"Қазфосфат" зауытындағы жұмысшылардың жалақысы өсетін болды

29 Қараша 2022, 12:24 912

Бұдан бөлек, компания қызметкерлеріне 4 шипажаймен келісімшарт жасалады

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Казфосфат" ЖШС қызметкерлерінің жалақысына 50 мың теңге, 1 шілдеден бастап тағы 30 мың теңге қосылады, деп хабарлады El.kz ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Осы жылдың 23 қарашасында "Қазфосфат" ЖШС-дегі наразылықтан кейін облыс басшылығының, тиісті мекемелердің және серіктестік қызметкерлерінен жұмысшы топ құрылып, кездесулер өтті.
 
Кездесулер барысында жұмысшылар тарапынан еңбек қатынастары бойынша 14 мәселе көтерілген. Олардың қатарында іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, айлықты көтеру, емдеу-сауықтыруға қаражат қарастыру, цехтардағы зиянды жұмыстар бойынша теңсіздікті қарастыру, арнайы жұмыс киімді мерзімінде ауыстыру және сапасын жоғарылату, жұмысшыларды тасымалдау орындарын ұлғайту, жақсы әрі сыйымды көліктермен қамту және тағы басқа мәселелер бар.
 
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, компания басшылығы бұл мәселелерді бұған дейін де назарға алып, орындауды жоспарлап отырған.
 
"Жұмысшыларға іс-қағазды өздеріне қолайлы тілде ұсыну мәселесі қатаң бақылауға алынатын болды. Сонымен қатар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Казфосфат" ЖШС қызметкерлерінің жалақысы 50 мың теңгеге, 1 шілдесінен бастап 30 мың теңгеге көтеріледі және 2024 жылдан бастап шынайы инфляция құнын ескере отырып, жалақы көлемі жыл сайын өседі", - делінген хабарламада.
Айта кетері, зауыт жұмысшыларының жалақысы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10%-ке, 1 шілдесінен бастап 15%-ке өскен болса (орташа 216,5 мың теңге), 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да 10%-ке және 1 шілдеде 10%-ке көтерілген. Бүгінгі күні орташа айлық көлемі 255,9 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар биылғы желтоқсан айында 13-ші айлық жалақы 100% көлемінде барлық қызметкерге беріледі.
 
Бұдан бөлек, компания қызметкерлерін емдеу-сауықтыруға жіберу бойынша келесі жылдан бастап 4 шипажаймен келісімшарт жасалады. Қазіргі таңда "Казфосфат" ЖШС цехтарында зиянды жұмыстар бойынша өтемақы төленіп келеді. 2023 жылдан бастап барлық өндірісітік цех қайта аккредитациядан өтіп, заңнама талаптарына сәйкес цех жұмысшыларына зиянды жұмыс жағдайы бойынша өтемақы жаңадан бекітіледі.
 
Алдағы уақытта зауыт жұмысшыларының арнайы киім және аяқ киімінің сапасы қайта қаралады. Сондай-ақ 2023 жылдың қаңтар айынан қосымша жаңа автобустармен жұмысшыларды тасымалдау мәселесі шешіледі. Осы және басқа да мәселелер жедел әрі кезең-кезеңімен шешу бойынша шаралар қабылданады.
EL.KZ
Бөлісу: