Қазақстанның халықаралық кредиттік рейтингі жақсарды

4 Наурыз 2023, 08:35 1120

Осылайша, дербес кредиттік рейтинг расталды

Standard&Poor's халықаралық рейтингтік агенттігі «BBB-/А-3» деңгейінде Қазақстанның дербес кредиттік рейтингін растап, болжамды «негативтен» «тұрақтыға» жақсартты, деп хабарлайды El.kz Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанның рейтингін қолдайтын маңызды факторлар – ел экономикасының тұрақты фискалдық және сыртқы теңгерімдері. Бұл ретте өтімді сыртқы активтерінің болуы Қазақстанның фискалдық тұрақтылығына оң әсерін тигізеді.

S&P өз есебінде елдің фискалдық және сыртқы теңгерімдері тұрақты болып қала беретінін және Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жұмысындағы уақытша іркілістерге байланысты мұнай экспортының төмендеуінен туындайтын ықтимал әсерді жеңілдету үшін жеткілікті болатынын атап көрсеткен.

Сондай-ақ сарапшылар ҚР Үкіметі жүргізіп жатқан тиімді макроэкономикалық саясатты атап өтті. Нақтылай айтқанда, Үкіметтің макроэкономикалық саясаты инвестициялық бағдарламалар арқылы экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, мемлекеттің қатысуын қысқартуға, бәсекелестікті дамытуға, салық саясатын жетілдіруге, мемлекеттік сатып алу саласын реформалауға, сондай-ақ бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған.

Агенттік сарапшыларының пікірінше, мұнай емес сектордағы тұрақты өсім шетелдік инвестицияларды тарту бойынша қабылданып жатқан шаралармен де қолдау табады.

Жалпы, S&P Қазақстан экономикасының 2023 жылы 4,1% және 2023-2026 жылдары орта есеппен 4% өсуін болжайды.

EL.KZ
Бөлісу: