«Қазақстанның табиғаты да, адамдары да керемет». Димаштың концертіне келген шетелдіктер сұхбат берді

16 Қыркүйек, 19:14 664

Астанада 13-14 қыркүйек күндері Димаш Құдайбергеннің «STRANGER» атты жеке концерті өтті. Концертке әлемнің 80 елінен 15 мыңға жуық жанкүйер келді. Олар Димаштың концертін тамашалап қана қоймай, қайырымдылық шараларын да ұйымдастырды. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазақстандық және шетелдік жанкүйерлермен тілдесіп, олардың әсері мен фан клубтың қызметі жайлы сұрады.

Шет елден келген жанкүйерлердің басым бөлігі Димаштың екі концертіне де билет алған. Жанкүйерлердің дені АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция, Испания, Польша, Беларусь, Ирландия, Финляндия, Өзбекстан, Германия және тағы басқа елдерден келді. Оларды Қазақстандағы Димаштың фан клубтарының бірі қарсы алған. Біз Испаниядан келген жанкүйерлерді қарсы алған Орынша Қуанқызымен тілдестік.

Орынша Қуанқызы – жасы жетпісті алқымдаған Орал қаласының тумасы. 42 жыл медицина саласында мейірбеке болып қызмет атқарған. Зейнетке шықса да саладағы қызметін тоқтатпаған. 2017 жылдан бері Димаштың шығармашылығын бақылайды. Сөзінше, Димаштың 15 жеке концертіне қатысқан.

Димаштың концертіне екі күн қатарынан қатысып отырмын. Бұл менің он бесінші концертім. Концертке арнайы Испаниядан келген 80 адамдық фан клубты күтіп алдым. Олармен бірлесіп Димаштың атынан қайырымдылық қор өткіздік. Сонымен қатар Димаштың «Дайдилау» мейрамханасынан дәм тарттырдық. Келген меймандарды Астана маңындағы Бурабайға апарып, Қазақстанның керемет табиғатымен таныстырдық. Сондай-ақ, «Алжир» лагеріне апарып, еліміздің тарихынан сыр шерттік, - дейді жанкүйер.

Орынша Қуанқызы бұған дейін Алматыда өткен Димаштың концертіне келген шетелдіктерді күтіп алып, экскурсия жүргізгенін де айтты.  

2022 жылы Алматыда Димаштың концертіне Мәскеуден келген жоғарғы сотта істеген лауазымды тұлғаны Ақтөбеден күтіп алдым. Одан Оралға, кейін Алматыға және Астанаға апарып, қыдыртып, шығарып салдық. Арнайы Димаштың концерті үшін келетін мұндай меймандарды қарсы алған сәттеріміз өте көп болды, - дейді Орынша ханым.

Орынша Қуанқызы Димаш 2021 жылы Новая волна байқауында қазылар алқасының мүшесі болған кезде қолдау үшін Сочиге фан клубпен бірге барғанын айтады. Сөзінше, Димаш шет елдегі бағдарламаларға қатысса, жанкүйерлер міндетті түрде қалмауға тырысатынын жеткізді.

Димашты бүкіл әлемдік елші деп айтсақ артық емес. ХХІ ғасырда өмірге келген ұлы тұлға. Димаштың еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан осы уақытқа дейін тәрбиелеген ата-анасына алғысымыз шексіз, құрметтейміз. Әрине, бұның барлығы қан мен сүттен келген тектіліктің көрінісі. Жас кезімізде басқа елдің әртістеріне қызығып, тыңдап өстік. Ал бүгінде бізде әлемді аузына қаратып отырған Димаш бар»,- дейді.

Айтуынша, испаниялық жанкүйерлермен Самбулдағы концертте танысқан. Олар қазақстандықтарға зор құрметпен қарап, жақсы көреді. Сондықтан Димаш сияқты жанға әлемнің әр түкпірінен дос пен бауыр табуға көмектескені үшін өз алғасын білдірді.

Қарағанды қаласының тумасы Мария Садықбекова да шетелдік қонақтарды қарсы алып, оларға еліміздің мәдени орындарын және Димаштың құрметіне ұйымдастырылған көрмеге бірге барғанын атап өтті.

Бүгінде жасым 70-те. Димашпен алғаш рет 2012 жылы таныстым. Ол кезде Димаш Жас қанат байқауына қатысқан болатын. Ол кезде Димаш әлі жас бала еді. 2017 жылы оның Қытайдағы байқауға қатысып жатқанын естіп, қолдау көрсеттім. Алғаш реті Димаштың Беларуста өткен жеке концертіне бардым. Ол мен үшін естен кетпес кеш болды. Кейін Алматы, Гонконг, Малайзия, Стамбулдағы концерттеріне бардым. Димаштың арқасында көп елде болдым. Осы жолы концерттің екі күніне де қатыстым. Бірақ жанкүйерлер үшін екі концерт те аз. Әрине, үшінші концерт артық етпес еді, - деді қарағандылық жанкүйері.

Мария Садықбекова концерттен кейін шетелдік меймандар  үшін пати ұйымдастырған. Онда қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тигізіп, ғұрпымызды танытқан.

Беларустан келген жанкүйерлер

Шет елден келген жанкүйерлердің басым бөлігі Димаштың командасында бірге жұмыс істейтін Олжас Құрманбектің де жеке концертіне билет алған екен.

Солардың бірі – Беларустан келген жанкүйері Маино Кравченко.

Сөзінше, Беларуста Димаштың арнайы фан клубы бар. Онда 40-тан астам адам Димаштың атынан түрлі шаралар ұйымдастырады.

2019 жылдан бері Димаштың шығармашылығын бақылаймын. Димашты алғаш рет Минск аэропортында көрдім. Ол кезде Димаш Славян базарына қатысып, қазылар алқасы болуға келген еді. Осы жолғы жеке концертіне Беларустан 12 адам келді. Оның отбасы жайлы да барлығын білеміз. Сонымен қатар, барынша оның концерттерін өткізіп алмауға тырысамыз. Димаш өзінің әр жанкүйерін қымбаттым деп атайды. Сондықтан біз де оны қымбатты жанның қатарына жатқызамыз. Димаштың әндерін тыңдағанда  міндетті түрде көзіне жас келіп, жүрегін елжірейді, - дейді Маино Кравченко.

Испаниядан келген жанкүйерлер 

Димаштың концертіне келген жанкүйерлер Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын да тамашалаған. Олар түркі халықтарының мәдениетіне қатысты көп мәлімет білгенін жеткізді. 

Солардың бірі Бени Мартинез Испаниядан Қазақстанға екі апта бұрын келіп,  V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына да қатысып, байрақты доданы үлкен қызығушылықпен тамашалағанын айтады. 

Осымен Астанаға екінші рет келіп отырмын. Бұл елді қатты жақсы көремін. Табиғаты да, адамдары да өте керемет. Димаштың өнеріне де құрметім зор, - деді испандық Бени Мартинез.

Миражан Махан
Бөлісу: