Қазақтың көкпаршылары анық басым түсті - Айдарбек Қожаназаров

13 Қыркүйек, 11:04 1577

Көкпар федерациясының құрметті президенті Айдарбек Қожаназаров қазақ-қырғыз арасындағы ақтық ойынға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көкпар федерациясының құрметті президенті ретінде, бірнеше жылдан бері көкпардың дамуына үлес қосып жүрген азамат ретінде, кеше өткен финалдың куәгері ретінде қазақ-қырғыз арасындағы ақтық ойынға қатысты пікір білдірген дұрыс деп шештім. Көкпар - нағыз батыр жігіттердің арасындағы бәсеке. Кейде аттың үстіндегі адамның эмоциясы доп қуған не боз кілемде алысып-жұлысқан спортшыдан басым түсіп жатады. Әр спорт түрінде ереже әр түрлі бұзылады. Көкпарда қамшысын сілтеп жіберсе, аса бір арызданатын жағдай емес. Жаппай көкпарда одан да қорқынышты кадрларды көріп жүрміз. Рас, бүгін ойында тәртіп бұзылды, төрешілер кеңесе келе тәртіп бұзған ойыншыға ескерту берді. 2 минутқа шетке шығарды. Бас жарылса - бөрік ішінде, қол сынса - жең ішінде дегендей, алаңдағы ала шаң сол жерде қалуы керек. Бұл әуелден көкпардың жазылмаған ережесі. Екіншіден, төрешінің айтқаны заң!, - дейді Айдарбек Қожаназаров.

Ол әрбір спортшының төреші шешіміне бағынуы тиіс екенін атап өтті.

Мейлі қандай спорт түрін алсақ та, спортшы онымен салғыласпайды. Шамдануы мүмкін, келіспей сұрау салуы мүмкін, бірақ тулап, әдептен аттамайды. Әдемі ойын көрсетейік деген жерде, төрешіні тыңдау парыз. Әлемдік деңгейдегі кез-келген спортта төрешіге бағынбау, құрметсіздік көрсету деген атымен жоқ. Үшіншіден, саған құрмет көрсеткен жерде оған жауап ретінде ілтипат білдірсе қандай жарасымды. Іштегі отың күйдіріп сөнбей жатса, мойныңдағы медальді алып тастай бер. Түріңді тыржитып, теріс қарап тұрсаң да қабылданады. Бірақ қонақ қылып шақырып жағдайыңды жасаған, ағайын деп ардақтаған, жүлдесін қолыңа ұстатып арқаңнан қаққан мемлекеттің әнұраны ойнағанда бір сәтке сабыр етіп, елдік мүддені жоғары қою - әр спортшыға қажет қасиеттің бірі.

Сөз жоқ, қырғыз көкпаршылары тәуір дайындалған. Аттарын шебер баптаған. Бірақ қазақтың көкпаршылары анық басым түсті. Қырғыздар ойын алаңында 10 салым саламыз десе, біреу оған кедергі жасады ма?! Керек десе екі жақ тең түсіп, қосымша уақыт та берілді. Қосымша уақыт берілмей, “Қазақстан басым түсті” десе, ортаға қамшыны ең бірінші мына мен тастар едім. Құдайшылығын айтайық, Қазақстанның Ұлттық құрамасы таза жеңді! Алысты, жұлысты, бірақ ұтты!, - дейді ол.

Федерация президенті екі мемлекеттің татулығы мен достығы - кез-келген ойынның нәтижесінен қадірлі екенін айтады.

Жалпы дала ерлері үшін жеңілгенін мойындау да ерлік! Басқа артық сөз жоқ! Екі мемлекеттің татулығы мен достығы - кез-келген ойынның нәтижесінен қадірлі. Бүгін қазақ жеңсе, ертең қырғыз ұтады. Ымыра мен ынтымақты ойласақ, әлі талай көкпар тартамыз. Қайта қазақ-қырғыз секілді мықты қарсылас шықпаса, көкпарда сән болар ма еді? Осыншама жанкүйер жиналып, қиқулап тік тұрып тамашалар ма еді?! Ашығын айтқанда бізден басқа кімге керек бұл ойын?! Серкені ілеміз деп жүріп сыйымызды кетіріп алмайық. Қандай ғасыр, қандай заман келсе де, қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасса керек!, - деп жазды Айдарбек Қожаназаров.

Айта кетейік, Көкпардан финалдық ойында Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасын  5:4 есебімен жеңіп, алтын жүлдеге ие болды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: