17.07.2025
17:25
3210
Қазақтар қандай ауруға жиі шалдығады?

Қазақтар қандай ауруға жиі шалдығады?

Қазіргі таңда қазақтар арасында жиі кездесетін аурулар саны артып келеді. Бұл – өмір салты, тамақтану мәдениеті мен экология сияқты бірқатар факторлардың әсері.  El.kz интернет порталының тілшісіне нутрициолог маман Гюзель Қайратқызы осы мәселеге қатысты пікірін білдіріп, нақты ұсыныстарымен бөлісті.

Жиі кездесетін ауру түрлері

Гюзель Қайратқызының айтуынша, қазіргі таңда қазақ халқы арасында жиі тіркелетін аурулар мыналар:

  • Қан қысымының жоғарылауы (гипертония)
  • Қант диабеті (әсіресе 2-тип)
  • Семіздік
  • Асқазан-ішек аурулары
  • Жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары
  • Өкпе аурулары – созылмалы бронхит, демікпе

Нутрициологтың айтуынша, бұл аурулардың жиілеуіне байланысты халықтың өмір сүру сапасы да төмендеп барады.

Аурудың басты себептері

Маманның сөзінше, қазақтар арасында ең жиі тіркелетін ауру түрі – жүрек-қан тамыр аурулары. Бұл – инфаркт, инсульт, гипертония сияқты дерттердің жиі кездесуімен байланысты. Мұндай ауруларға негізінен қимыл-қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау, созылмалы стресс және генетикалық бейімділік себеп болады.

Аурулардың таралуына бірқатар факторлардың тікелей әсері бар екенін айтады. Атап айтқанда:

  • Қозғалыссыз өмір салты, көп отыру, физикалық белсенділіктің аздығы
  • Майлы, тұзды, тәтті тағамдарды жиі тұтыну
  • Генетикалық бейімділік, мысалы, диабетке туыстық байланыс арқылы берілетін ықтималдылық
  • Кешкісін тойып, ауыр тамақтану
  • Суды аз ішу, жеміс-жидек пен көкөністі аз тұтыну

Өкінішке қарай, біздің халықта дәстүрлі тағамдар – ет, тұзды, майлы ас көп тұтынылады. Бұл – холестериннің көбеюіне, артериялық қысымның жоғарылауына алып келеді. Қимыл аз, жұмыс көбіне отырып жасалады, ал дене белсенділігі жоқ жерде жүрек ауруы міндетті түрде пайда болады, – дейді маман.

Тағам мен дәстүрдің дұрыс және бұрыс жақтары

Нутрициолог маман қазақтың дәстүрлі тағамдарының ішінде пайдалысы да, шамадан тыс тұтынылса зияндысы да барын тілге тиек етті.

  • Ет – ақуызға бай, пайдалы тағам. Бірақ артық жесе, бүйрек пен бауырға салмақ түсіреді.
  • Қымыз – өте пайдалы пробиотик, ас қорыту мен иммунитетті жақсартады.
  • Бауырсақ – ұн мен майға қуырылған, артық мөлшерде тұтынылса семіздік пен қант диабетіне себеп болуы мүмкін.

Негізі, кез келген тағам  егер ол шамадан тыс болса – зиян. Ет – пайдалы, бірақ теңестірілген рационда ғана. Бәрі мөлшермен болғаны абзал, – деп атап өтті Гюзель Қайратқызы.

Қате тамақтану әдеттері

Гюзель Қайратқызы көптеген ауру түрлерінің таралуына халық арасында кең тараған келесі әдеттер де әсер ететінін атап өтті.

  • Тәтті шайды көп ішу, онымен бірге нан жеу – инсулиннің күрт көтерілуіне, диабетке әкелуі мүмкін
  • Суды аз ішу, оның орнына газды немесе тәтті сусындарға әуестік
  • Жеміс-көкөністі аз тұтыну, әсіресе маусымдық өнімдерден бас тарту
  • Кешкі уақытта тойып, кеш тамақтану

Тәтті шай мен ақ нан – дәстүрлі дастарханымыздың бір бөлігі. Алайда олардың ағзаға нақты пайдасы жоқ. Оның орнына шөп шай не жай су ішкен дұрыс. Бұл – қант диабетінің алдын алу жолы, – дейді маман.

Денсаулыққа пайдалы кеңестер

Нутрициолог маман халыққа мынадай пайдалы кеңестер ұсынады:

  • Күнделікті қозғалысты арттыру, кемінде 30 минут жаяу жүру
  • Маусымдық жеміс-жидектер мен көкөністерді жиі тұтыну
  • Күні бойы су ішу, су балансын сақтау
  • Түскі ас – негізгі тамақ, кешкі асты жеңіл ету
  • Стресті басқару, психологиялық тұрақтылыққа мән беру

Гюзель Қайратқызының пікірінше, қазақ халқының денсаулығына ең үлкен қауіп – саламатты өмір салтын сақтамау, медициналық сауаттылықтың төмендігі және дер кезінде дәрігерге жүгінбеу. Оның айтуынша, кез келген аурудың алдын алу – оны емдеуден әлдеқайда тиімді.

Халықтың денсаулығы – ұлттың қауіпсіздігі. Әрбір адам өз денсаулығына жауапты екенін ұмытпауы керек. Денсаулық сақтау – тек дәрігердің емес, бүкіл қоғамның ісі, – дейді маман.

Қазақ халқының өмір сүру ұзақтығын арттырып, сапалы өмір сүруге мүмкіндік жасау үшін әрбір азаматтың денсаулығын жақсарту басты мақсат болуы тиіс. Бұл – тек бүгіннің емес, ертеңгі болашақтың да қамы.

Ең бастысы – өз ағзаңды тыңдай білу. Қай тағам жақсы әсер етеді, қайсысы ауырлық түсіреді – соны сезіну. Салауатты өмір салты – бүгінгі емес, болашақ ұрпаққа қалдырар ең құнды мұрамыз, – деді нутрициолог маман.

Сондай-ақ мамандар онкологиялық аурулар да қазақтар арасында жиі кездесетінін айтады. Ең үлкен проблема – уақытында дәрігерге қаралмау. Қазақ халқында «бәрі Алланың қолында» деген түсінікпен дер кезінде емделуден қашу, ауруды жасыру, өздігінен емделу сынды әдеттер кең таралған.

Егер біз жылына бір рет скринингтен өтіп, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарасақ, көптеген онкологиялық ауруларды ерте анықтап, емдеуге мүмкіндік болар еді, – дейді маман.

Аурудың алдын алу – оны емдеуден әлдеқайда оңай. Тамақтану мәдениетін өзгерту, қозғалыс деңгейін арттыру және дұрыс күн тәртібін сақтау – әр адамның өз қолындағы мүмкіндік.

Бұған дейін тер бөлінуін күшейтетін тағамдар туралы жазылды.