Белгілі дәстүрлі әнші, Қазақстанның халық әртісі Майгүл Ибрагимқызы Қазтұрғанова өмірден өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Майгүл Ибрагимқызы Қазтұрғанованың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады, – делінген ресми хабарламада.
Майгүл Ибрагимқызы – қазақтың дәстүрлі ән өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, ерекше дауыс иесі әрі ұлттық мәдениеттің шынайы жанашыры еді. Ол халық композиторлары мен кәсіби авторлардың таңдаулы туындыларын асқан шеберлікпен орындап, қазақ музыкасын әлемге танытқан өнер иесі ретінде есте қалды.
Өнер жолын атақты Нұрғиса Тілендиев басқарған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде бастаған әнші өмір бойы ұлттық өнердің өркендеуіне адал қызмет етті. Оның орындауындағы туындылар ел жүрегінен берік орын алып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына енді.
Майгүл Ибрагимқызының адамдық болмысы, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен рухани тазалығы – кейінгі буынға өшпес өнеге. Оның жарқын бейнесі мен бай шығармашылық мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады, – делінген министрліктің жазбасында.