30.08.2025
13:22
3231
Қазақтың киіз үйі Burning Man-де үздік кемп атағына үміткер

Қазақтың киіз үйі Burning Man-де үздік кемп атағына үміткер

Тарихта тұңғыш рет аңызға айналған Burning Man фестивалінде қазақтың 16 қанат киіз үйі тігілді. Black Rock шөлінде бой көтерген Tengri Camp күніне 1,5 мыңнан астам қонақты қарсы алып, бүгінде фестивальдің ең үздік кемпі атануға үміткер болып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

АҚШ-тың Невада шөлінде өтіп жатқан Burning Man фестиваліне алғаш рет қазақтың алып киіз үйі бой көтерді. Тengri Camp деп аталған бұл ерекше мәдени кеңістік түркі өркениетінің қастерлі белгілері мен құндылықтарын таныстыруға арналған.

 Киіз үйдің ішінде де, сыртында да қалқан, найза, ұлттық өрнектер, әуезді саздар және қонақжайлықтың сан ғасырлық дәстүрі тоғысқан.

жеке мұрағат

Келушілер нағыз көшпенділер шаңырағында болып, домбыра мен қобыздың қоңыр үнін тыңдап, ұлттық тағамдардан дәм татуда. Делегация мүшесі Сабина Омардың айтуынша, күн сайын қаншама шетелдік келіп, Қазақстан мәдениетімен алғаш рет танысып жатыр.

Көпшілігі үшін бұл – Қазақстанға алғашқы қадам. Олар біздің қонақжайлылыққа, киіз үй ішіндегі жылылық пен нағыз үйдің атмосферасына тәнті болуда, – дейді ол.

Тengri Camp жетекшісі Асхат Мұратовтың айтуынша, лагерьдің басты концепциясы – тек бір елдің емес, тұтас түркі дүниесінің мәдениетін көрсету.

жеке мұрағат

Былтырғы жылы фестивальде түрлі өнер туындыларын көрдім, бірақ түркілік, қазақы мәдениет жетіспеді. Сол себепті біз осы олқылықтың орнын толтырып, халқымыздың бай мұрасын паш ету үшін биыл жиналдық. Лагерь атауын да «Tengri» деп таңдадық – ол ашықтық пен кеңдіктің символы, – деді ол.

Қазақстандықтар арнайы шеберлердің қолынан шыққан ерекше киіз үйді әкеліп қана қоймай, ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар, тұрмыстық бұйымдар мен кілемдерді де ала келген. Келушілер бауырсақ, бешбармақ, палау, қымыз секілді тағамдардан дәм татып, көшпенділердің тұрмысын сезінуде.

Burning Man – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған адамдардың өнер, еркіндік пен шығармашылықты тоғыстыратын ең ерекше шараларының бірі. Қазақтың киіз үйі осы тарихтың бір бөлшегіне айналуы – үлкен мақтаныш.

Фестиваль 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал күніне 1,5 мыңнан астам адамды қарсы алып отырған Tengri Camp үздік кемп атағына басты үміткер болып отыр.