Кейде Qiwi терминалдан белгілі бір операция жасап жатқанда жүйе істен шығуы мүмкін. Сондайда абдырап, не істерімізді білмей, қаламыз. Бірнеше кеңес ұсынамыз.
Терминал туралы мән-жайды анықтаңыз
Терминал ақшаны жұтып қойса, жүйе істен шықса, бірден экраннан ақпарат бөлімін іздеңіз. Сонда терминалдың тіркелген орны, БИН-і көрініп тұрады. Сізге терминалдың нөмірін біліп алу керек. Нөмір сегіз саннан тұрады.
Оператор көмегіне жүгініңіз
Нөмірді суретке түсіріп алыңыз, ары қарай Qiwi терминалдың байланыс нөміріне (+7 (727) 356-12-12) хабарласыңыз.
Өтінішті тіркетіңіз
Оператор жауабын күтіп, қандай жағдай болғанын баяндаңыз. Ол сізден терминал нөмірін сұрайды. Жоғарыда көрсетілген ретпен сегіз таңбадан тұратын нөмірді хабарлайсыз. Артынша нендей операция орындағаныңызды айтасыз. Мысалы, егер белгілі бір банктегі шотыңызға ақша аударсаңыз, не несие төлесеңіз, шот/келісімшарт нөмірін айтасыз.
Соңына дейін жағдайды бақылауда ұстаңыз
Ары қарай оператор жүйені тексеріп, ақшаның қай аралықта тұрғанын айтады. Сөйтіп, ақша діттеген жеріне түседі. Ақша шотқа 1-30 күн аралығында түсуі мүмкін. Егер бұдан да басқа құжат не басқа зат керек болса, оператор сізге бәрін түсіндіреді. Қосымша құжатты, сұрақтарды kzps@qiwi.com поштасына жазуға болады.
Бастысы, байбаламға салмай, сабырмен іске кірісіңіз. Техника дамыған заманда бәрін әпсәтте шешуге болады. Интернеттен ақпарат іздеп, терминалдың әлеуметтік желідегі парақшасына жазып, көмек сұрасаңыз да болады.