28.09.2025
10:26
313
Қазақстанның үш қаласында ауа сапасы нашарлайды

Қазақстанның үш қаласында ауа сапасы нашарлайды

Синоптиктер 28 қыркүйекте Ақтөбе, Алматы және Атырауда қолайсыз метеожағдай болатынын ескертті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Қазгидромет» РМК хабарлауынша, 28 қыркүйек 2025 жылы елдің үш қаласында – Ақтөбе, Алматы және түнде Атырауда ауада зиянды заттардың шоғырлануы күшеймек.

Бұл құбылыс атмосферадағы табиғи процестерге байланысты. Желдің баяулығы, тұман және температуралық инверсия зиянды қоспалардың таралуына кедергі келтіріп, оларды жерге жақын қабатта ұстап қалады.

Қолайсыз метеожағдай – бұл атмосферадағы зиянды қоспалардың таралуына кедергі келтіретін табиғи жағдайлар. Оларға мыналар жатады:

  • штиль – толықтай немесе дерлік желдің болмауы;
  • әлсіз жел;
  • тұман;
  • температуралық инверсия – жылы ауа суық ауаны басып қалып, қоспалардың таралуын тежейді.

Бұл жағдайларда ауа сапасы төмендеп, әсіресе өнеркәсіптік аймақтар мен ірі жолдар маңында тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді.