«Қазақтың жауы қазақ болған» деген түсініктен құтылуымыз керек - Алаш ардақтысының ұрпағы

31 Мамыр 2023, 10:30 3476

Қазақстанда 1997 жыл­дан бері жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясатынан миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тұтас халықтар қудалауға түсті. Олардың арасында Алаш ардақтыларының бірі Қошке Кемеңгер де бар. Осы ретте атасының есімін өшірмей, болашақ ұрпаққа насихаттап жүрген оның немересі Қайырбек Кемеңгер. Омбы өңірінің тумасы, ақын, тарихшы Қайырбек Кемеңгер мен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі әңгімелесті. 

Еl.kz: Сіз Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының тікелей ұрпағысыз. Ол заманда алаштықтардың өзін ғана емес «халық жауының ұрпағы» деген жала отбасы мен ағайын-туысын да айналып өткен жоқ. Бұл қиындықтарды аталарыңыз қалай бастан кешті?

Қайырбек Кемеңгер: Біз бала күннен ата-әжелеріміздің әңгімесін тыңдап, олардың зұлмат жылдарда қиындық көргенін естіп өстік. Қошке Кемеңгерұлының артында үш перзент қалды: Зайра, Сәуле есімді екі қыз және біздің атамыз Нарманбет. Ұлы әжеміз Гүлсім Жәмиқызы 1937 жылы, 33 жасында жесір қалды. Қасіретті жылдардың шындығы ата-әжелеріміздің естелігінде сақталған. Әсіресе Қошке Кемеңгерұлының үлкен қызы Зайра апамыздың естеліктерінде ауыр жылдар бейнесі анық жазылады. Сәуле Қошкеқызы 1993 жылы дүниеден озса, Зайра апай бертінге дейін жасады.

Қайырбек Кемеңгердің жеке архивінен

Нарманбет атамыздан Гүлнар, Қаршыға есімді екі қыз және әкеміз Ризабек тарайды. Бала күнімізден Нарманбет атамыз бен Қапиза әжеміздің бауырында өстік. Олар қуғын-сүргін жылдардағы қасіретті әңгімелерінде айтып отыратын. Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы Омбы жерінде қалды. 1930 жылы абақтыға қамалған Қошке бабамыз екі жыл Алматының түрмесінде болды. Кейін Алаш қайраткерлерінің қатарына Воронеж облысына жер аударылады. 1935 жылы айдалу мерзімі аяқталғаннан кезде Қазақстанға келуге рұқсат болмаған соң, Омбы маңына тұрақтады. Омбының Шарбақкөлінде Қошке Кемеңгерұлының нағашы жұрты мекен етті. Ата-бабасының шыққан жері қасиетті Баянауыл топырағы болса да, Қошкенің туып-өскен, білім алған мекені Омбы жері еді.

Өмірінің соңғы жылдарында Омбы облысының Шарбақкөл ауданында дәрігер болып қызмет атқарған Қошке Кемеңгерұлы 1937 жылы 7-ші тамызда екінші мәрте тұтқындалып, 21 қарашада Омбы қаласында 41 жасында оққа ұшты. Міне, осыдан кейін Қошкенің жұбайы Гүлсім әжеміз үш перзентімен ағайын-туысқанның босағасында қалды. 1942 жылы Гүлсім әжеміз де қуғын көріп, Свердов облысының «Волчанстрой» лагеріне айдалып кетті. Бұл уақытта Зайра апамыз 16, Нарманбет атамыз 15, Сәуле апамыз 14 жаста еді. Әлі буындары бекімеген, есейе қоймаған шақтары. Осындай қиын кезеңде Қошкенің отбасына ағайын-туыстары көмектесті. Соның ішінде ерекше бір құрметпен айтатын жағдай – Қошкенің немере ағасы Әлмағанбеттің еңбегі. Ол кісі де Кемеңгердің ұрпағы. Кемеңгерден – Дүйсенбай мен Дүйсебай, Дүйсенбайдан – Әлмағанбет, Дүйсебайдан – Қошмұхамбет тарайды. Туысы Әлмағанбет «Менің жаным Қошкеден ардақты емес» деп өз үйінің бір бөлмесін Қошке Кемеңгерұлының отбасына бөліп береді. Соғыс жылдарында Қошкенің отбасы Әлке атамыздың үйінде тұрады. Алдымен Зайра апамыз Омбыға барып, Қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Артынан Нарманбет атамыз да Омбыдағы училищені бітіреді. 16-17 жастан ауылда мұғалім болып, өмір сүруге бейімделіп, алға ұмтылып, ержетеді.

Қайырбек Кемеңгердің жеке архивінен 

Соғыстың бітуіне байланысты Гүлсім әжеміз рақымшылыққа ілігіп, 1946 жылдың аяғында елге оралады. Бірақ ол кезде Қошке Кемеңгерұлы әлі ақталмаған еді. «Халық жауының отбасы», «халық жауының баласы»  деген айып арылмаған болатын. Нарманбет атамыз 1948 жылы өзімен бір сыныпта оқыған әжеміз Қапизамен отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Бізді түп негізі Баянауыл жерінен Қапиза Қадірқызы әжеміз өсіріп бақты. Нарманбеттен – Гүлнар, Ризабек, Қаршыға есімді екі қыз, бір ұл өмірге келді. «Халық жауының ұрпағы» деген жаланы ауыл-аймақта жүргенде көп сезе қоймады. Десе де, бұл кісілердің партияға қатарына өтуі, болмаса қызметте жоғарлауы деген сияқты жағдайда қиындықтар туындады. Оны өздері де айтатын. Бірде атамыз санасы төмен бір адаммен сөзге келіп қалады. Сонда жаңағы кісі «Сенің әкеңнің кім екендігі, Алаш орданың ұрпағы екеніңді елдің барлығы біледі» деп атамызды райынан қайтарғысы келеді. Намысына тиетін ауыр сөз айтады. Арада талай жыл өтсе де, Нарманбет атамыз сол жағдайды ұмыта алмайды.

Еl.kz: Алаш ұрпағы, және Алаш мұрасын зерттеуші ретінде мынаны айтыңызшы. Алаш зиялыларына мемлекет және қоғам тарапынан дұрыс баға берілді ме?

Қайырбек Кемеңгер: Баға беріліп жатыр ғой. Алашты ел тануда. Мысалы заманында Қошке Кемеңгерұлының есімі көппен бірге газет-журналда аталып жатса, соның өзіне Нарманбет аталарымыз қуанып, тебіреніп, риза болатын. Бүгінде Қошкенің есімін, Құдайға шүкір, көзі қарақты оқырман, зиялы қауым таниды. Мен бір ғана Қошкені айтып жатырмын. Зерттеушісін, іздеушісін күткен талай тұлағалар бар. Тұтастай алғанда, насихат жұмыстары әлі де жүргізілу керек. Алашты біз кең көлемде танытуымыз қажет. Бұл бағытта түрлі жұмыстар жасалуда. Қоғам алаш арыстарына өзінің оң бағасын беріп қойған. Қазір Алашты қалың қауым қолдайды деп ойлаймын. Себебі қазақ болып, мемлекет болып сақталуымыз үшін біз Алашқа ораламыз. Алаш – біздің темірқазығымыз.

Алайда кейде Алаш мұрасын дәріптеуде көңіл толмайтын жағдайлар да кездеседі. Оны Алаш қайраткерлеріне берілген көшелерден де байқаймыз. Мәселен Алаш арыстарының көбіне көше аттары Астананың шет аймақтарынан бұйырды. Ахмет Байтұрсынұлының көшесі қаланың шетінде болды. Көптің мәселе көтеруімен Ахаңның көшесі қазіргі Әзірет Сұлтан мешітінің қасынан жаңа темір жол вокзалына қарай бағытталған үлкен көшеге ауыстырылды. Әлихан Бөкейханның да көшесі солай болды. Бұрын шағын ғана көше болып еді. Кейін Алаш көсеміне көше сол жағалаудан берілді. Неге сол жағалаудағы үлкен даңғылдарды Алаш қайраткерлеріне бермейміз? Бұл мәселе де бізді толғандырады.

Қайырбек Кемеңгердің жеке архивінен

Әлихан Бөкейханның ескерткіші Қаламгерлер аллеясына қойылды. Әлихан – жан жақты тұлға. Әдеби шығармашылықпен де айналысқан. Жазған шығармалары, аудармалары бар. Бірақ Әлихан – алдымен ұлт-азаттық Алаш қозғаласының көсемі ғой. Сол себепті біз Әлиханға жеке еңселі ескерткішті есімімен аталатын көшеге қойсақ жарасар еді.

Мағжан Жұмабайұлына Астанада әлі күнге дейін ескерткіш жоқ. Мағжанға ескерткішті түрік бауырларымыз Анкара қаласының төрінде қойған. Осындай жағдайларды ойлағанда, әлі де Алашқа дұрыс баға берілмей жатыр деп ойлаймыз. Оны алаштанушы мамандар, қоғам белсенділері, журналистер айтады. Бірте-бірте бұл бағытта да жағдай жақсарады деп сенеміз.

Еl.kz: Осы күні Алаш тарихын зерттеп жүргендердің саны көбейіп келе жатыр. Олардың жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

Қайырбек Кемеңгер: Алашты зерттейтіндер көбейіп жатқандығы қуантады. Себебі Алаш дегеніміз – ұлтты, елді және өз-өзімізді тану, тәуелсіздікке, елдікке қызмет ету. Алаш дегеніміз – ұлттың ұйысуы, ұлт рухының жаңғыруы, тарихи тұлғалардың тірілуі. Мұның барлығы тәуелсіздікке қызмет ететін жағдай. Бұл орайда сын айту қажет емес. Жалпы жер-жерде институттар, қоғамдық қорлар жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың көбісінен хабардармыз. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстарға тілектеспіз.

Еl.kz: Бүгінгі зерттеушілер қай тақырыпқа үңіле алмай жатыр? Халыққа қандай шындықтар әлі жеткен жоқ?

Қайырбек Кемеңгер: Бұл да үлкен философиялық сұрақ. Әркімнің өз шындығы бар ғой. Шындық айтылып та жатыр. Тегінде қазақтың жауы қазақ болған жоқ, қазақты қазаққа айдап салған заман және саясат кінәлі деген ұстанымды көтеруіміз керек. Осы көзқарасқа берік болсақ деймін. Одан біз ұтылмаймыз, ұтамыз. Өзімыз аз ғана қазақпыз. Ұлт болып ұйысып жатқан кезеңдеміз. Архивті ақтарсақ, бұрынғы бір атаның баласы екінші ата баласына айып таққаны, жала жапқанын оқимыз. Бұл жазбаларды парасатпен және үлкен түсіністікпен қарау керек шығар. Әрине, бәріне әділ баға берілу керек. Объективті баға айтылу қажет. Және бәріне елдік мүдде тұрғысынан талдаулар жүргізілу қажет. Мұндай жұмыстар жасалуда.

Еl.kz: Халық арасында есімі танымал Алаш ардақтыларының басым бөлігінің ұрпақтары қудаланып, аталары туралы естелік айта алатындары аз қалды. Бұл қиындықтардан сіздің аталарыңыз қалай өтті екен?

Қайырбек Кемеңгер: Нарманбет атамыз 1927 жылы туып, 2009 жылы дүниеден өтті. Біз сол кісінің бауырында өстік. Атамыз бізбен тек қазақша сөйледі. Біз Омбы жерінде туып-өстік. Тұрған жеріміз қазақ ауылы болды. Атамыз мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Сол кісінің тәрбиесін көрдік.

Еl.kz: Сіз есейген кезде Қошке Кемеңгерұлы ақталып, еңбектері жарық көрген кез еді ғой. Кемеңгер тегін алуда аса қиындық туындамаған болар?

Қайырбек Кемеңгер: Біздің аты-жөніміз Туу туралы куәлікке Кеменгеров болып жазылған. Ризабек әкеміз бен Күләш анамыздан тараған алты баламыз. Сол кезде Нарманбет атамыз барлығымыздың тегімізді Кемеңгеров деп жаздырған. Әкесінің тегін немерелерінде жалғасқанын тіледі. Кейін Ресейден Қазақстанға қоныс аударып, құжат ауыстырып, азаматтық алғаннан соң, «ов» пен «вич» жұрнағынан саналы құтылдық. Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы деп құжатымызды ұлттық нақышта жазғыздық.

Кемеңгер – бесінші бабамыз. Бізден кейін дүниеге келген ұрпаққа Кемеңгер тегін жалғаймыз ба, жалғастырамыз ба деген мәселе туындады. Құжат алатын кезде Нарманбет атамыз тірі болған еді. Шөбересіне «Сіздің есіміңізді берейік пе?» дегенде, атамыз «Кемеңгер тегі жалғассын» деді. Қазір біздің, бауырларымның балалары алтыншы ұрпақта Кемеңгер атын жалғады. Бұл жағдайды атамыздың үлкен сенімі әрі жауапкершілік екенін ұрпағымызға айтамыз.

Еl.kz: Алаштануға деген қызығушылығыңыз қашан оянды?

Қайырбек Кемеңгер: Алаштануға деген қызығушылық үйдегі әңгімелерден кейін оянды деп есептеймін. Алаш қайраткерлері 1980 жылдың соңы 1990 жылдың басында ақталған кезде әдебиетке, әсіресе Мағжан, Міржақыптың өлеңдеріне деген махаббат оянды. Сол ақындарға еліктеп өлең жаза бастадым. Осы кезден Алаш тақырыбына қызықтым. Ол кезде Алаштану деген дүниені түсіне бермейміз. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Қазақ филология факультетін тәмамдадым.

Еl.kz: Қошкенің жары Гүлсім әжеңіздің көзін де, тәрбиесін де көріп үлгердіңіз. Ол кісі Алаш арыстары туралы не айтушы еді?

Қайырбек Кемеңгер: Менің есімде ол кісінің бейнесі көп қалған жоқ. Себебі 1988 жылы қайтыс болғанда, 11 ден 12 жасқа шыққан бала болатынмын. Десе де, бір есімде қалғаны, әжеміз әндетіп, арасында Мағжанның өлеңдерін айтып отыратын. Мағжанның:

Ас бола ма сасық сорпа, қара нан?

Алма бетте қалмады ғой ыстық қан.

Қоңырау қағып, оятады ақырып,

Тым болмаса сібірлеп те атпай таң, – деген өлеңін әнге қосып, зарлы үнмен айтып отыратыны есімде қалыпты. «Қошкем, Қошкем» деп айтып күңіренетін.

Қайырбек Кемеңгердің жеке архивінен 

Әжеміз 1988 жылы 84 жасында Нарманбет баласының қолында, немере, шөберелерінің алдында дүниеден озды. Бәріміз бір шаңырақ астында, бір үйде тұрдық. Омбының Шарбақкөл ауданында жерленді.

Естеліктерді ол кісі көп айта бермейтін. Бәлкім, бір жағынан Нарманбет аталарымызды сақтандырды ма екен деп ойлаймын. Себебі біздің шаңырақта мынандай бір әңгіме айтылатын. 1958 жылы Қошке Кемеңгерұлы «ақталды» деген қағаз келді. Ол қағазды қолына алғаннан кейін Гүлсім әжеміз Алматыға барады. Алматыда Мұхтар Әуезовке, Қаныш Сәтбаевқа, Әлкей Марғұланға, мемлекет басшылығында қызмет істейтін Фазыл Кәрібжановқа жолығады. Сол кісілерге барып, Қошке Кемеңгерұлының шығармаларын жарыққа шығаруын сұрайды. Осы орайда Қаныш Сәтбаевтың көмегі тиеді. Тұңғыш академик тікелей тапсырма бергеннің арқасында Қошке Кемеңгерұлының шағын кітапшасы 1965 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Бірақ кітап шыққанымен, бірден тәркіленіп, «Алашордашыл қаламгердің кітабы шықты»  деп қудаланады. Еңбек дүкенге де, кітапханаға да таратылмайды.

Қошкенің еңбектері тек 1988-1989 жылдан кейін ғана шыға бастады. Алғашқы таңдамалы кітабы 1995 жылы жарық көрді. Оны Рәзия Рүстембекова шығарды. Одан кейін Дихан Қамзабекұлы, Гүлжаһан Орда, Орынай Жұбай, Айжан Шормақова сынды мамандар мұрасын зерттеп, кітаптарын шығаруды қолға алды.

Еl.kz: Қазіргі жастардың Алаш тарихына, иедологиясына қызығушылығы қандай?

Қайырбек Кемеңгер: Қазіргі жастардың қызығушылығы бізді қуантады. Өзім студенттермен жұмыс істеймін. Университетте тіл, әдебиет, тарих, гуманитарлық саласында оқитын жастар Алашқа қызығушылықпен қарайды. Оларды Алаш қайраткерлерінің тағдыры қызықтырады. Өзіміз де мүмкіндігінше, шәкірттерімізге ой салу үшін Алаштың тарихынан мысал келтіріп, өмірбаянын, қайраткерлердің тағдырын мысал етеміз. Мәселен шәкіртімізге сенің жасың 19-да, Мағжан 19 жасында өлеңдер жинағын шығарған. Сенің жасың 17-де, Смағұл Сәдуақасұлы 17-де мұғалім болған деген секілді мысалдарды Алаш қайраткерінің өмір тарихынан айта отырып, жастарды тәрбиелейміз. Болмаса, Алаш арыстарының өлеңін оқып, шығармаларынан мысал келтіреміз. Осылайша жастардың Алашқа деген қызығушылығын оятамыз.

Еl.kz: Өзге Алаш зиялыларының ұрпағы туралы не білесіз? Олармен байланысыңыз бар ма? 

Қайырбек Кемеңгер: Алматыда оқыдық. Сонда кітапханада біраз уақыт жұмыс істедік, архивте отырдық. Барып жүрген сапарымызда Гүлнәр апамыз Алаш қайраткерлерінің ұрпағымен таныстырды. Олардың ішінде Гүлнәр Міржақыпқызы, Бірмұхамед Айбасовтың баласы Еркін Айбасов, Қартқожа Тоғанбаевтың баласы Төлеш аға, Асылбек Сейітовтің қызы Клара апай, Ілияс Жансүгіровтің баласы Саят ағалар бар. Бұл кісілердің барлығы дүниеден өтіп кетті. Солардың көбін түрлі конференцияларда, жиындарда көріп, кездесіп жүрдік. Қазір Алаш арыстарының тікелей ұрпағы сиреп қалды. Десе де, неме-шөберелері бар. Мүмкіндігінше хабарласып тұрамыз. Астанада Сұлтанбек Қожанұлының жиені Светлана апай бар. Басқа да ұрпақтарымен байланыс жасаймыз.

Еl.kz: Ресейдің Омбы облысында дүниеге келсеңіз де қазақ тілін жетік меңгергенсіз. Осы ретте сұрағым келетіні, сіздің атаңыздың басты ерекшелігі елді ғана емес, өзінің отбасы тәрбиесіне де қатты мән берген сияқты көрінеді. Өйткені Алаш зиялыларының ұрпақтарының арасында Гүлнәр Дулатовадан басқа қазақ тілінде еркін сөйлеген ешкімді көрмеген едік.

Қайырбек Кемеңгердің жеке архивінен 

Қайырбек Кемеңгер: Қошке Кемеңгерұлының еңбектері 1930 жылға дейін жарық көрді. Еңбектерінде қаламына тән бір белгі мен сипат бар. Қошке бабамыз ұлтшыл болған. Бұл жерде ұлтшыл деген сөзді жақсы мағынада түсінуіміз керек. Елін, ұлтын жақсы көрді. Елшіл болды, ұлтына жаны ашыды. Шығармаларында отаршылдықтың қасіретін ашық көрсете алды. Қошкенің «Мектеп қай тілде болу керек?» деген мақаласы бар. 1927 жылдың өзінде қазақ мектебі қазақ тілінде сөйлеу керек. Ұлт мектебі ұлт тілінде болу қажет деген мәселені көтерді. Осы рухты Нарманбет аталарымыз бізге жалғастырды. Омбы жерінде туып-өссек те, біз туған ана тілімізді ұмытпадық. Оған тәубе, шүкір дейміз. Қазақ болып дүниеге келгендіктен, қазақ болып жасауымыз керек. Өзіміздің ұрпағымызды одан әрі сол Алаш рухында тәрбиелеп жатқан жайымыз бар.

Еl.kz: Сырлы сұхбатыңызға көп рақмет. Алаш рухы асқақтай берсін!

Қошке Кемеңгерұлы – алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист. Білім мен білікке ұмтылған Қошке Кемеңгерұлының тағдыр-талайы зиялыларымыздың жарқын ғұмырымен қат-қабат байланысып жатыр. Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің репрессия науқаны үзді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: