"Қазір сондай болып кетті". Нұрлан имам домбыраны харам деген қызға жауап берді

8 Қыркүйек 2023, 16:43 5225

Белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы домбыраны харамға теңеген қызға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жалпы, қазір сондай болып кетті. Кейбір адамдарымыз шектен шығып, дінді теріс түсініп, өзінің ойына салып түсініп, салтымызды, санамызды, талай ғасырдан бері келе жатқан құндылықтарды аяққа таптап, домбыраны арам деп, оған тіл тигізіп жүр. Кезінде Абайды адасқан, Шәкәрімді шатасқан деп те айтты. Содан өттік пе дегенде, шетелдің, басқа да мемлекеттердің көшеде жүрген уағызшыларын тыңдағаннан туған үлкен қателік бұл, – дейді Нұрлан имам.

Осындай қателіктерге басқалар да ұрынбас үшін халық болып күресу керек екенін атап өтті.

Біз осымен ел болып, халық болып, күресуіміз керек. Жастар болып күресуіміз керек. Халқымыздың салт-дәстүрін сақтап қалуымыз керек. Домбыра, қырғыздың қомызы - бұл ұлттық аспаптарымыз. Керек десеңіз, діннің насихатталып, имандылықтың таралуына, сабырдың орын алуына, ата-ананы құрметтеуге алып келген бұл аспаптар. Себебі ата-бабаларымыз мұны жырмен, термемен жеткізген. Дәрежесі - ұлық. Сондықтан "нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра, – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Айта кетейік, орамал тартқан белгісіз қыздың  домбыра тартуды күнә екенін айтқан бейнежазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Аталмыш видеоға қатысты белігілі айтыскер Айшолпан Тілеутай ойын бөлісті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: