Кеше, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?15 маусым – Кеңес Одағының Батыры, даңқты мерген Әлия Молдағұлованың туған күні. Биыл қазақ халқының қаһарман қызының дүниеге келгеніне 101 жыл толып отыр. Өткен жылы батырдың 100 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде кеңінен аталып өтілген еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөйлеген сөзінде батыр қыздың ерлігі өскелең ұрпақ үшін Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі екенін атап өткен болатын.
Арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, Әлияның есімі халық жадынан өшкен жоқ. Оның қысқа ғұмыры мен қаһармандық жолы бүгін де ұлт тарихының маңызды бөлігі болып қала береді.
Балалық шағы мен майданға дейінгі өмірі
Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова 1925 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Кейбір деректерде оның туған күні әртүрлі көрсетілгенімен, бүгінде 15 маусым ресми түрде туған күні ретінде аталып өтеді.
Бала кезінде анасы Маржаннан айырылған Әлияның тағдыры оңай болған жоқ. Алдымен Алматыдағы ағасының қолында тәрбиеленсе, кейін Ленинградтағы балалар үйіне орналастырылады. Болашақ батыр дәл осы қалада білім алып, қалыптасады. Ол мектепте озат оқып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан. Үлгілі тәртібі мен жақсы оқу үлгерімі үшін әйгілі «Артек» лагеріне жолдама алып, бүкілодақтық деңгейдегі үздік оқушылардың қатарына қосылады.
1941 жылы соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысындағы Вятское ауылына эвакуацияланады. Жетінші сыныпты аяқтағаннан кейін Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түседі. Алайда майдан даласындағы жағдай жас қыздың тағдырына әсер етпей қоймайды. Ол бірнеше мәрте әскери комиссариатқа өтініш жазып, өз еркімен майданға сұранады.
1943 жылы Орталық әйелдер мергендер мектебін аяқтап, майданға аттанады.
Майдандағы ерлігі және соңғы шайқасы
Әлия Молдағұлова 2-Балтық жағалауы майданы құрамындағы 54-арнайы атқыштар бригадасының 4-батальонында мерген болды. Майдандастары оны «Лия» деп атаған.
Қысқа уақыт ішінде ол мерген ретінде ерекше танылды. Ресми мәліметтер бойынша, Әлия жаудың 30-дан астам сарбазы мен офицерінің көзін жойған. Кейбір тарихи деректерде бұл көрсеткіш 78 адамға жетеді.
1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысындағы Насва теміржол стансасын азат ету операциясы кезінде Әлия Молдағұлова ерекше ерлік танытты. Ол бірнеше рет шабуылға шығып, жауынгерлерді соңынан ертті. Ұрыс барысында ауыр жараланғанына қарамастан, шайқасты тоқтатпай, соңына дейін майдан шебінде қалды. Сол күні батыр қыз ерлікпен қаза тапты.
Көрсеткен ерлігі үшін 1944 жылдың 4 маусымында оған қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталды.
Әлия есімі халық жадында
Бүгінде Әлия Молдағұлованың есімі Қазақстан мен Ресейдің көптеген қалаларында құрметпен аталады. Оның атымен Ақтөбе, Астана, Алматы, Тараз, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы көшелер аталған. Сондай-ақ ондаған мектепке, әскери кемелерге және басқа да нысандарға батыр қыздың есімі берілген.
Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалдық музей жұмыс істейді. Мұнда батырдың балалық шағы, оқу жылдары және майдан жолына қатысты құнды тарихи деректер сақталған. Сонымен қатар Мәскеудегі №891 мектепте, Санкт-Петербургтегі №140 мектепте және Ақтөбе облысындағы патриоттық орталықтарда Әлияға арналған музейлер мен арнайы экспозициялар бар.
Батыр қызға арналған ескерткіштер Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург және Новосокольники қалаларында орнатылған. Алматыдағы «Шығыстың қос жұлдызы» мемориалдық кешені де Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлігіне тағзым ететін маңызды орындардың бірі саналады.
Әнге, жырға айналған батыр қыз
Қазақтың батыр қызының бейнесі әдебиетте, музыкада, театр мен кинода кеңінен көрініс тапты. Әлия туралы ондаған поэма, повесть, ән, деректі фильм және спектакль жазылды.
Тұманбай Молдағалиевтің «Әлия-Мәншүк» поэмасы, Сәдуақас Жиенбаевтың шығармалары, Жұмақановтың «Әлия Молдағұлқызы» повесі, Әнуар Оралбайдың деректі туындылары батыр қыздың өмірін кеңінен насихаттады.
Ал композитор Сейдолла Бәйтереков пен ақын Бақытжан Тәжібаев жазған «Әлия» әні қазақ музыкасының алтын қорына енді. Бұл туындыны халық әртісі Роза Рымбаева орындап, халықаралық байқауда лауреат атанған еді.
Кеше, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды