Қазір әскер балабақша болып кеткен - Айдос Сарым

2 Қыркүйек, 14:44 778

Еңбек демалысынан соң өңірдегі әскери бөлімшелерді аралаған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазір әскердегі ахуал басқа екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Қазақстан әскеріндегі қылмыстың саны жылдан жылға азайып келеді.

Кейбір біздің сарапшылар немесе интернеттегі белсенділеріміз айтқандай, әскерде күнде бала қырылып жатқан жоқ. Әрбір болатын факт, ол – үлкен трагедия және резонансқа айналған дүние. Сондықтан тергеуді күшейту керек. Жауаптылар жазасын тартсын. Президент атап өткендей, жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті. Бірақ біз көлік жүргізуге тыйым салу керек немесе қала сыртына шығармау керек деп жатқан жоқпыз. Сол сияқты барлығына байыппен қарап, зерттеу керек. Біз Парламентке күштік құрылымдардың басшыларын жинап, бұл туралы тағы да көтереміз. Егер заңдық тұрғыда мәселе болатын болса, онда заңды шығаруға әзірміз. Меніңше мәселе заңда емес. Өкінішке қарай, балалар көп жиналатын жерде әлімжеттік болып тұрады. Мектепте де және басқа орындар да әлімжеттік бар. Бірақ ешбір ел бұл жағдайдан түбегейлі арылған жоқ, - дейді мәжілісмен.

Айдос Сарым қазіргі таңда әскерде әжетханалардың ішіне дейін бейне бақылау камераларын орнатып қойған.

Жақында өзім әскери бөлімшелерді барып аралап келдім. Еліміздегі әрбір жағдай қоғамдық резонансқа тап болып жатыр. Бұл бір жағынан жақсы. Себебі осындай жағдайлар біздің офицерлерді, генералдарды белгілі бір формада ұстайды, арқасын кеңге салуға мүмкіндік бермейді. Осы тұрғыда қоғамдық бақылау туралы заңға арнайы бап енгізген болатынбыз. Бұрын әскерде борышын өтеген азаматтардың өзі «қазір әскер балабақша болып кеткен» деп айтып жатыр. Мінекей, күресудің жолдары осы. Ашықтық пен бақылау бар. Қоғамда не болып жатыр, әскерде сол жағдай орын алады, - деп түсіндірді депутат.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет екенін атап өтті.

Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты, - деді президент.

Миражан Махан
Бөлісу: