Қазақстанның геологиялық деректері цифрландырылады

Кеше, 11:19 275

Қазақстан Үкіметінің отырысында Ұлттық геологиялық қызметтің (ҰГҚ) төрағасы Ерлан Ғалиев салалық ақпаратты цифрландыру бойынша негізгі бастамаларды таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, Қызмет Қазақстандағы сенімді әрі толық геологиялық-геофизикалық деректердің негізгі жеткізушісі саналады. Қажетті учаскені егжей-тегжейлі зерделеу кезінде әлеуетті жер қойнауын пайдаланушы (инвестор) зерттелетін нысанның толық бейнесін талап етеді. Мұрағаттарда сақталатын бастапқы геологиялық ақпаратты сканерлеу және цифрландыру жүргізіледі. Қорларда – қағаз материалдары, магниттік таспалар, картридждер түрінде сақталатын карталарды, графиканы және мәтіндік ақпаратты қосқанда, 4,5 млн-нан астам деректер бірлігі бар. 2023 жылдан бастап материалдардың шамамен 40%-ы цифрландырылды.

Негізгі міндеттердің бірі – бұл деректерді машинада оқылатын форматқа түрлендіру, бұл ақпаратты біріздендіруге және стандарттауға мүмкіндік береді. Осы міндетті шешу үшін ҰГҚ бастамаларды тиімді іске асырудың БАӘ тәжірибесі бойынша инновациялық тәсілдері енгізілген «Үкіметтік акселераторлар» бағдарламасына қатысады. Біздің қысқа мерзімді жобамызда 100 күннің ішінде негізгі бастамалар іске асырылатын болады, — деп атап өтті Ерлан Ғалиев.

Акселерация шеңберінде күрделі орындарды анықтау, міндеттерді қою және оларды жедел орындау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қазақстандық жоба интерактивті карталарды әзірлеуді, графикалық материалдарды векторлауды, есептеу қуатын қамтамасыз етуді және мамандарды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге оқытуды қамтиды. 2-3 петабайтты өңдеу керек, бұл айтарлықтай ресурсты қажет етеді.

Мынадай техникалық шаралар іске асырылуда:

OCR және ЖИ көмегімен мұрағаттық деректерді цифрландыру;

машинада оқылатын форматқа түрлендіру үшін графиканы цифрландыру;

деректерді біріктіру және Big Data қалыптастыру;

деректерді талдау үшін арнайы ЖИ енгізу.  

Мадина Асылбекова
Бөлісу: