Қазір қандай кітаптарға сұраныс жоғары?

6 Қараша, 17:40 390

Оқырман қауым үшін кітап тек білім көзі емес, рухани байлық, мәдени мұра және адами құндылықтардың қайнар көзі іспеттес. Халқымыз ғасырлар бойы ұлттық және шетелдік әдебиеттерді, заманауи авторлар мен классиктердің еңбектерін сүйіп оқып келеді. Осылайша әр ұрпақ кітап арқылы тарихты танып, болашаққа бағыт алуда. Ендеше, мақаламыздың бүгінгі санында Қазақстанда ерекше оқылатын басылымдар мен қазақ әдебиетінің асыл мұраларын қарастыруды жөн санадық. 

Елімізде қанша адам кітап оқиды?

Қазақстандық ұлттық электронды кітапханасының ақпараты бойынша ең белсенді оқырмандар – жастар, яғни олардың үлесі 51%-ды құрайды. Қалған 27%-ы профессорлар, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер және түрлі сала мамандары.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сәйкес, оқырмандар арасында ең танымал әдебиет – салалық әдебиет (философия, медицина, математика, өнер және тағы да басқалары) 69%-ды құрайды, ал көркем әдебиет 31%-бен екінші орында тұр.

Статистикаға сүйенсек, медицина тақырыбындағы кітаптарды 23059 оқырман сұраған, психология бойынша – 6918, дін тақырыбында – 2305, ал география саласы бойынша 12105 оқырман қызығушылық танытқан. Сонымен қатар көркем әдебиет те кітапхана оқырмандары арасында жоғары сұранысқа ие.

Көркем әдебиетті жанрлар бойынша бөлсек, романдар 33%-ды, детективтер 19%-ды, тарихи беллетристика 15%-ды, қиял-ғажайып 13%-ды, шытырман оқиғалы жанр 12%-ды, ал балалар әдебиеті 8%-ды құрайды. Электронды кітапхананың деректеріне сәйкес, осы жылдың бірінші тоқсанында оқырмандар кітаптарды 1 331 503 рет, мерзімді басылымдарды 178 623 рет, авторефераттар мен диссертацияларды 81 524 рет, аудио-бейне құжаттарды 24 492 рет жүктеп оқыған және сайтқа әлемнің 102 елінен пайдаланушылар кірген.

Қазақстандық жастар жылына орташа есеппен 10-12 кітап оқиды. Олар ХХ ғасыр мен қазіргі заманғы балалар жазушыларының шығармаларын сүйіп оқиды. Жастар арасында жауап берген респонденттердің көпшілігі кітапты жиі оқитынын атап өткен: олардың 55%-ы білім алу үшін, 5%-ы оқуды міндет деп қабылдайды, ал 40%-ы кітап оқуды ұнатады.

Қазақстандағы сұранысы жоғары танымал кітаптар

Қазақ тіліндегі ең көп сатылатын кітаптардың көшін Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» бастайды. Бұл танымал шығарма Қазақстанда өткен жылы да ең көп сатылған кітаптың бірі болды. Шығарма жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, ол өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Жазушының бұл туындысы – қазақ халқының рухани байлығына айналған. Ол 45 қара сөзден тұрады. Кітапта ақын адамгершілік, білім, еңбек және жауапкершілік сияқты ұлы құндылықтарды дәріптейді. Абайдың ойлары мен насихаттары қазіргі қоғам үшін де маңызды, сондықтан бұл кітапты жас ұрпақ та, үлкендер де сүйсініп оқиды. «Қара сөздер» ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде оқырмандарға бағыт-бағдар көрсетіп, рухани дамуға жетелейді.

Тағы бір сұранысқа ие шығарма – Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты үш кітаптан тұратын тарихи эпопеясы. Бұл шығарма қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейге көтерілген үздік туындыларының қатарында. Ілияс Есенберлин бұл шығармасын партиялық идеологияның қатаң ықпалы кезінде жазған. Трилогияның құрамына «Алмас қылыш», «Жанталас» және «Қаһар» атты бөлімдер кіреді.

Шығарманың оқиғасы XV–XIX ғасырлар арасындағы Қазақ хандығының тарихын қамтиды. Мұнда қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы, ел басқарған хандардың күресі, Отанын қорғау жолындағы батырлар мен ақын-жыраулардың рөлі суреттеледі. Бұл шығарманың кейіпкерлері Шыңғыс хан дәуірінен бастап, Кенесары ханға дейінгі қазақ тарихындағы маңызды тұлғалар. Аталған кітапта қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен батырлар, ел мен жердің болашағы үшін жанын пида еткен хандар мен халықтың мұңын жеткізген ақын-жыраулардың бейнелері айқын көрінеді.

Ал «Кемел адам» кітабының авторы Қайрат Жолдыбайұлы идеалды адамның қасиеттері мен ерекшеліктерін жан-жақты түсіндіре отырып, оқырманын кемелділікке жетуге шақырады. Кітаптың әр бөлімі тұлғалық дамудың әр аспектісін қарастырады.

Бірінші бөлімде кемелденудің психологиялық кедергілері түсіндіріліп, осы кедергілерді жеңу жолдары ұсынылады. Екінші бөлімде денсаулықтың маңыздылығы, оның сақталу жолдары мен денсаулықты күту әдістері баяндалады. Үшінші бөлім уақытты тиімді пайдалану мен жоспарлау әдістерін ұсынады, бұл тәсілдер адамның мақсаттарына жетуі үшін өз уақытын қалай дұрыс бөлу керегін үйретеді. Төртінші бөлім қаржылық сауаттылыққа арналып, тапқан табысты тиімді жұмсаудың жолдары түсіндіріледі. Бесінші және алтыншы бөлімдер эмоциялық зерде мен қарым-қатынас қағидаларына арналған. Мұнда байсалдылықты сақтап, өз сезімдерімізді басқару мен адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатудың әдістері ұсынылады.

Әр бөлімде мысалдар мен рухани қағидалар келтіріліп, оқырманды тұлғалық дамуға жетелейтін маңызды ережелер мен тәсілдер беріледі. Сонымен қатар кітапта тұлғалық дамуды жүзеге асыру үшін арнайы «Кемел адам күнделігі» ұсынылады, ол оқырманға күнделікті өмірде осы әдістерді қолдануға көмек көрсетеді.

«Бейсен және болмыс» кітабы соңғы уақытта үлкен сұранысқа ие болды. Бұл туынды журналист Бейсен Құранбектің өмірі мен философиясын зерттеуге арналған. Автор Санжар Керімбай Бейсеннің өмірінен мысал келтіре отырып, экзистенция мен логотерапия психологиясын түсіндіруге тырысады. Кітап адам болмысының мәнін, өмірдегі мақсатын қалай табуға болатынын талдайды.

Аталған кітап философия мен тұлғалық даму тақырыбына қызығатын оқырмандар арасында танымал болып отыр, себебі ол терең ой салатын және жан-жақты пікірталастарды қозғайтын шығармашылық туынды.

Оқырман қанша оқыса да жалықпайтын Бауыржан Момышұлының балалық шағын және өскен ортасын суреттейтін өмірбаяндық шығармасы – «Ұшқан ұя» мемуарлық романы. Романда қазақ ауылының тұрмысы, салт-дәстүрлері, өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымы терең әрі байыпты түрде бейнеленеді. Сондай-ақ 1916 жылғы көтеріліс пен күштеп ұжымдастыру кезіндегі халықтың бастан кешкен қиыншылықтары ашық айтылады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары да кеңінен қамтылып, халықтың тағдыры мен тарихы туралы нақты деректер беріледі. Жазушы қарапайым еңбек адамдарының арасындағы қарым-қатынасты, олардың достығын және түрлі ұлт өкілдерінің өзара бірлігін көрсету арқылы үлкен әлеуметтік мәселелерді қамтиды.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы – әлеуметтік және психологиялық талдаудың терең ұштасуынан туған шығарма. Бұл туындыда елдің, халықтың әлеуметтік тағдыры, олардың күрделі өмірі мен қайшылықтары шынайы бейнеленген. Уақыт өтсе де, шығарманың өзекті мәселелері мен заманауи маңызы сақталып келеді.

Трилогияның әрбір бөлімі – «Ымырт» (1961), «Сергелдең» (1964), және «Күйреу» (1970) – ауыртпалыққа толы кезеңдерді бейнелейді. Оқиғалардың өрбіген сайын, төбеден жарқырап тұрған күнді сирек кездестіреміз. Тыныштық туа қалса, кейіпкерлерді жаңа сынақтар күтіп тұрады. Бас кейіпкер Еламан да шығарма бойы өз тағдырымен күресіп, үнсіз, тұнжыраған күйде қалады. Бірақ соның өзінде де туған өлкеге деген шексіз сүйіспеншілік, патриоттық сезім ерекше орын алады.

Әбдіжәміл Нұрпейісов өз халқының мінезін, дархан даласын, бай тарихын шебер суреттеген. Жазушының туған жерге, халқына деген сүйіспеншілігі әрбір бетте көрініс тауып, оқырманды елдің рухани кеңістігіне еріксіз жетелейді.

Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі соғыстан кейінгі ұрпақтың қайғылы тағдырын бейнелейтін шығарма ретінде көрінгенімен, тереңінде мінездері әртүрлі адамдардың жан дүниесіне үңіледі. Үлкен өмірде тағдырлары тоғысқан, қиын әрі қауіпті тапсырманы орындау жолында сапарлас болған екі жігіттің арпалысы мифтік сарынмен өрілген. Шығарма оқиғалары оқырманды қызықтырып, соңында не болатынын тағатсыздана күттіреді. Повесть балалар мен жасөспірімдерге, сондай-ақ қиял әлемінен қол үзбеген ересектерге арналған.

Көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев 1992 жылы жарық көрген «Өтті дәурен осылай» атты естелік-эссесін қайта қарап, оқырмандардың сұранысына сай толықтырулар енгізіп, кітаптың атауын «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп өзгертті. Бұл еңбегінде Дінмұхамед Қонаев тек өз өмірінің белгісіз беттерін ғана емес, өз заманының ірі тұлғалары – Сталин, Маленков, Булганин, Хрущев, Косыгин, Брежнев, Андропов, тіпті Горбачев жайлы көпшілікке беймәлім сырларды ашады. Сондай-ақ Қазақстанның елу жылдық экономикалық, мәдени, әлеуметтік тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттап, сол кезеңдегі ел ағалары туралы да ой қозғайды.

Автор кезінде жылы жауып қойылған Теміртау оқиғасы, Семей полигоны, Арал мәселесі, Желтоқсан көтерілісінің зардаптары секілді маңызды тақырыптарға тоқталып, тілге, дінге, ұлттық санаға қатысты көкейтесті сұрақтарды көтереді. Сонымен бірге кеңес өкіметінің күйреу себептерін талдап, қазіргі экономикалық дағдарыстан шығу жолдары туралы пікір білдіреді.

Бұл кітап қалың оқырманға арналып, қазақ халқының ұлттық сана-сезімі мен салт-дәстүріне терең ой салады және тарихи шындықты түсінуге ынталандырады.

Дулат Исабековтың «Қарғын» романы – 1980 жылы жарық көрген, қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған ерекше туынды. Шығармада басты кейіпкерлер Жасын мен Бағиланың арасындағы ерекше қарым-қатынас пен терең сезім суреттеліп, махаббат пен сенімнің, парасат пен арманның күресі шебер көрсетіледі. Роман оқырманды ішкі тебіреніс пен рухани ізденістерге жетелеп, сан алуан сауалдар тудырады.

«Қарғын» – оқырманның жан дүниесін терең ойға жетелейтін, рухани өзгерістерге бастайтын шығарма. Адам жанының құпия сырларын аша отырып, өмірдің мәнін, қарым-қатынастың нәзік қырларын, адами құндылықтарды терең түсінуге мүмкіндік береді. Әсіресе, жастар арасында кең танымал болған бұл роман көпшілік оқырманға арналған.

Марғұлан Сейсембай есімі аталғанда бірден жетістік, бизнес және тиімді жоспарлау ойға оралады. Forbes Kazakhstan тізіміне енген кәсіпкер өз бизнесінде қиындықтарға тап болып, бар байлығынан айырылғанымен, «бақыт неден тұрады?» деген сұраққа жауап тапқан жандардың бірі болып қалды. «Бизнес пен өмір туралы» кітабында баспагер Бақытжан Бұқарбай Марғұлан Сейсембайдың өмір мен бизнес саласындағы ең маңызды тәжірибелерін жинақтап, жүйелеп, оқырманға ұсынады. Туынды үздіксіз даму мен бақытты болуды мақсат тұтқан жандарға арналған.

Түйін: Қазақстандағы кітап оқу мәдениеті мен әдебиетке деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларынан бастап, қазіргі заманғы авторлардың туындыларына дейін әр кітап оқырманға жаңа ой салып, олардың дүниетанымын кеңейтеді. Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» сияқты ұлттық мұралар мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» сияқты тарихи туындылар қазіргі қоғамда өзектілігін жоғалтпай, жастарға рухани бағыт-бағдар беруде маңызы зор. Сонымен қатар, тұлғалық даму мен қоғамға пайдалы өзгерістерге ұмтылуға шақыратын заманауи шығармалар да көпшіліктің назарында. Оқырман үшін кітап оқу – тек ақпарат алу ғана емес, өзін-өзі жетілдірудің, өмірді түсінудің және қоғамға үлес қосудың тиімді құралы болып қала береді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: