Қазақстанның халық артисі Димаш Құдайберген 30 жасқа толды

24 Мамыр, 10:12 823

Бүгін әнші, композитор, мультиинструменталист, Қазақстанның халық артисі Димаш Құдайберген 30 жасқа толды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Талантты әнші түрлі халықаралық байқауларда үздік атанды. 2013 жылы «Мейкин Азия» І Халықаралық фестивалінің жеңімпазы болды. Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық «Славян базары-2015» эстрадалық ән орындаушылар байқауында Гран-при жеңіп алды. 

2015 жылы Ыстанбұлда Димаш Құдайберген «Abu TV» Халықаралық Азия-Тынық мұхит фестивалінде Қазақстан атынан алғаш рет қатысты. Ал 2017 жылы Қытайда өткен «I’am singer» жобасында әнші дүйім жұртты тәнті етті.

Димаш Құдайберген 5 жасынан бастап фортепианода ойнауды үйренген. Ол серб, итальян, француз, ағылшын, орыс т.б тілдерде ән орындайды.

Димаштың таң қалдырарлық ерекше дауысы бар.
Ол бір концертте фортепианоның клавиштері жоқ, 7 октаваға болатын Фа нотасын алып, күллі әлемді аузына қаратты. Мамандар  дауысты мұндай деңгейге көтеру өте қиын екенін бір-бірімен жарыса жазып, таңданысын жасырмады.  

Гиннес рекордтар кітабында ең ұзақ орындалған нота 20,2 секундқа жететін болса, Димаш жасөспірім кезінде-ақ бір нотаны 23 секундқа дейін созып орындай алған. 

Димаш 2021 жылы THE 100 MOST ATTRACTIVE ASIAN CELEBS рейтингінде топ жарып, Азияның ең сымбатты жігіті атанды.

Бүгінде өнерпаздың миллиондаған жанкүйері бар.
Димаштың 30 жасқа толуына орай, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері қазақ тілінде ән шырқады. «Mahabbat Ber Magan» композициясын қазақ тілінде 21 елден келген 98 жанкүйер орындаған.

Димаш Құдайберген өзінің таудай талабы, біртуар талантымен еліміздің атын асқақтатып, әлемге танытып келеді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: