және сайт сілтемелерін көрсететін видеолар түсіру ұсынылған.

Бұған дейін Бурим Ресей Федерациясында тікелей эфир кезінде адамды ұрып-соққаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар 2025 жылдың қараша айында Беларусь Республикасының Минск қалалық соты блогердің барлық платформалардағы арналары мен оның логотиптерін экстремистік материалдар деп таныды.