Қазақ жастарының арасында еңбекқорлығымен ерекшеленіп жүрген талантты қыздардың бірі – жас дизайнер әрі кәсіпкер Дария Қуатжан. Ол небәрі 22 жасында өз кәсібін құрып, ұлттық нақыштағы сәнді киімдер брендін қалыптастырды. Қазірдің өзінде мыңдаған тапсырыс қабылдап, үлкен өндірісті жолға қойған ол – жастарға үлгі боларлық тұлға.
Балалық шақтағы арманнан басталған жол
Дарияның сәнге деген қызығушылығы бала күнінен басталған. Қиялына қанат бітірген қуыршақтарына көйлек тігіп, анасының жанында отырып кесте тоқып үйренуі оның болашақ жолын айқындап бергендей. Сол шақтағы кішкентай арман жылдар өте келе үлкен мақсатқа айналды.
«Киім тігу, дизайнер болу – бала кезден бергі арманым. Алдымен қуыршақтарыма көйлек тігетінмін. Анам қолөнерге жақын болғандықтан, мен де ерте жастан кесте тігіп, сәнге қызыға бастадым. Сол күндерден бастап шығармашылық шабыт оянды», – дейді ол.
Дария үшін сән – жай ғана бизнес емес, өмір салтына айналған құндылық.
Әлеуметтік желідегі алғашқы қадам
Қазіргі жастардың жетістікке жетуінде әлеуметтік желінің рөлі ерекше. Дария да алғашқы танымалдылығын Instagram арқылы тапқан. Ол парақшасына өз қолынан шыққан этно-стильдегі киімдердің суреттерін жүктей бастағанда, мұндай қызығушылық туады деп ойламаған. Бірақ оқырман саны күннен күнге артып, оның ұлттық нақыштағы ерекше образы көпшілікке ұнай бастады.
«Алғашында мұндай жетістікке жетемін деп ойлаған жоқпын. Әйтеуір өз жұмысымды бөлісейін дедім. Бірақ оқырмандардың ықыласы мен сұранысы артып, көп ұзамай армандарым орындала бастады. Шын мәнінде, қазіргі жетістіктерім жазған мақсаттарымның да бірнеше есесіне жетті. Бұл – әлеуметтік желінің береген үлкен мүмкіндігі», – дейді жас кәсіпкер.
Армандаған дүкеннің ашылуы
2025жыл – Дария үшін ерекше жыл болды. Ол көптен күткен арманын іске асырып, алғашқы дүкенін ашты. Бұл қадам оңайға түскен жоқ. Бұған дейін бір брендпен жұмыс істеген кезде сәтсіздікке тап болған ол дүкен ашуға жүрексінген. Дегенмен, халықтың сұранысы мен қолдауы оны тәуекелге жетеледі.
«Алғашында дүкен ашуға қорықтым. Себебі бұрынғы тәжірибем көңілден шықпаған. Бірақ клиенттердің киімді көріп, таңдап алғысы келетінін байқадым. Тіпті кейбірі үйге келіп көріп жүрді. Сол кезде дүкен ашу – дұрыс шешім екеніне көзім жетті», – дейді ол.
Қазіргі таңда Дарияның дүкені – этно-стильді ұнататындардың жиі баратын мекеніне айналды.
Мыңдаған тапсырыс пен жоғары сұраныс
Жас кәсіпкердің кәсібі бүгінде қарқынды дамуда. Ай сайын мыңнан астам киім тігіліп, түгелдей сатылып кетеді. Өнімдердің жартысына жуығы алдын ала тапсырыс арқылы алынып қойылады. Бұл – нарықтағы сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
«Айына мыңнан астам киім тігеміз. Соның бәрі өтіп кетеді. Көбіне киімнің жартысы алдын ала тапсырылады. Сатылымға шыққан сәтте-ақ таусылып қалады», – дейді Дария.
Этно-стильге деген қоғам көзқарасы да өзгеріп келеді. Бұрын тек мерекелік шараларда киетін ұлттық нақыштағы киім бүгінде күнделікті өмірде де сәнге айналған.
«Көпшілік этно-киімді тек мереке кезінде киеді деп ойлайды. Біз оны заманауи әрі күнделікті өмірге ыңғайлы етіп жасадық. Сол себепті қызығушылық артып отыр», – дейді жас дизайнер.
Шағын топтан үлкен командаға
Дария кәсібін бастаған кезде бар болғаны төрт адамнан құралған шағын команда болған. Ал қазір оның кәсіпорнында қырықтан астам қызметкер еңбек етеді. Бұдан бөлек, сырттай жұмыс істейтін қолөнершілер де бар. Бұл – жас кәсіпкер үшін үлкен жауапкершілік.
«Бұл деңгейге жету үшін талай қиындықты бастан өткердім. Кейде адамдар сенімсіздік танытқан кездер болды. Бірақ қайтадан сол адамдарға сенім артуға тура келді. Өйткені кәсіби шеберліктері қажет болды. Үлкен команда болған соң, артқа шегінуге болмайды. Тек алға жылжу керек», – дейді ол.
Танымалдардың таңдауы
Дарияның тіккен киімдері бүгінде еліміздегі танымал өнер жұлдыздарының да гардеробынан орын алған. Бұл – жас кәсіпкер үшін үлкен мәртебе әрі шабыт көзі.
«Белгілі адамдардың біздің киімді киюі қуантады. Өйткені халық оларды үлгі тұтады. Жақсы пікірлерін есту – біз үшін ең үлкен қолдау», – дейді ол.
Халықаралық деңгейге ұмтылыс
Қазіргі таңда Дарияның киімдеріне шетелден де сұраныс артып келеді. Оның алдағы басты мақсаты – ұлттық нақыштағы брендті халықаралық деңгейге шығару.
«Мақсатым – қазақтың этно-стилін әлемге таныту. Бізде ұлттық өрнек пен ою-өрнекке негізделген сән әлемдік брендтермен тең дәрежеде болуы тиіс. Қазақ этно-киімі дүние жүзілік сәннің бір бөлігіне айналғанын қалаймын», – дейді ол.
Жастарға үлгі болатын табыс тарихы
Дария Қуатжанның өмір жолы – қарапайым арманнан басталып, еңбек пен табандылықтың арқасында жүзеге асқан табыс тарихы. 22 жасында үлкен бренд құрып, мыңдаған өнім өндіретін жас кәсіпкердің жетістігі – бүгінгі жастарға шабыт берері сөзсіз.
Оның жетістігі бізге бір ғана ой салады:армандар орындалады, егер сен оған еңбек пен қайсарлықты қоссаң!