ҚазжолҒЗИ қызығушылық танытқан ғалымдарды жұмысқа шақырды

23 Қаңтар 2023, 09:31 1066

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының Алматы филиалында жол саласының нормативтік базасын реформалау мәселелері бойынша жиын өтті. Аталған тақырыпты талқылауға еліміз бен ТМД мемлекеттерінің ғылыми ұйымдары және жоғары оқу орындарының тиісті тәжірибесі бар өкілдері шақырылды, деп хабарлайды El.kz ақрпараттық агенттігі.

ҚазжолҒЗИ қызметкерлері әріптестеріне Қазақстандағы жолдар мен жол құрылыстарын жобалау, салу, оларға қызмет көрсету және күтіп ұстауға қойылатын ережелер мен талаптар жүйесін толығымен өзгертетін ауқымды жұмыстың басталғаны туралы хабардар етті. Сондай-ақ ниет білдірушілер үшін аталған процеске қатысу мүмкіндігі берілетіндігі туралы жария етілді.   

«ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Айдос Елшібаев Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің жол құрылысына қатысты әдіс-тәсілдерді түбегейлі өзгерту жөніндегі талаптарына байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қазіргі уақытта 1200-ге жуық реттеуші құжаттары бар салалық нормативтік базаны жүйелі реформалауды жүргізу тапсырылғанын еске салды. Ол институт ғалымдары қазірдің өзінде 4 жұмыс тобына бөлініп, жол құрылысы мен жолдарды күтіп-ұстауға қатысты басым құжаттарға, сондай-ақ қаржыландыру нормативтеріне салыстырмалы талдау жүргізгенін атап өтті.

Өз кезегінде ғылыми-зерттеу институтының автожолдар мен көпір құрылыстарын диагностикалау бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Есенбек Айдарбеков талдау, анықталған проблемалар, сараптамалық топтардың жұмыс жоспарлары және қойылған міндетті шешудің мүмкін жолдары туралы толығырақ айтып берді.

Оның айтуынша, нормативтерді зерттеу барысында ғалымдар бірінші кезекте құжаттардың әрекет ету мерзімінің ұзақтығын талдап, оларды «5 жылға дейін», «5 жылдан 10 жылға дейін» және «10 және одан да көп жыл» деген аралықтарға бөлді. Нәтижесінде құжаттардың 511-і (41%) 10 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келе жатқаны және халықаралық тәжірибе әрі заманауи әдістер мен технологияларды ескере отырып, өзектендіруді талап ететіні анықталды. Содан кейін нормативтік базаның сапалық құрамы талданды.

«Қолданыстағы халықаралық (ISO, EN), мемлекетаралық (ГОСТ), ұлттық (ҚР СТ), ведомстволық (ҚР РР, ҚР ТР), құрылыс нормалары (ҚР СН, ҚР СП) сынды нормативтік құжаттарды пайдалану барысында қайсыбірінің басымдылығын анықтау қиынға соғып жатады. Бұл өз кезегінде жолдарды жобалау мен олардың құрылысы барысында қателіктерге алып келеді», деді Е.Айдарбеков.

Енді жүргізілген талдау негізінде жұмыс топтары салалық нормативтік базаны оңтайландыру және үйлестіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуі тиіс, оларды биыл жаз айларында барлық мүдделі тараппен ашық форматта талқылау жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда жұмыс топтарының қатысушылары нормативтік-техникалық құжаттаманы оңтайландыру бойынша ұсыныстардың алдын ала тізімін жасады. Сарапшылар ең алдымен нормалар мен көрсеткіштердің қайталануын болдырмау әрі біртекті құжаттарды біріктіру қажеттілігін айта келе, сұранысқа сай келмейтін және өзектілігін жоғалтқан ҚР СТ күшін жою қажет деп санайды.

Есенбек Айдарбеков сондай-ақ ҚазжолҒЗИ өтінімі бойынша «Қазстандарт» РМК әлемдік тәжірибені зерделеу мақсатында бірқатар шет елден жолдарды жобалау, салу және пайдалану жөніндегі негізгі стандарттар мен әдістемелерді сұратқанын хабарлады. Институттың аудармашылары Германия, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Кореяның нормативтік құжаттарын аударуға кірісіп те кеткен. Алынған құжаттарды зерделегеннен кейін жұмыс топтары жол саласына қатысты отандық нормативтік-техникалық құжаттары құрылымының жоспарын құратын болады.

EL.KZ
Бөлісу: