Қиын кезеңде еліңе қорған болуың қажет: сержант Айдарбековтың қаңтар оқиғасын еске алуы

17 Желтоқсан 2022, 12:00 2326

Қаңтар оқиғасында Ұлттық ұлан қызметкерлері ерен еңбек етті.  Қиын кезеңде ел тыныштығын сақтап, Отанына адал бола білді. Солардың бірі Алматы қаласы 5571 әскери бөлімі бірінші батальонының аға жүргізуші Нұрымбет Айдарбеков. 

3-сынып сержанты Ұлттық ұланда 14 жылдан бері аянбай жұмыс істеп келеді. Ол төртінші қаңтар күні әскери бөлімде дабыл қағылған сәттен бастап қызмет орнына бірден жетіп барған.

«Бізді шақырып алған күні бөлім командирі бұйрығымын әкімдік жақтағы орталық алаңға бардық. Ол жерге жеткен кезде халық шулап, тас лақтыра бастағаннан кейін қайтадан қайтып кеттік. Ал бесінші қаңтар күні көліктің залал келтірілген жерлерін жөндедік», – деді ол.

Сержант алтыншы қаңтар күні сағат 06:00-де командирдің тапсырмасымен батальон командирлерімен бірге Абай көшесіне шыққан. Камазға әскерлерді салып алып Төле би көшесіне дейін барған. Халық оларды қоршап алып соққыға жыққан.  

Нұрымбет Құспекұлы өміріне қауіп төніп тұрса да өз міндетін абыроймен атқара білді.

«Бір кезде қолында пышағы бар адам «Көліктен түс! Дөңгелегін тесемін» деп айтты. «Бұл маған берілген техника. Қаншама миллион теңге тұрады. Оны тастап кетуге болмайды. Түсе алмаймын» деп жауап бердім. Өз жағдайымды толығымен түсіндіріп едім, әйтеуір кетіп қалды», – деді жүргізуші.

Әскери бөлімнің қызметкерлерін қаңтардың төрті мен он тоғызы аралағында ешқайда шығармаған. Нұрымбет Айдарбеков өз отбасымен жүздеспей, Отанына адал қызмет еткен.

«15 күн бойы үйге барған жоқпын. Әйелім сол кезде жүкті еді. Мен болмаған кезде босанды. Қызымды алғаш рет 19 қаңтар күні бірақ көрдім», – деді ол.

Нұрымбет Құспекұлы еліне адам қызмет ету әр азаматтың парызы деп есептейді.

«Әрбір әскери бөлімнің қызметкері Отанына адал болуы керек. Әсіре қиын-қыстау кезеңде еліңе қорған бола білуің қажет. Ол әр адамның – міндеті», – деді жүргізуші.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: