«ҚазАвтоЖол»: барлық бағыт бойынша жолдар ашық

«ҚазАвтоЖол»: барлық бағыт бойынша жолдар ашық

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, бүгінде Қазақстан аумағындағы барлық бағыттағы автожолдар көлік қозғалысы үшін ашық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

2025 жылғы 7 қараша таңғы сағат 08:00-дегі жағдай бойынша бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты жабылған республикалық маңызы бар бірқатар трассаларда қозғалыс қайта қалпына келтірілді. Атап айтқанда:

«Астана- Шідерті - Павлодар - Успенка - Ресей шекарасы» автожолының 16–200-шақырым аралығы (Астанадан Павлодар облысының шекарасына дейін);

«Астана – Ерейментау - Шідерті» автожолының 200- 254 шақырым бөлігі (Ақмола облысы шекарасынан Шідерті ауылына дейін).

Компания өкілдері жүргізушілерге «112» құтқару қызметінен келетін ескерту хабарламаларына назар аударуды және ауа райы нашарлаған жағдайда елді мекендерден ұзақ сапарларға шықпауды ұсынды.

Ауа райына байланысты ескерту

Синоптиктердің болжауынша, 2025 жылғы 7 қарашада Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Абай, Қарағанды және Павлодар облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, кей өңірлерде тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.

Сондықтан жолға шыққан азаматтарға жылдамдықты шектеу ережелерін сақтап, қауіпсіз қашықтықты ұстану және ауа райының күрт өзгеру ықтималдығын ескеру ұсынылады.

- Жүргізушілерге жол қозғалысы кезінде барынша сақ болуға, ауа райының қолайсыздығы кезінде жолға шықпауға кеңес береміз, - делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.