Қазақтарды Ресей мен Украина арасындағы соғысқа шақырғандар жазаланады

30 Маусым 2023, 11:45 1007

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты материалдар (жарияланымдар, бейнесюжеттер, посттар, пікірлер) белсенді жариялануда. Осыған қатысты Қостанай облысының прокуратурасы үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ретте олардың кейбіреулері Қазақстан азаматтарын қақтығысқа қатысуға шақырумен, қасақана арандатушылық сөздермен және екі тарап азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар көрінеу жалған ақпаратпен сүйемелденеді.

Әлеуметтік желілердің кейбір пайдаланушылары, соның ішінде Қазақстан азаматтары арасынан болып жатқан оқиғаларға көпшілік алдында пікір білдіре отырып, оларда еліміздің аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулер орналастыруда. Сонымен қатар, біздің облыс аумағында Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысу үшін Ресей Федерациясының аумағына жергілікті тұрғындарды іріктеу әрекеттері тіркелді. Бұл әрекеттерге Қазақстан Конституциясымен, біздің ел қатысушы болып табылатын жалпыға бірдей танылған халықаралық-құқықтық құжаттармен тыйым салынған, - делінген үндеуде.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде осындай арандатушылық сөздер мен үндеулерге берілмеуге шақырды.

Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы әскери іс-қимылдарға қасақана заңсыз қатысуы, сол сияқты ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмаушылық пен бөлінбеушілікті бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық-жазаланатын іс-әрекеттер (ҚР ҚК-нің 172, 174, 180-баптары) болып табылатынын және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатынын түсіндіреміз, - деді прокуратурадан

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат тарату үшін, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол әрекеттер үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделгені туралы ескертті.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды жоғарыда аталған кез келген құқық бұзушылықтарды жасаудан бас тартуға, осындай арандатушылық сөздер мен үндеулерге жол бермеуге және олардың алдын алуға шақырамыз, - делінген Қостанай облысының прокуратурасы үндеуінде.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: