Қазақтың қандай ұлттық билері бар?

30 Қазан, 18:40 989

Қазақ би өнері – халқымыздың ежелден келе жатқан мәдени мұраларының бірі. Ол сан ғасырлар бойы қазақ ұлтының тұрмыс-салты, дүниетанымы, тарихы мен құндылықтарын бейнелей отырып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Би өнері қазақ халқының эстетикалық танымын, әдемілікке деген көзқарасын көрсететін ерекше мәдениет түрі ретінде дамыған. Қазіргі таңда қазақтың ұлттық би өнері елдің рухани құндылығын дәріптеумен қатар, әлемдік сахналарда да өзінің бірегейлігімен танылып келеді.

Бидің тарихы

Қазақ биінің тамыры ерте заманнан басталып, халықтың ауыз әдебиеті, ән-күйі және дәстүрлі тұрмысымен біте қайнасқан. Бұл би өнері эстетикалық болмысында қазақ халқының арман-мұраты мен көзқарасын қимылдар арқылы жеткізеді. Көшпелі өмір салтын суреттеп, табиғат көріністерін көркемдік тұрғыдан көрсететін қазақ биінің кейбір қимылдары ежелгі бақсы-балгерлердің дәстүрлі ойындарынан туындаған. Олар қобыз және соқпалы аспаптардың көмегімен өз өнерлерін күшейтіп, тыңдаушы-көрерменнің көңілін көтерген.

Қазақ биі түрлі халық ойындарында, салт-жоралғыларда, тарихи және этнографиялық деректерде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Жиын-тойларда өнер көрсететін күлдіргіш-қуақылардың орындауында би қимылдары кеңінен пайдаланылған. ХХ ғасырдың басында қазақ биі кәсіби деңгейге көтеріліп, сахнаға шыға бастады. Қазақ мемлекеттік музыка театрының (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) ашылуы бұл өнердің дамуына ерекше серпін берді.

Халық бишілері Ысқақ Быжыбаев, Шара Жиенқұлова және Әубәкір Ысмайлов қазақ биін кәсіби сахнаға алғаш алып шыққандардың қатарында болды. 1936 жылы Мәскеудегі КСРО халықтары билерінің фестивалінде Ысқақ Быжыбаев домбырамен сүйемелденген «Насыбайшы» және «Масқарампаз Қара жорға» билерімен жүлделі орындарды иеленген. Шара Жиенқұлова 1936 жылы Мемлекеттік филармония жанынан би ансамблін құрды. 1955 жылы Мемлекеттік ән-би ансамблінің ашылуы халық биінің дамуына үлкен үлес қосты.

1989 жылы құрылған «Салтанат» би ансамблі «Кілемшілер», «Жігіттер биі», «Бүркітші», «Қос алқа», «Асатаяқ», «Биші қайың», «Шолпы» және «Салтанат» сияқты қойылымдарымен ұлттық би өнерінің өзіндік келбетін көрсетіп, көптеген елдерде Қазақстанның атынан өнер көрсетті. Қазақ фольклорлық-этнографиялық би өнерін дамытқан мемлекеттік «Алтынай» би ансамблі де халықтың салт-дәстүрлері мен аңыздарын, еңбек тақырыптарын сахнаға шығарды.

Қандай ерекшеліктері бар?

Қазақтың ұлттық билері халықтың әдет-ғұрпынан, өмір сүру салтынан, табиғатқа және дүниеге көзқарасынан нәр алып, терең мағыналы қозғалыстармен, әсерлі ритммен және ұлттық музыкамен көркемделеді. Олардың төмендегідей бірнеше ерекшеліктері бар:

  1. Қазақ биі еркін, кең қимылдарымен ерекшеленеді. Бұл қимылдар қазақ халқының кең даласына, ашық аспанына деген сүйіспеншілікті білдіреді. Би қозғалыстары табиғатпен үндесіп, еркіндік пен дархандықты бейнелейді.
  2. Қазақ биінде қолдың қимылдары ерекше мәнге ие. Қолдардың әрбір қимылы өзіндік мағынаны білдіреді және би арқылы бір дүниені сөзсіз жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, «Қамажай» биіндегі нәзік қимылдар әйелдің әсемдігін, жұмсақтығын көрсетеді, ал «Бүркіт» биіндегі батыл қимылдар қазақтың батырлығын, еркіндігін бейнелейді.
  3. Қазақ биінде табиғатқа, жан-жануарларға, салт-дәстүрге арналған тақырыптар көп. Мысалы, «Қара жорға» биі жылқылардың қозғалысын, еркіндігін суреттесе, «Айжан қыз» биі қазақ қыздарының нәзіктігі мен сұлулығын көрсетеді.
  4. Билерде домбыра, қобыз сияқты ұлттық аспаптардың әуенімен сүйемелденеді. Музыканың ырғағы би қимылдарына үйлесім беріп, көркемдік мәнін күшейтеді. Ән мен би бірігіп, тыңдаушы мен көрерменді қазақ халқының тұрмысына, өміріне еліктіреді.
  5. Бишілер ұлттық киімдер киіп, көрерменге қазақтың бай мәдениетін, ою-өрнектерімен көмкерілген сән-салтанатын көрсетеді. Бұл киімдер де бидің тақырыбы мен мағынасын айқындай түседі.
  6. Қазақтың көптеген билері дәстүрлі оқиғаларға, салт-жоралғыларға байланысты орындалады. Би арқылы келін түсіру, бәйге, аңшылық, жауынгерлік оқиғалар сияқты сәттер сипатталады.

Қазақ биі – тек өнер ғана емес, халықтың сан ғасырлық тарихы мен мәдени мұрасы. Әр қимылында ұлттық рух, мәдениетке деген құрмет пен сүйіспеншілік жатыр.

Бидің түрлері

«Қара жорға» биі – қазақтың көне дәуірден келе жатқан биі, ол көшпенді халықтың жылқымен ерекше байланысын бейнелейді. Қазақ мәдениетінде жылқы тек көлік құралы ғана емес, сондай-ақ сенімді дос, өмірлік серік ретінде де бағаланған. Жылқыны аңыздарда, жырларда мадақтап, оны бақыт, еркіндік нышаны деп есептеген. Ол жайылым іздеп, апаттан қашып құтылуда ғана емес, сонымен қатар шайқастарға, ұлттық ойындарға қатысып, тіршіліктің әр қырында көмекші болған.

«Қара жорға» биінің шығуына жорғаның ерекше жүру мәнері әсер еткен. Тепкілей басатын аяғының қимылы, тұяқтарының ырғақты дыбысы, басының оңға-солға шайқалуы, жалының толқуы би әсерін тудырған. Атқа мінген шабандоздың денесі аттың ырғақты қозғалысымен бірге шайқалып, ол да би билеп отырғандай көрінген. Бұл «Қара жорға» биінде көрініс тауып, аттың қозғалысы мен шабандоздың дене қимылы бидегі ырғақ пен стильге айналған.

«Қамажай» – қазақтың дәстүрлі биі, әйелдердің нәзік қозғалыстарын бейнелейтін өнер түрі. Бұл бидің басты мақсаты – қазақ қызының сұлулығы мен болмысын көрсету. «Қамажай» биі көбінесе махаббат, табиғат және өмірдің әсемдігін сипаттайды.

Би әдетте баяу және ырғақты қозғалыстармен орындалады, қыздың қимылдары нәзік әрі әдемі болып келеді. «Қамажай» биі ұлттық киімдермен, оның ішінде ұзын көйлектер мен орамалдармен орындағанда, би қозғалыстарына ерекше әсер береді.

Бұл би – қазақ халқының мәдени мұрасының маңызды бөлігі, ол ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді және жастардың арасындағы махаббатты дәріптейді.

«Ұтыс би» – бұл бәсекелестікке негізделген ерекше би. Бұл би түрінде атақты бишілер, ақындар шеберліктерін көрсетіп, белгілі қимылдарды импровизация арқылы жарыса орындайды. «Ұтыс биі» көркемдік мәнерге бай. Мұнда музыкант бишінің импровизациясына қарай ырғақты үнемі өзгертіп отырады, кейде сол сәтте жаңа әуен де шығарады.

Мысалы екі қарсылас бір-бірінен асып түсуге тырысып, бір сәтте біреуі күтпеген күрделі қимыл ойлап тауып, оны қайталау қиынға соқса, қарсыласы жеңілді деп есептеледі. Бәсекені қиындату үшін орындаушылар бидің ырғағын біртіндеп үдетіп, соңында өте жылдам қарқынға дейін жеткізеді.

Бұл биді орындаумен қатар, сол биді орындау ортасын да елестетуге болады. Жазда жайлауда, қызыл киіз үй маңындағы мерекелік кеште көрініс табатын сахнаны суреттеуге болады. Осылайша, әдемі көрініс шығады. Бишілер өз мүмкіндіктеріне қарай сахналық көріністі толық сомдай алады немесе тек биді орындаумен шектеліп, бес орындаушы қатысатын би қойылымын ұсына алады.

«Ортеке» – қазақтың ұлттық биі, ол үш түрлі орындау түрімен ерекшеленеді: қуыршақ теке, жеке биші және топтық орындау.

Бірінші түрі – қуыршақ теке биі. Бұл қойылымда үстел үстіне арнайы жасалған, қозғалмалы аяғы, мойны бар қуыршақ-теке қойылады. Қуыршаққа жіңішке жіптер арқылы домбырашының саусақтары бекітіліп, күй тартылғанда саусақтардың жоғары-төмен қозғалысына сәйкес қуыршақтың дене мүшелері де қимылдайды. Нәтижесінде қуыршақ-теке би ырғағына сай билеп жүргендей әсер қалдырады. Бұл биді орындағандардың ішінде Шашубай ақынның аты аталады.

Екінші түрі – жеке орындаудағы би. Мұнда «Ортеке» биін жеке биші орындайды. Ол әртүрлі қимылдар мен мимикалар арқылы орға түскен текенің одан шығуға тырысып, бірақ сәтсіздікке ұшыраған әрекетін бейнелейді.

Үшінші түрі – топтық орындаудағы «Соқыр теке» биі. Бұл нұсқада жастар дөңгелене қол ұстасып, ән айтып, би билейді. Ортасындағы көзі байланған адам шеңбердегі біреуді ұстауға тырысады. Ұсталған ойыншы айыбын өтеп, көзі байланған күйде ортаға шығады, осылайша ойын әрі қарай жалғаса береді.

1934 жылы Алматы қаласында өткен Бүкілқазақстандық халық таланттарының слетінде Ж.Оразәлиев «Ортеке» биін орындаған. Кейін бұл бидің сахналық нұсқасын Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында Д.Әбіров қойған.

«Қаз-қатар» – қазақтың дәстүрлі биі, бұл би көбінесе жастар арасында орындалады және достықты, ынтымақты, бірге болу сияқты тақырыптарды білдіреді. Бидің атауы «қаз» сөзіне негізделген, себебі орындаушылар би кезінде бір-бірімен қатарласа қадам басып, үйлесімділік көрсетеді.

«Қаз-қатар» биі орындаушылардың ырғақты қозғалыстарымен, шапалақтарымен, қолмен жасалатын түрлі ым-ишараларымен ерекшеленеді. Бұл би әдетте көңілді болады.

Би ұлттық киімдермен, ою-өрнектермен безендірілген жағдайда, қазақ мәдениетінің әсемдігін, байлығын және рухани мұрасын көрсетеді. «Қаз-қатар» биі мерекелерде, ұлттық тойларда, мәдени шараларда жиі орындалады.

«Былқылдақ» – қазақтың лирикалық биі, Тәттімбеттің «Былқылдақ» күйінің әуеніне қойылған. Алғаш рет бұл би 1934 жылы «Қыз Жібек» музыкалық драмасында балетмейстер А.А.Александровтың сахналауымен орындалды. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде халық артисі Шара Жиенқұлова осы биді шеберлікпен орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кейін бидің бір (1954 ж.), екі (1956 ж.), және төрт (1984 ж.) бишіге арналған жаңа нұсқаларын балетмейстер Д. Әбіров әзірледі. 1965 жылы Шара Жиенқұлова бидің үшінші нұсқасын сахналап, өз үлесін қосты. «Былқылдақ» биін қазақ өнерпаздары, соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Ф. Жолымбетова мен А. Мәжікеева, Венгрия, Моңғолия, Польша, Канада сынды шет елдерде де орындап, қазақ би өнерінің биік деңгейін көрсетті.

«Тепең көк» – қазақ халқының ұлттық биі. Бұл би негізінен көңілді, жеңіл және жылдам қимылдардан тұрады. «Тепең көк» биінің ырғақты, секіретін, бұрылатын қимылдары бар. Оны дәстүрлі әндермен немесе аспаптық музыкамен орындауға болады.

Би көбіне тойларда, мерекелерде және ұлттық салтанаттарда орындалады. Бұл бидің атынан-ақ оның қимылдары мен орындау стилі халықтың көңіл-күйін, сергектігін көрсетеді.

«Келіншек» биінде жаңа орамал тартқан жас келіншектердің бейнесі көрініс табады. Олар орамалдарын бастарына тартып, өлшеп, сүйсініп қарағанда, өздерін сәнді сезінеді. Би әдетте он қызбен орындалады.

Бұл бидің ерекшелігі – оны солисткамен немесе солисткасыз орындауға болады, яғни кез келген жағдайда серпінділік пен көркемдікті сақтайды. Келіншектердің орамал тарту сәттері олардың нәзіктігі мен сұлулығын көрсетеді, ал билерінің ырғақты қимылдары ұлттық мәдениетіміздің терең тамырларымен байланысты.

«Мерген» биі мергеннің аң аулау кезінде сүйіктісімен кездескен сәтін бейнелейді. Мерген сахнаға шыққанда оның әрбір қимылы садақпен аң аулап жүрген аңшының қимылдарын дәл көрсетуі тиіс.

Қыздың сахнаға шығу кезеңі, сондай-ақ жігітпен бірге билейтін сәттері де қатты би қимылдарынан нәзік қимылдарға бірден ауысып отыруымен ерекшеленеді. Дуэтте (қыз бен жігіт билегенде) жігіт қыздан көз жазбай, оның әрбір қимылына әсерленіп, билеп жүруі керек. Бұл бидің мақсаты – мерген мен қыз арасындағы сезімді, динамиканы және нәзіктікті көркемдікпен көрсету.

«Шалқыма» – бұл биде қарапайым қазақ қызының бейнесі, қымыз дайындаудағы шеберлігі бейнеленген. Қыз қуанышпен, ықыласпен музыканттарға қымыз ұсынып, олардың сүйемелдеуімен би билейді.

Торсықты иығына әдемі көтеріп, сиқырлы биімен көз тартатын қыз, қымызды пиалаға сәнді құйып, кішіпейілдікпен және құрметпен ұсынады.

«Қоян-бүркіт» биі – қазақтың дәстүрлі би түрлерінің бірі, ол қазақ халқының мәдениетінде ерекше орын алады. Бұл би «қоян» мен «бүркіт» бейнелерін үйлестіре отырып, табиғаттың сұлулығын көрсетеді.

Би қоян мен бүркіт арасындағы аңшылық әрекетін бейнелейді. Бүркіт – қоянды аңдып жүрген жыртқыш құс, ал қоян – оның аңшылығының нысаны. Биде бұл екі кейіпкердің қозғалыстары мен қарым-қатынасытбейнеленеді.

«Қоян-бүркіт» биі нәзік және жеңіл қозғалыстармен орындалады. Қоян бейнесі шапшаң, жеңіл әрі серпімді қозғалыстармен, ал бүркіт бейнесі күшті, салмақты әрі сенімді қимылдармен көрінеді.

Би әдетте қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен, оның ішінде домбыра мен қобызбен сүйемелденеді, бұл бидің ұлттық нақышын тереңдетеді.

Би орындаушылары ұлттық киімдерде, әсем ою-өрнектермен безендірілген киімдермен шығуы мүмкін, бұл қазақ халқының мәдениетінің байлығын көрсетеді.

«Қоян-бүркіт» биі қазақ халқының аңшылық дәстүрлерін, табиғатқа деген сүйіспеншілікті және ұлттық мәдениетті дәріптейді.

Түйін: Қазақ би өнері – қазақ халқының мәдени мұрасының маңызды бөлігі, ол ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Бұл өнер түрі халықтың тұрмыс-салты, салт-дәстүрлері, дүниетанымын көрсетеді. Қазақ биінің тарихы терең тамырларға ие, ол көшпелі өмір салтынан, табиғат көріністерінен, аңыздар мен дәстүрлерден нәр алады.

Қазақ биінің ерекшеліктері оның қимылдарының еркіндігі, қол қимылдарының мән-мағынасы, табиғатқа деген сүйіспеншілігі, ұлттық музыканың үйлесімі және бишілердің ұлттық киімдерімен ерекшеленеді. Әр биі халықтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін көрсетеді, мысалы, «Қара жорға» биі жылқының символикасын, «Қамажай» әйел сұлулығын, «Мерген» мен «Қоян-бүркіт» аңшылықты бейнелейді.

Би өнері Қазақстанның ұлттық рухын нығайтып, қазіргі уақытта әлемдік сахналарда да танылып, қазақ халқының мәдениетінің бірегейлігін дәріптеуде. Қазақ биі – тек өнер ғана емес, ол халықтың сан ғасырлық тарихы мен мәдени мұрасының көрінісі, ұрпақтардың байланысын қамтамасыз ететін маңызды мәдени құндылық.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: