ҚазҰУ қытайлық университетпен келісімге келді

1 Ақпан, 23:45 694

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ҚХР Ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ҚХР Ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының бас директоры Чжан Юаньминмен болашақта бірлесіп атқаратын жұмыстарды саралап, әріптестік бағыттарын дамыту жөнінде пікір алмасты.

Келісімде қоршаған орта және тұрақты даму ғылымдары саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту, оқу орындарындағы ғылыми орталықтар мен зертханаларды бірлесіп пайдалану қарастырылған.

Құжат, бұдан бөлек, оқытушылар мен студенттер алмасуға, біріккен академиялық кездесулер, симпозиумдар, ғылыми мектептер өткізуге, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруға мол мүмкіндік бермек.

Серіктес оқу орындарының мерзімді және ғылыми басылымдарында оқытушылар мен студенттердің мақалаларын, баяндамаларын және басқа да ғылыми еңбектерін жариялау, PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік ету үшін білікті ғалымдарды тарту мәселелері де қамтылған, - делінген мәліметте.

Келісім аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын, оның ішінде қосдипломды бағдарламаларды әзірлеу, ортақ ғылыми жобаларды іске асыру, халықаралық, қоғамдық, жеке қорлар мен ұйымдар жариялайтын гранттарға бірлесіп қатысу көзделген.

Екіжақты келісім Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті делегациясының Үрімжіге жұмыс сапары аясында жүзеге асты.

Кездесуден соң ҚазҰУ делегациясы Шыңжаң экология және география институтының мамандарымен пікір алмасып, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысты.

Перизат Саденова
Бөлісу: