Қазақстанның бес онколог дәрігері АҚШ және Швейцарияның озық медицина клиникаларында тәжірибеден өтуге дайындалып жатыр. Іс-тәжірибе Халықаралық дипломнан кейінгі медициналық бағдарлама (IPSM) аясындағы тегін оқу аясында өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
IPSM жобасын израильдік IHEA қоры қазақстандық EA Group корпоративті холдингі EA Charity қорының қолдауымен жүзеге асыруда және онкологтардың дипломнан кейінгі білім алу бойынша сәтті моделін кеңейтудің алғашқы халықаралық тәжірибесі саналады. Қазақстан халықаралық жобаның мектебі іске қосылған алғашқы ел атанып отыр.
Қазіргі таңда IPSM бағдарламасы бойынша Қазақстанның 4 қаласынан келген (Астана, Алматы, Семей және Қарағанды) 27 студент онкогематология, орнықты онкология және патоморфология секілді үш бағыт бойынша білім алуда. 2023 жылдан бері шәкірттер екі кезеңмен іріктелді. Барлығы 700-ден астам өтінім түскен. Қазір екінші кезеңнің студенттері АҚШ және Швейцария клиникаларында тәжірибеден өтуге дайындалуда. Алдымен бес студент оқуға аттанады: екі онколог – АҚШ-қа, ал үш онкогематолог – Швейцарияға.
Оқу бағдарламасында:
Әлемнің 11 елінің жетекші мамандарымен бірге қарқынды оқу;
Тәжірибелі кураторлармен бірге клиникалардағы іс-тәжірибе;
Медициналық ағылшын тілін үйрену де бар.
IPSM жобасы бойынша білім алу процесі белсенді оқу қағидаттарына негізделген: студенттер дәстүрлі лекциялардың орнына клиникалық жағдайларды талқылауға, журнал клубтарына және қарқынды тәжірибе сабақтарына қатысады. Қазіргі таңда студенттер әлемнің жетекші клиникаларының 45 оқытушысының жетекшілігімен 1260 сағат сабақ өтті, оларға Балтимордағы (АҚШ) Mercy клиникасы гастро-интестиналды онкологиясының директоры доктор Вадим Гущин жетекшілік етті.
Бұл бағдарламадағы оқу жеңіл емес. Студенттер апта күндері кураторлармен бірге клиникалық базаларда жұмыс істейді, медициналық ағылшын тілін үйренеді. Ал демалыс күндері әлемнің әр түкпіріндегі оқытушылармен бірге түрлі жағдайларды зерделейді. Сонымен қатар дүниежүзінің үздік клиникаларынан арнайы келетін дәрігерлермен бетпе-бет кездесулер өтеді, ол сабақтар күніне 8 сағат бойы бірнеше күнге созылады. Студенттер, бұған қоса, ауқымды үй тапсырмаларын орындайды және үнемі аттестациялаудан өтіп тұрады, – дейді IPSM өкілдері.
IPSM дипломнан кейінгі оқу мектебі (International Postgraduate School of Medicine) – бұл онколог дәрігерлерді халықаралық деңгейдегі біліктілікке үйрету жобасы. Жобаның басты мақсаты – Қазақстанды ең заманауи және озық білімді меңгерген, әлемнің үздік клиникалары дәрігерлерінің біліктілігінен кем түспейтін онколог дәрігерлермен қамтамасыз ету. Бағдарламаның әр түлегі жылына орта есеппен 500 науқасқа көмек көрсетеді деп күтілуде, ал бұл Қазақстандағы сапалы онкологиялық көмекке қолжетімділікті едәуір арттыра түспек.
Қазақстандық EA Group корпоративті холдингі EA Charity қорының қолдауымен 2023 жылы басталған білім беру бастамасы әлемнің 11 мемлекетінің мамандары қатысатын халықаралық жобаға айналды. Жоба толық коммерциялық емес – күрделі төрт деңгейлі іріктеуден өткен студенттер (медициналық жоғары оқу орындарының резиденттері) екі жылдық бағларламадан толық тегін өтеді.