11.04.2026
15:29
163

Қазақстанның жоғары оқу орындары халықаралық деңгейге қалай шықты?

Қазақстан жаһандық білім беру индексінде үздік 20 елдің қатарына кіріп, маңызды жетістікке қол жеткізді. Халықаралық стандарттарға негізделген бұл рейтинг елдегі білім беру жүйесінің сапасын, университеттердің деңгейін және салаға құйылатын инвестицияны жан-жақты бағалайды.

Рейтинг қалай түзіледі?

Жаһандық білім беру индексі екі негізгі критерийге сүйенеді. Біріншісі – QS World University Rankings тізіміне енген университеттердің саны. Бұл көрсеткіш жоғары оқу орындарындағы білім сапасын, оқытушылардың біліктілігін, ғылыми зерттеулердің деңгейін және түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін қамтиды.

Қазіргі таңда Қазақстанның 10-нан астам университеті осы беделді рейтингке енген. Соның ішінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 317-орында тұр және әлемнің үздік 400 жоғары оқу орны қатарына кіреді. Университет ғалымдары халықаралық деңгейдегі Q1, Q2 санатындағы ғылыми журналдарда мақалаларын жариялап, отандық ғылымның беделін арттырып келеді.

Екінші маңызды критерий – білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі. Бұл көрсеткіш елдің білімге қаншалықты басымдық беретінін айқындайды.

Қазақстанның орны қандай?

Жалпы 216 ел қамтылған рейтингте Қазақстан 18-орынға тұрақтаған. Ал көш басында АҚШ тұр. Алғашқы бестікке сондай-ақ Ұлыбритания, Қытай, Германия және Аустралия енген. Рейтингтің соңғы орындарында Ауғанстан мен Африка құрлығындағы кейбір елдер орналасқан.

Академиялық хабқа айналу мүмкіндігі

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жоғары позиция Қазақстанның академиялық хабқа айналу мүмкіндігін арттырады. Себебі әлем бойынша талапкерлер оқу орнын таңдағанда халықаралық рейтингтерге сүйенеді. Олар үшін бұл – сенімді бағдар.

Қазірдің өзінде Қазақстанда 40 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда. Бұл көрсеткіш елдің білім беру жүйесіне деген сенімнің артқанын білдіреді.

Экономикалық әсері қандай?

Мамандардың пікірінше, білім беру саласындағы жетістіктер тек имидж емес, нақты экономикалық пайда да әкеледі. Бір мың студент шамамен 1300 жаңа жұмыс орнын қалыптастыруға ықпал етеді. Яғни шетелдік студенттердің келуі – инвестиция, жаңа мүмкіндіктер және еңбек нарығының жандануына әсер ететін фактор.

Қазақстанның жаһандық білім беру индексінде топ-20-ға енуі – елдегі білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді. Университеттердің халықаралық деңгейге шығуы, ғылымның дамуы және білімге салынған инвестиция – осы жетістіктің негізгі себептері. Ал бұл үрдіс сақталса, Қазақстан Орталық Азиядағы ғана емес, бүкіл өңірдегі жетекші білім орталықтарының біріне айналуы әбден мүмкін.