Қажетіңізді несиеге, бөліп төлеуге алған қаншалықты дұрыс?

4 Ақпан 2023, 14:00 2118

Қаржы маманы қаржылық сауаттылықты арттыру үшін кеңес берді

Қаржылық сауаттылықты меңгере білу – жарқын болашақтың кепілі десе де болады. Себебі адам тапқан табысының есебін жүргізбей, қаржыны қажетіне қарай бөлмеген жағдайда ол жан-жаққа таралып, болмашы затқа жұмсалып кете береді. Соның кесірінен халық тіпті кейде қарызға белшесінен батып, артынша одан құтыла алмай әлек болып жатады. Мұндай қиындыққа тап болмас үшін алдымен адам қаржылық сауаттылығын арттыруы қажет. Қаржыны дұрыс әрі тиімді ұстаудың әдіс-тәсілін білу үшін қаржыгер маман Перизат Бауыржанмен сұхбаттастық.

- Еліміздегі қаржылық сауаттылық қаншалықты дұрыс қалыптасқан?

- Қаржылық сауаттылық дегеніміз – біріншіден, келген ақшаны басқару. Екіншіден, оны дұрыс жұмсай білу. Үшіншіден, қаржыны сақтап қалу. Егер аталған осы үш ережені сақтасаңыздар, қаржылық жағынан ешқандай да қиындық болмайды. Адам тапқан ақшасының тиынына дейін қайда жұмсап жатқанын білсе, қарызсыз өмір сүретін еді.

Соңғы статистикаға сүйенер болсақ, халықтың қаржылық сауаттылығы 30 пайызға арта түскен. Ол тек ересектерге ғана емес, балаларға да қажет. Себебі бала ата-анасының күнделікті жұмсауға берген қаржысының қайда кетіп жатқанын білуі тиіс. Оған ақшаның оңай келе салмайтынын айтып, қадірін ұғындыру керек. Ата-ана бұл іс-әрекетімен баланың қаржыны жүйесіз жаратуынан сақтайды.

- Ақшаны оңды-солды шашпай жұмсауды қалай үйрену керек?

- Кез келген адамның жасайтын ең бірінші қателігі – ақша жаратудың жоспарын құрмау. Сондықтан да тапқан қаржының қайда кетіп жатқанын білмей де қалып жатасыз. Мысалы, мен 2023 жылы баспаналы болуды мақсат етіп қоятын болсам, оның алғашқы жарнасын жинауым қажет болады. Осылай керегімді алдын ала ойлап, ақша жинайтын болсам, қалағаныма қол жеткізе аламын. Сол үшін алдымен жоспар құрып алып, оны мақсатқа, артынша әрекетке айналдыру керек.

- Қажеттілігіңді несиеге немесе бөліп төлеуге (рассрочка) алу қаншалықты дұрыс?

- Ұлттық банктің жасаған соңғы статистикасына сәйкес 2022 жылы бөліп төлеу әдісіне 12 000 адам өтініш тапсырған. Соның 50 пайызы мақұлданған. Бұл қарызы көбейген халықтың саны өсті деген сөз. Мысалы елімізде 9-10 миллион адам жұмысқа жарамды болса, оның 8 миллионында несие бар. Шамамен 1,5 миллионының төлеуге шамасы жетпей қиналады.

Бұл бөліп төлеу әдісінің артықшылығы бір шұғыл қажет затты бірнеше айға алу мүмкіндігінің берілуі. Екінші бір жақсы жағы, алған дүниеңіздің ақшасы толық төленбесе де бірден пайдалана беруге болады. Ал үшінші жағынан көп құжатты жинап әуре болмайсыз.

Енді кемшіл тұсына тоқтала кетер болсам, қажет емес затты қарызға үсті-үстіне ала беру. Естеріңізде болсын, бөліп төлеу – тегін деген сөз емес. Сондықтан банк үстеме пайызсыз бөліп төлеуге бере береді екен деп кез келген дүниені ала берудің қажеттілігі жоқ.

- Ақшаны жеткізу үшін қалай және неден үнемдеу қажет?

- Бай деп ақшасы көп емес, қаржысын сақтай білген адамды айтады. Мәселен, бір адам «Мен 100 мың теңге айлық аламын. Оны не үшін жазып, бөліп, жоспарлауым қажет? Бәрібір ештеңеге жетпейді ғой» деуі мүмкін. Бірақ сіз қанша ақша тапсаңыз да қолыңызға қағаз бен қалам алып, кірісіңіз бен шығысыңызды ай сайын жазып отыруыңыз қажет. Содан 1 ай өткен соң шығысыңызды есептеген кезде 40-50 пайызы болмайтын заттарға кеткенін аңғарасыз. Ақшаны осындай тәсілмен есептеп, басқарып отырсаңыз. табысыңыз сізге жеткілікті болады.

- Ай сайын келіп түсетін қаржының қандай да бір бөлігін алып қалып, жинап отыру керек дегенді жиі естіп жатамыз. Ол жалақының шамамен қанша бөлігі болуы керек? Оны депозитке салғанымыз жөн бе?

- Адамға бастапқыда қаржылық сауаттылығы мен шығындарын реттегенше кем дегенде 3 пайыз кіріс кіреді. Сол ақшаны көзді жұмып бірден депозитке салу керек. Сіздің ай сайынғы табысыңыз қаржылық еркіндікке жетуі үшін депозитке салып отыратын белгілі бір бөлігін 12 айға көбейтуіңіз қажет. Кез келген жағдай орын алып, шұғыл қаржы қажет болған кезде осы депозиттегі ақшаның көмегіне жүгіне аласыз.

- Қаржылық шығынға ұшырамас үшін не істеу қажет?

- Артық ақшаны жұмсамас үшін үйдегі заттарыңызды бір қарап, тексеріп шыққаныңыз жөн. Егер киім-кешегіңіз, азық-түлігіңіз жеткілікті болып тұрса, оны артығымен алудың еш қажеті жоқ. Көшеден тамақ ішіп, көп ақша құртпаңыздар. Дүкенге барған күннің өзінде алатын заттарыңыздың тізімін құрап, жұмсалатын ақшаны бөліп қойыңыз. Егер адам өзіне шектеу қоя білетін болса, артық шығын жұмсаудан құтылады.

- Қаржылық сауаттылықты қалай арттыруға болады?

- Сіз кіріс пен шығысыңызды есептеп, жаза бастаған кезден бері қаржылық сауаттылығыңызға көңіліңізді бөлесіз. Күнде не нәрсеге қанша ақша құртқаныңызға дейін жазған сәтте қаржыңызды басқара аласыз. Кірісіңізден гөрі шығысыңыз асып кетіп жатқан жоқ па, соны да ескере кеткен жөн. Отбасылы болсаңыз, балаларыңыз қанша ақша беріп, жұмсап жатқаныңызды да бақылау өте маңызды.

Зәулім үй бір кірпіштен бастап құрылса, теңге тиыннан құралады. Егерде сіз қазірден мүлдем ақша жинамасыңыз, болашақта өзіңіз қаржыдан қысылып қалуыңыз әбден мүмкін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: