«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов 2024 жылдың 6 айындағы қызметінің қорытындысы бойынша ҚМГ еншілес және тәуелді ұйымдарымен (ЕТҰ) кеңейтілген кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиналысқа «ҚазМұнайГаз» корпоративтік орталығының басшылық құрамымен бірге барлау және өндіру, тасымалдау, өңдеу және мұнай-химия, мұнай сервисі бойынша бизнес бағыттардың 45 еншілес компаниясы қатысты. Өндірістік жоспарларды, операциялық тиімділікті арттыру, ресурстық базаны толықтыру, энергиямен жабдықтау тұрақтылығын қамтамасыз ету, шығарындыларды азайту және шығындарды оңтайландыру, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы озық стандарттарға қол жеткізу жөніндегі іс-шараларды орындау мәселелері қаралды. Мұнай және газ барлау мен өндіру бағытындағы кеңесте Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалтуға ерекше назар аударылды. Негізгі міндеттердің бірі ‒ республика тұрғындарын қосымша газ көлемімен қамтамасыз ету үшін газ бағытын кешенді дамыту. ҚМГ алдында тұрған келешектегі мақсаты ‒ табиғи газ өндірісінің көлемін жылына ағымдағы 3,1-ден 6,7 млрд текше метрге дейін ұлғайту. Оған қол жеткізу мақсатында компания өткен жылы бірнеше газ конденсатты кен орындарын игеруге кірісті.
Отырысқа қатысушылар Каспий теңізіндегі Қаламқас-Хазар сияқты ірі жобаларды іске асыру кезінде қазақстандық қамтуды дамыту перспективаларын талқылады. Геологиялық зерттеулер жоспарын мерзімінде орындаудың және жаңа ұңғымаларды пайдалануға берудің маңыздылығы да атап өтілді. Өңдеу және мұнай-химия бағытында МӨЗ-ді кеңейтілген жөндеу аралық кезеңге көшіру жөніндегі шараларды тиімді іске асырудың, сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытының («ПКОП» ЖШС) және Ақтау битум зауытының («CASPI BITUM» БК ЖШС) өндірістік қуаттарын кеңейту жобалары бойынша белгіленген кезеңдерді сақтаудың маңыздылығына баса назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша А. Хасенов өндірістік ЕТҰ-ға алдағы кезеңде мұнай мен газ өндіру және мұнай өнімдерін шығару бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
ҚМГ Басқарма төрағасы операциялық шығындарды тиімді жоспарлау, инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру, еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік саласында жүйелі жұмыс жүргізудің қажеттілігін атап өтті.