«Қазмедиа орталығында» Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының медиафорумы ұйымдастырылды. Іс-шара ҚХА-ның 30 жылдығына арналды. Форум «Қазіргі медиакеңістіктегі этножурналистика: үрдістері мен даму бағыттары» тақырыбында өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, форумға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚХА мүшелері, отандық медиасфера өкілдері, соның ішінде ҚХА өңірлік журналистер клубтарының төрағалары мен мүшелері, этникалық БАҚ өкілдері, сондай-ақ өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшылары қатысты.
Медиафорум барысында қатысушылар этносаралық диалог мәдениетін қалыптастыру, толеранттылықты нығайту, тәжірибе алмасу, сондай-ақ этномедиа мен ҚХА журналистер клубтарының қызметін дамыту мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, медиакеңістікте жасанды интеллектіні қолдану тақырыбына ерекше назар аударылды.
ҚХА Журналистер клубы – медиасфера өкілдерін, баспасөз қызметкерлері мен блогерлерді және тәуелсіз сарапшыларды біріктіретін сараптамалық-коммуникациялық алаң. Оның негізгі міндеті – этносаралық тақырыптарды сапалы жариялау үшін мамандарды біріктіру, кәсіби құзыреттілікті, азаматтық жауапкершілікті, құқықтық және медиасауаттылықты дамыту, - делінген мәліметте.