Қазақтың Абыз Қаратайы

1 Ақпан 2023, 19:00 4957

«Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, біріңді-бірің сөйле сөзін тосып». Хәкім Абайдың осы нақылы мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың кредосы болатын...

Ой түбіне кім жетпек? Болашақты қалай болжайсың? Анық ақиқат – жалғыз. Ол еліңе еңбегің адал болсын. Бұл жалғанда халқын сүйсіндірер ұлдың сүйінер сүйеніші осы. Арамызда жүрсе бүгін тоқсан жастың төріне озатын Қаратай Тұрысовтың бүкіл ғұмыр жолы ұлтқа қызмет етуге арналды. Қазақстанда ғана емес, Кеңес елі дейтін жаһандағы алып мемлекеттің жүз қырық миллион жұмысшы-шаруаларының басын біріктіретін Бүкілодақтық Кәсіподақ Федерациясының Мәскеу төріндегі орталық мекемесіне басшылық етті. Біраз билікте бағын сынады.

Жұмыр жер тағдыры – жұмыр басты пенденің иелігінде. Сол пақырдың пендешілігі тойымсыз болса – жұртының жалмауызы. Осындай кесапатпен күресті, сертке сенімді серік етті. Талай ұлыстың ұл-қыздарымен қызметте айбары асқақтады. Абыройы парасатпен бекінді.

1987 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен сөйлегенде, жер тағдырын, экология кесапатын, ядролық полигон мәселесін көтерді.

«Қазіргі әлем таңдау алдында тұр. Бұл адамзаттың болашағы үшін өте маңызды. Біз болмыстың тұңғиығына апаратын күштік қарсыласу жолымен жүреміз бе? Немесе жаңа шындықтың, адамзат баласының бір-бірімен түсінісіп тіл табысуына бет бұрамыз ба? Менің ойымша, біз ядролық қарусыз, бейбіт  әлем құру идеясын іс жүзінде асыруға міндеттіміз. Біз барлық мемлекеттер үшін тең және сенімді қауіпсіздікті құруды қолдаймыз». Бұл Қаратай Тұрысовтың Нью-Йорктегі БҰҰ бас мінберінде тұрып айтқаны еді.

АҚШ-КСРО арасында өткізілген 1987 жылғы алғашқы телекөпір жүздесуінде де Қаратай Тұрысов кәсіподақтардың атынан сайланған Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде америкалық Когрессмендермен бетпе-бет келген. Әлбетте, сауалдар жұмысшы қозғалысы төңірегіне, жұмысшылардың мүдделерін қорғауға қатысты өрбіді.

Айдарынан жел ескен АҚШ-тың Конгрессмендерімен сол тікелей бетпе-бет жүздесу эфирінде арқасынан сығалаған коммунистік министрлер ауыз ашпай жасырынып отырғанда, ол өз ойынан тайсақтамаған.  

«Сіз білесіз бе, Конгрессмен мырза Америкада кейінгі онжылдықта біздің елдің жұмысшылары үшін туристік сапармен Америкаға баруға жолды жауып тастағандарыңызды. Бұған қоса кәсіподақ белсенділеріне де виза бермей отырсыздар. Осы сіздердің әрекеттеріңіз жөн бе?»

Тұрысовтың осындай тіке қойған сауалына Вашингтондағы экран қарсысында отырған  Конгрессмен былайша жауап қайтаруға тырысқан:

«Сіздің сұрағыңызға Тұрысов мырза, жауап ретінде айтайын, бізде белгілі бір шектеулер бар.  Сіздің сауалыңызды естідім. Енді  біз бұл мәселені біртіндеп шешуге кірісеміз. Америка Құрама Штаттарының арнайы комитеті бұл мәселені шешуге тырысады», - деді.

Расында да, Конгрессмен уәдесінде тұрды. Қайрекеңнің осы сөзінен кейін мыңдаған одақтың адамдары туристік сапармен АҚШ-қа баруға мүмкіндік алды.

Қаратай Тұрысовтың бір естелік сөзін келтіре кетейік:

«Мен дүниежүзін көп аралаған адаммын. Шамамен 50-60 мемлекетте болған шығармын. Бірталай халықты көрдім. Бірақ, біздің қазақтай кең халықты көрген емеспін. Ел таң қалады “осынша жерді қалай ұстап отырсыңдар”, – деп. Шындығында Каспийден Алтайға дейін созылған ұлан-байтақ ұлы дала, қаншама жер! Баяғыда ұшақ Алматыдан Мәскеуге дейін 4 сағат ұшатын. Оның 3 сағаты Қазақстанның үстінде өтеді, ары қарай 1-ақ сағат Ресей жерімен. Осыған қарап, найзаның ұшымен, білектің күшімен ел мен жерді қорғап, қасиетті даланы кейінгілерге несібеге қалдырған қайран батыр бабалардың рухына қалайша бас имейсің. Тағзым етпейсің! Осыншама кең жерді ұстап тұрудың өзі ерлік қой. Жер болғанда да жай жер емес, асты мен үсті толған қазына, мол байлық. Біздің кейбір кісілер мына кавказдықтарды батыр халық деп табынып жатады. Олардың тау ішінде орналасқан алақандай ғана жері бар, соның өзін қалай қорғарын білмей қиналады кейде... Қазақ бірлікшіл болса, алынбайтын асу жоқ. Соны жадымызда сақтауымыз керек. Соған ұрпақтарымызды тәрбиелеу парызымыз!»

Қаратай Тұрысов Бүкілодақтық кәсіподақтар Кеңесінің басшылығында жүрген кезде, кәсіподақтың 140 миллион мүшесі бар болатын. Осы 140 миллион азамат әр ай сайын жалақысынан 1% жарнаны мүшелікке төлеп отырды. Кеңес Одағында өте бай ұйым – кәсіподақтар болатын. Компартия елінде қонақ үйлер мен емдеу-сауықтыру орындарының 65% өз меншігінде иеленіп отырды. Мәскеудегі жоғары лауазымды қызметін пайдалана отырып, Қ. Тұрысов “Мерке”, “Сарыарқа” және “Түрксіб” емдеу-сауықтыру орындарын қайтадан салдырды. Сонымен қатар Алматыдағы қонақ үйлерінің қайтадан салынуына көп қаржы бөлгізді. Қазақстандағы кәсіподақтарға көптеген қамқорлық жасап, қажетінше қаржы бөлгізіп отырды.

Бүкілодақтық Кәсіподақ Кеңесінің Төрағасы Степан Шалаев (1982 – 1990 жж.) ол туралы естелігінде былай деген:

«Мен Қаратай Тұрысұлына ең үлкен, ең қиын, ең ауыр жұмыс учаскелерін тапсырып отырдым. Бұл Кеңес Одағындағы барлық өнеркәсіп саласын қамтыды. Жүздеген зауыттар мен фабрикадағы жұмысшылардың құқығын қорғау және адамдарға жаппай жайлы жұмыс ережесін қалыптастыру шарасын абыроймен атқарды.  Атап айтарым, ол ВЦСПС ұжымында аз уақытта-ақ үлкен бедел жинады. Өз биігін жаңа қызметте тез тапты. Мәскеу элитасына өзін танытып қана қоймай, мойындатты.

Қаратаймен жұмыс істеу өте оңай еді, өйткені аласапыран мәселелер күрделенген сайын ол салқынқандылықты сақтап,  талқылауларды ұзақ-сонарға жібермей  шешілмейді деген проблеманың өзіне шебер және нақты нүкте қойатын. Кейбір ұсақ-түйек дүниелерді әркез шетке ысырып, ең бастысын  бірінші орынға шығаратын. Батыл адам еді. Өйткені ол заманда партиялық принциптерге қарама-қайшы келу және өз позициясында сөйлеу үшін батылдық қана емес, батырлық мінезге ие болуы керек еді.  Әрине, мұның бәрі мәселені терең түсінуге негізделген және қарапайым адамдардың өмір сүру салтын жетік білетін кәсіби мықты маман болудан деп түсінемін», - дейді.

1986 жылы Мәскеуде Кеңес Одағы кәсіподақтарын басқарып отырған Қ. Тұрысов Алматыдағы Горбачевтік демократияға сеніп, Колбиннің тағайындалуына наразылық білдіріп, алаңға атойлап шыққан студент - жастарды қолдау үшін 17 желтоқсан күні ертеңгілік Мәскеу – Алматы рейсіне билет сатып алады. Бірақ Алматыға жете алмады. Мәскеуден ұшқан ұшақ Алматыға емес,  Қарағандыға келіп қонады.  "Мәскеуден Сізден басқа да, Коммунисттік партияның  Орталық Комитетінен Бас хатшы М. Горбачевтың тапсырмасымен арнайы делегация Алматыға баратын болды. Қаратай Тұрысұлы, сіз Мәскеуге осы Қарағанды әуежайынан ешқайда бұрылмай  қайта оралыңыз", - деп Қауіпсіздік комитетінің офицерлері Алматы ұшағын солайша Мәскеуге бұрып жібереді.

Қайрекең Совет Одағының халық депутаты мандатын алға тартып сайлаушылармен жолығамын деп, дереу облыс басшыларын іздеп телефондарына қоңырау шалады. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы орнында болмайды. Сірә, арнайы орган Тұрысовпен сөйлесуге рұқсат жоқ деп оларды ескертіп қойса керек.

Осы эпизодтың өзі-ақ тоталитарлық жүйенің нағыз бет-бейнесін және Горбачев жариялаған қайта құру мен демократиялық үрдістердің әншейін жылтыраған сыртқы әжуә-ажары болғанын көрсете алған.

Қаратай Тұрысов сол желтоқсан оқиғасынан кейін бастан кешкен оқиғалары туралы маған айтқанын қаз-қалпында берейін.

«Коммунисттік Партияның Орталық Комитеті желтоқсан көтерлісіне байланысы «Қазақ ұлтшылдығы туралы» арнайы Қаулы қабылдағаннан кейін де, Мәскеудегі ВЦСПС-тың адамдары, қасымдағылардың маған деген көзқарасы пәлендей өзгере қойған жоқ. Мені демегендердің бірі – Степан Шалаев болды. Аракідік “Қазақстанда өйтіпті-бүйтіпті, балабақшадағы орыс балаларын өлтіріп кетіпті ” – деген алыпқашпа қауесеттер айтылып қалатын. Сондай сөз өрбітіп желіккендерге мен: “Сендер базардың өсегін таситын болсаңдар, базаркомға барып айтыңдар маған емес, ВЦСПСте сендерге делать нечего" , - деп тиып тастайтынмын!».

Мәскеу – Қ. Тұрысов өмірінің 12 жылын, яғни, қызметтік ғұмырының үлкен бөлігіне жуығын алды. Кеңнс Одағы кезінде Мәскеуде жоғары лауазымды қызметте болған қазақтардың қатары саусақпен санарлықтай еді. Қ. Тұрысов Мәскеуде жоғары білім алды. Кейін Халық шаруашылық Академиясында оқыды. Кеңес Одағы кәсіподақтарында басшылық қызмет атқарды. Бірнеше рет КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ешқашан да мызғымас болып көрінген Кеңес Үкіметі 80-жылдардың аяғында ыдырай бастаған. Алдымен, Коммунистік тоталитаризмнен Балтық елдері бөлініп шықты. Міне, осы тұста, Қ. Тұрысов Мәскеудегі үлкен қызметін тастап, Алматыға қарай ат басын бұрды.

Қыдырбек Рысбекжазушы-публицист:

«1992 жылдың маусым айының бас кезі болатын. Спорт журналистеріне арналған Барселона олимпиадасының жолдамасы қолда. Ал жер түбіндегі Еуропаға баратын қаржыны қайдан табарымды білмей тығырыққа тірелдім. Тәуелсіз Қазақ еліне бұйырғаны - төрт жолдама. Ұстазым Несіп Жүнісбайұлы Ұлттық Олимпиада комитеті арқылы барады. Сақа фототілші Дендербай Егізов пен «Егемен Қазақстанның» тілшісі Ермұрат Бәпи «демеуші табамыз» деп көңілді жүр. Мен болсам, сыртқы жүнін қомпайтқан бөрі құсап, сұраған кісіге «Алла жазса, болады», деймін. Бірақ көкейде үміт пен күдік шарпысып тұрады.

Бір күні Алматыдағы Абай даңғылының бойында келе жатып, оқыстан «осы мен спорт министріне неге кірмеймін?» деген  ой жарқ ете  қалды. Содан министр Қаратай Тұрысовтың қабылдау бөлмесінің табалдырығын аттадым. Үстімде футболка мен белвет шалбар. «Сіз кімге келдіңіз?» деді көзілдірікті келген қысқа шашты, толықша келіншек. «Қаратай Тұрысұлына». «Жазылдыңыз ба, мүмкін, алдын-ала келіскен боларсыз?» «Жоқ, хабарласқан жоқпын». Үсті-басыма шола қараған көмекші келіншек аяқ астынан сыздана қалды да: «Мына киіммен министрге қалай кіресіз?» деді кекесінді үнмен. «Спорт журналистері еркін жүреді», дедім аяқ астынан басқа сөз таппай. «Мен көмекші боп тұрғанда министрге кірмейсіз».  Көзілдірікті көмекшінің   дауысы әлгіндегіден қатқылдау шықты. Үндемей, жүзіне тік қарап едім, көмекші аяғын нық басқан бойы бұрыштағы бөлмесіне кіріп кетті.

Сәлден кейін министрдің қабылдауындағы кісілер дабырласып, сыртқа шыға бергенде оң қапталдан оң аяқпен ішке аттап үлгердім де: «Ассалаумағалейкум, аға!» дедім нық дауыспен. Соңымнан қуа кірген көмекші келіншек: «Қаратай Тұрысович, мына кісі рұқсатсыз кірді!» деп, мені оқты көзімен атып өтті. Күлім қаққан Қаратай аға көмекшіге «бара бер» дегенді ұқтырып, жайымен ғана қолын сермеді.

«Ал, інім, келген  шаруаңды айт». Ағаның үні сондай жұмсақ, сондай жағымды естілді. Талайдан бері тордағы қырандай торығып жүр едім. Көкіректі кернеген  сөз тоғаны ағытылып сала берді. Спорт журналисі екенімді, спорт үшін жанымды жеп жүргенімді, азат қазақтың төл баласы ретінде Олимпиада жолдамасын ұтқанымды, Олимпиада ойындарын көзбен көріп, қолмен ұстамасам, пісуім, жетілуім кем соғатынын түйдектете айтып жібердім де, «Аға, Дәулет Тұрлықановтың кітабын жазып жатыр едім, күресін көзбен көргім келеді», деп тізгінді зорға тарттым-ау деймін.

Қаратай аға сөзімді бөлмей, мейірлене тыңдап алды да, оң жағындағы ақсұр телефонның дауысын дыңылдата көтеріп алып, нөмірін тере бастады.   Ар жақтағы кісі көп күттірген жоқ: «Каратай Турысович, я Вас слушаю», деді жарқын дауыспен. «Дорогой ..., ты мой друг?!» «Какой разговор, Каратай Турысович!» «Дорогой друг! Я хочу отправить тебя в Австралию, во главе  легкоатлетической команды республики, ну как, поедешь?» «Еще как поеду!» «Тогда взамен ты отправишь моего самого талантливого, самого одаренного спортивного журналиста в Барселону, на Олимпийские игры». «Не вопрос! Письмо с Вашей подписью и Ваш человек поедет на Олимпийские игры».

Министр мен бейтаныс адамның әңгімесінен жаным рахат тапты. Қаратай ағам құдды бір туған жиенін еркелеткендей кейіпте. Мені алғаш рет көріп отыр, сөйте тұра жатырқамай, бетімнен қақпай, талайдан бері уайымға  батырған түйінді мәселембі әп-сәтте шешіп берді. Мұндайда  атам қазақ: «Жақсыда жаттық жоқ», - дейді емес пе! Иә,«Жақсылардың көңілі – алтын сандық». Сөйтіп, аяқ астынан Қаратай Тұрысовтай елге сыйлы үлкен адамның ілтипатына бөленіп, ағамен емен-жарқын әңгіме шертісіп, шиырып қол қойған хатын кеудеме басқан күйі спорт министрлігінен алшаң басып сыртқа шықтым.

Сол жылдың маусым айының соңында Дендербай аға, Ермұрат замандас үшеуміз есімі Кеңес одағына кеңінен танымал комментатор Владимир Маслаченко, ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы Василий Алексеевпен бірге Мәскеуден Барселонаға ұштық. Бұл Ермұрат екеуміздің алғашқы Олимпиадамыз болатын.

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында әйгілі желаяқ, Совет одағының 6 дүркін чемпионы әрі рекордшысы,  Еуропа кубогының жеңімпазы Әмин Тұяқовтың бенефисі жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар – президенттің қазіргі  кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы екеуміз.

Кешке келген қонақтардың атағынан ат үріккендей: Нұрғиса Тілендиев, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Шоқыр Бөлтекұлы, Қабден Байдосов, Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов, Фариза Оңғарсынова, Досхан Жолжақсынов...  

Нұрғиса Тілендиев бастаған  «Отырар сазы» ұлт аспаптар оркестрі салтанатты жиынның сәнін келтіре әсем ән мен тәтті күйден шашу шашса, сәлден кейін төрдегі экранда Әмин Тұяқовтың 1965 жылы Алматы қаласындағы КСРО чемпионатында чемпион атанған сәті көрсетілді. Алдыңғы қатарда, Қаратай Тұрысұлының сол жағында отыр едім, Әмин аға қалың жанкүйердің делебесін қоздыра мәре сызығын бірінші қиған сәтте оң жағыма ұрлана қарағаным сол еді, Қаратай ағамның аялы  жанарынан ыстық жас тамшылап  тұр екен.  Министрдің көз жасын тұңғыш рет көруім. Иә, ел билеген ағалар да сезімге беріледі екен. Ұлтының ұранды сәтінде ел ағалары да толқиды екен. Орда бұзар отыз жасымда осындай бір жан толқытар сәтке куә болғаным бар.

Қаратай ағамен талай жерде жолымыз тоғысты. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, республиканың вице-премьері болған кісінің бәз біреулер тәрізді қызметін малданып кісімсінгенін, шалқақ басып, тәкаппарланғанын көрмеппін. Қашан көрсең де алғаш кездескендегі қарапайым қалпынан, текті болмысынан  айныған емес. Ағамыз республика спортын екі жылдай басқарды. Сол екі жылда қазақтың екі марғасқасы – Әмин Тұяқов пен Әбдісалан Нұрмахановты Қазақстанның жеңіл атлетика және бокс құрамаларына бас бапкерлікке тағайындады. Ұлттық мүддеге қатысты талай бастамаларымызды жерге түсірмей қолдап отырды.

Жақсы ағаны бүгін еске алып отырмын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» дейді бабаларымыз. Қаратай ағамның мәңгілік тұрағы жәннат бақшалары болуына шын пейіліммен тілектеспін», - дейді Қыдырбек Рысбек.

Қайрекең "Бәрімізде жер бетіне жаратқанның уақытша жіберген пендесіміз", - дейтін еді. Сол қысқа ғұмырда қолдан келгенше жақсылық жаса, көптің батасын ал. Ол ұрпағыңа даритын ел алғысы. Сені ұлт жадынан ұмыттырмайтын халықтың ізгі ниеті дейтін еді Абыз аға!

Кей-кезде өзінің өмір жолын да айта отыратын:  «Менің өзіммен бірге туған үш ағам соғысқа кетті. Артынша біздің үйде тәрбиеленіп өскен әкемнің ағасының үш баласын алды. Сол алты ағамның төртеуі ерлікпен қаза болып, екеуі елге мүгедек боп оралды, кейін аурулары асқынып, олар да өмірден өтті. Тірі қалғанымыз тіршілік жасап, жер жыртып, жүгері егіп күн кештік, құдайға шүкір.

Біздің халық кең халық қой. Есімнен бір кетпейтіні – сол кезде біздің үйді кішкентай екі қызымен немістің әйелі паналады. Құрбақа теріп жеп, қаңғып жүрген жерінен шешем шақырған болу керек. Анамның өзі нанға карточка алу үшін мектепте сыпырушы боп істейтін. Өз балалары немістің қолынан опат болса да, анам байғұс әлгі неміс әйелімен нанын бөлісті, сондай халықпыз біз...»


Халық жазушысы Шерхан Мұртаза ның досы туралы айтқан естелігі

«Қаратай досыммен 8 - сыныптан бастап бірге оқыдық. Әкесін көріп едім, қоржынменен баласына талқан, тамақ, керекжарақтарын әкелеп тұратын. Сонда көріп едім ол кісіні, қасына дейін ағарып кеткен ақсақал. Шашы ақ, сақал-мұрты да ақ кісі еді. 10 - сыныпты бірге бітірдік. Сол кезде Оқу министрінің орынбасары Әди Шәріпов деген кісі болған. Ол әрқайсымызға 200 сом берді, мынау жол қаражаттарың деп. Содан білім алсақ жаһандық шаһар Мәскеуден бастайық деп,  Кеңес елінің астанасына тарттық. Ауылда оқыдық. Қазақша дәріс алдық. Соған қарамай, Қаратай бастап, мен қостап Мәскеуге келдік. Келдік те ең мықты жоғары оқу орындарының студенттері атандық. Қазақ ауылының мектебі де жаман оқытпайтынын көрсеттік. Қаратай Геология институтына қабылданады. Ал, мен полиграфия институтының студенті атандым. Кейіннен баспагерлер Ломоносов атындағы Мәскеу университетіне қосылды. Қаратай Мәскеудегі оқудан соң Қарағанды облысында кен шығаратын «Қаражал» деген қала бар, соны басқарды. Жезқазғанның бер жағында, Қарағандының ар жағында орналасқан қала. Бәленбай жыл соны басқарды. Мен сонда барып көзіммен көріп жүрдім, жұмыстары ол кезде шынында да қиын еді. Соған қарамастан жақсы басқарды. Міне, алпыстан асқанда да Қаратай екеуіміз қатар келеміз. Бір үйде тұрамыз. Парламент Мәжілісінің депутатымыз. Қаратай тумасынан бастық болып үйренген ғой. Біздей қатардағы депутат емес, білдей он бес депутатты басқаратын Комитет төрағасы. Мен де мына Мәжілісте қаржы-экономикалық мәселелер дауысқа салынғанда жанымда отырған Қаратай қалай дауыс берсе, мен де солай дауыс берем.

Қазақтың Қаратайы мықты ғой...»

Халық ақыны Фариза  Оңғарсынова:

«Баяғы кезде билер, батырлар, айтқан сөзі халықтың құлағына пайғамбардың сөзіндей кіретін ақсақалдар болған ғой. Осы біздің заманымыздың жиырмасыншы – жиырма бірінші ғасырлардың тоғысында сондай кісілердің біреуі деп мен Қаратай Тұрысовты атар едім. Айтқаны ел аузында. Мақсаты жалғыз, ол осы Қазақ елінің жайнап өркендеуі. Тілегі ата-бабаларымыз сан ғасырлар армандап өткен Тәуелсіздік мәңгілік болса дейді. Сол үшін портфель ұстап тек қызметпен ғана жүрмеді. Ойларын қағазға түсірді. Кітап қылып шығарды. Жастар оқысын, экономика мамандығынигерсін деді. Тұрмысы жақсы мемлекет басқаға жалтақтамай, қол қусырмай өз жолымен жүретінін көрсетті.»

2 ақпан – қазақтың абыз Қаратайы, мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың туған күні!

 

Махат Садық, журналист

Makhat Sadyk
Бөлісу: