Қазақтар үш айда 3 миллиард теңгеге алданып қалған

24 Сәуір 2023, 13:30 919

Қазақстанда биылғы 3 айдың ішінде 4 мыңнан аса интернет алаяқтық тіркелді,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді.

Ресми мәліметке сәйкес, алаяқтардың құрбаны болған адамдар 3 миллиард теңгеден астам шығынға батты.

Алаяқтық жасаудың ең көп тараған тәсілі – онлайн сауда, ол белгілі сауда алаңдарының сайттарында, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнамаларды орналастыру арқылы жүзеге асырылады. Алаяқтар тауарға немесе қызметке төмен баға көрсетіп, алдын ала төлемді немесе толық төлемді сұрайды. Биыл осындай 2 мыңнан аса қылмыс тіркелді, - деді Жандос Сүйінбай.

Жалпы, алаяқтардың құрбаны болмау үшін бірнеше қарапайым сақтық шарасын ұмытпау керек.

Олар:

- тексерілген жарнама сайттарын пайдалану;

- тауарды алғаннан кейін төлем жасау;

- тауардың бар екеніне көз жеткізу.

Ал сатушы басқа қалада болса, тауарды таныстар немесе туыстар арқылы жіберуді сұрауға болады.

EL.KZ
Бөлісу: