24.08.2025
16:30
6419
QJL All Star құрамасы – «Атлетико Мадрид»: Алматыдағы футбол шоуы қалай өтті

QJL All Star құрамасы – «Атлетико Мадрид»: Алматыдағы футбол шоуы қалай өтті

23 тамыз күні оңтүстік астанамызда дәстүрлі Freedom QJ League Жұлдыздар матчы ұйымдастырылды. Бұл жолы лиганың үздік ойыншыларынан құралған құрама Еуропаның ең ірі клубтарының бірі – испаниялық «Атлетико Мадрид» академиясының жас тәрбиеленушілерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматыдағы матч нағыз халықаралық деңгейге сай өтті. Жасөспірімдер арасындағы кездесу болғанымен, оларға көрсетілген құрмет кәсіби жұлдыздардікіндей еді. Қарсылас та оңай емес – Еуропаның мықты академияларының бірінен келген футболшылар. Сондықтан матчтың жоғары қарқын мен шиеленіске толы болатыны алдын ала бесенеден белгілі еді. 

Құрама қалай жасақталды?

Жұлдыздар құрамасына ойыншыларды Freedom QJ League-тің спорттық-сараптамалық бөлімі анықтады. Маусым бойы әр футболшының артықшылығы мен әлсіз тұсы зерттеліп, ең үздіктері іріктелді.

Лиганың 12 клубының 9-ы өз өкілдерін жіберді. Ал «Қайсар», «Тобыл» және «Қайрат» ойыншыларын қатыстырмауды жөн көрген. Әсіресе алматылық клубтың болмауы көпшілікті таңғалдырды. Лига ресми мәлімдемесінде «Қайраттың» футболшылары басқа жарыстарға дайындалуына байланысты осындай шешім қабылданғанын түсіндірді.

Матч алдында құрама Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, ойыншылардың өзара байланысын нығайтуға ден қойды. Бұдан бөлек, екі команда бірнеше күн бұрын тауда өткен гала-кешке қатысып, бір-бірімен жақын танысуға мүмкіндік алды. Испаниялық қонақтар Қазақстан мәдениетімен де етене танысты.

Атмосфера мен шоу

FreedomTicketon арқылы сатылған билеттердің барлығы сатылып, трибуналарға 3 115 көрермен жиналды.

Ойын басталар алдында көрермендер әсерлі лазерлік шоуды тамашалады. Шоудың негізгі желісі бұған дейінгі Жұлдыздар матчына арналды — онда QJL All Star құрамасы сербтиялық «Црвена Звезда» академиясына қарсы ойнап, екі кездесуде де жеңіске жеткен болатын (6:1 және 2:0).

Содан соң алаңда Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, Испанияның Қазақстандағы елшісі Франсиско Мартинес Монтес, Freedom QJ League Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, «Атлетико Мадрид» академиясының Қазақстандағы жетекшісі Шалқар Нұртілеу және лига президенті Рохус Шох сөз сөйледі.

Испания мен Қазақстанның гимндері орындалғаннан кейін матч ресми түрде басталды.

Матч барысы

Қарсылас Испанияның былтырғы чемпионы «Атлетико Мадрид» болған соң, біздің жігіттерге оңай соқпайтыны бесенеден белгілі еді. Оның үстіне футболшыларымыздың халықаралық деңгейдегі тәжірибесі де жоқ, мұндай азулы қарсыласпен алғаш рет кездескелі отыр. Сондықтан бастапқыда сарапшылар қонақтардың сенімді жеңісін болжаған. 

Кездесудіғ алғашқы минуттары бұл сөздерді растағандай. Төреші ысқыры естілісімен-ақ ойын тізгінін испаниялықтар өз қолына алды. 9-минутта Гонсало Гросс есеп ашып, қонақтарды алға шығарды. Бірінші таймда көрермен басқа гол көрген жоқ.

Есесіне үзілістен соң жергілікті футболшылардың ойыны түрленіп шыға келді. Екінші таймда QJL All Star шеберлігін көрсетті. 58-минутта алаң қожайындары сапынан Мақсат Абраев мергендік танытып, таразы басын теңестірді. Испан футболшылары қақпамызды біраз торуылдап баққанымен, қорғаушылар сауатты қимылдап, қарсыласқа мүмкіндік қалдырмады. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды да, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Ал бұл жерде сәттілік испаниялықтарға серік болды.

Жеке марапаттар мен пікірлер

Матчтың үздік ойыншылары болып 90 минут бойы қақпаны күзеткен Мадияр Төлеубек («Ертіс», Павлодар) пен «Атлетико» жартылай қорғаушысы Альваро Тамарго Гомес танылды.

Оларға арнайы марапат табыстылды. Мадияр Төлеубек, қақпашы:

Ойын қиын болды. Командаға алғысымды айтқым келеді. Жігіттер қорғаныста өте жақсы ойнады. Жанкүйерлердің қолдауы бізге үлкен демеу болды. Сәл ғана сәттілік жетіспеді, – деді.

Ал QJL All Star бас бапкері Игорь Солошенко шәкірттеріне ризашылығын білдірді. Әлемдік гранд саналатын ұжымдардың бірімен иық тірестіріп ойнау шынымен де мақтауға тұрарлық. Бапкер кеткен есені қайтаруға да дайын екенін тілге тиек етті:

Бұл кездесу екі тарап үшін де өте пайдалы болды. Мұндай қарсыластармен күнде ойнап жүрген жоқпыз, сондықтан балалардың толқуы да орынды. Жігіттерге барын салғаны үшін алғыс айтамын. Ал пенальти - лотерея. Ең бастысы, бұл матч Қазақстан мен Испания арасындағы қарым-қатынасты нығайтты. Испаниялық тарап қарымта матчқа шақырды. Біз шақыртуды күтеміз. Осында керемет матч ұйымдастырған QJ League басшылығына алғыс айтамын. Бұл біздің жігіттер үшін естен кетпес оқиға болды, – деді ол.

Испан бапкері мәселені негізгі уақытта шешуге болатын еді деп санайды, тек мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алмағанын алға тартты.

Ойынды жақсы бастадық. Алғашқы голды да кездесудің басында соқтық. Бірақ қарсылас та сенімділік танытып, есепті теңестірді. Бізде бірнеше мүмкіндік болды, бірақ оларды голға айналдыра алмадық. Қарсылас қорғаныста сауатты ойнады. 

Көрерменнің қолдауы керемет екен. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған матч. Мұндай көңіл күйді қайта сезінуге қарсы емеспіз. Қарымта кездесуді асыға күтеміз. Ол да бір жақсы ойын болар еді деп ойлаймын, – деді.

QJ League-тің медиа-амбассадоры, бұрынғы футболшы Баламырза Әлиев жергілікті футболшылардың өнеріне жоғары баға берді.

Бастапқыда айтақанымдай, кездесудің негізгі уақыты 1:1 болып тең аяқталды. Өкінішке қарай, пенальтиде жолымыз болмады. Әйтпеск жігіттер өте жақсы ойын көрсетті. Сәл ғана сәттілік жетіспеді. Өзіңіз ойлаңызшы, қарсыластың бірнеше ойыншысы Испания құрамасында ойнайды. Тағы бірнешеуі «Атлетико Мадридтің» негізгі құрамымен жаттығу жасаған. Соған қарамастан біздің балалар да аянып қалған жоқ. Қақпашымыз бен Мақсат Абраевты ерекше атап өтер едім. Біздің жігіттер скауттардың көзіне түсті деп сенемін, - ол.

Ал QJL All Star сапында гол соққан Мақсат Абраев тең нәтижеге бапкерлердің дұрыс тактикасының арқасында қол жеткіздік деп отыр.

Олар да біз сияқты футболшылар ғой. Бірақ бастапқыда аздап толқу байқалды. Үзілістен кейін бапкерлер дұрыс тактика таңдады. Командамды жігерлендіріп, алға сүйрегім келді. Соның арқасында гол соқтым. Ал пенальти – нағыз футбол лотереясы. Бәрі сәттілікке байланысты, - деді жас футболшы.

Бұл кездесуде Абраевқа нәтижелі пас шығарып берген Алан Азамат аталған матчтың керемет тәжирібе болғанын, енді қателіктермен жұмыс істейтінін тілге тиек етті: 

Бұл матч біз үшін үлкен тәжірибе болды. Жоғары қарқынмен ойнадық, бірақ өзімізге сенімділіктің аздығы байқалды. Дегенмен алғаш рет осындай деңгейдегі қарсыласпен кездестік. Халықаралық тәжірибенің жоқтығы байқалды. Алдағы уақытта бұл қателіктерден сабақ аламыз.

Қорытынды

Freedom QJ League All Stars турнирі шынымен де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Испаниялық қонақтар жеңіске жеткенімен, қазақстандық жас футболшылардың да әлеуетіне куә болдық. Бұл кездесу олардың тәжірибе жинап қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына себеп болады деп сенеміз.