Қазақстанның ғарыштық байланысына 20 жыл толды

18 Наурыз, 19:36 641

Бүгін Қазақстанның Ұлттық байланыс және хабар тарату операторы – Республикалық ғарыштық байланыс орталығы 20 жылдық мерей-тойын атап өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты шараға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «РҒБО» АҚ басшылары мен қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен министрліктің ведомствоға бағынысты ұйымдарының өкілдері қатысты.

Министр Бағдат Мусин өз сөзінде Қазақстан 20 жыл ішінде бұл бағытта біраз жұмыс атқарғанын және бүгінде мақтануға тұрарлық жетістіктер бар екенін атап өтті.

Біріншіден, бұл өзіміздің байланыс және хабар тарату спутниктерінің болуы. «KazSat» сериясының үш ұлттық байланыс спутнигі ұшырылды, оның екеуі геостационарлық орбитада сәтті жұмыс істеуде. Екіншіден, бұл ғарыш аппараттарын басқаруға арналған бірегей жерүсті ғарыш инфрақұрылымы. Бүгінде біз Қазақстанның өзінің ұлттық ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі, өзінің орбиталық жиілік ресурсы, ең бастысы, ғарыштық байланыс инженерлерінің кәсіби командасы бар екенін мақтан ете аламыз, - деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ министр әріптестерін мерекелерімен құттықтап, «РҒБО» АҚ үздік қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады.

Бүгінде Қазақстанда толыққанды ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі бар. Республикалық ғарыштық байланыс орталығы KazSat-2 және KazSat-Z жерсеріктерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Ғарыш аппараттары еліміздің солтүстігіндегі негізгі жерүсті кешенінен – Ақмола облысындағы «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығынан және Қазақстанның оңтүстігіндегі Алматы облысындағы «Көктерек» резервтік ғарыштық байланыс орталығынан басқарылады.

Екі ғарыш аппаратынан және екі жерүсті басқару кешенінен тұратын Қазақстан Республикасының ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі штаттық режимде жұмыс істеуде. 2011 жылы KazSat сериялы ғарыш аппаратының транспондерлік сыйымдылығының 12%-ын жүктеуден бастап, бүгінгі күні құрылғыларды жүктеу 76%-ға жетті, бұл Қазақстандағы байланыс спутниктері нарығының қажеттіліктерін 100%-ға қанағаттандыруға мүмкіндік берді. Ғарыштық байланыс қызметтерін еліміздегі 16 оператор табысты пайдаланады.

KazSat ұлттық байланыс спутниктері арқылы 16 мыңнан астам жерсеріктік байланыс станцияларының жұмыс істеуіне рұқсат берілді.

Қосымша кіріс көздері бойынша тапсырмаларды іске асыру шеңберінде «РҒБО» АҚ «Көктерек» ҒБО базасында Қазақстан Республикасының бірінші Телепортын әзірлеуді жалғастыруда.

KazSat сериясының байланыс спутниктері арқылы бүкіл республика бойынша, соның ішінде шалғай аймақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелерге (мектептерге, ауруханаларға, әкімдіктерге) интернет беріледі. Ғарыш аппараттары алғаш рет пойыздарда интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етті.

KazSat спутниктік байланыс қызметтерін отандық ірі операторлар, еліміздің барлық мемлекеттік органдары, құқық қорғау органдары пайдаланады.

20 жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. Алда жаңа міндеттер тұр, соның бірі – KazSat-2 және KazSat-3 жерсеріктерінің спутниктік сыйымдылығын жалға алу бойынша халықаралық нарықтарға шығу, ұлттық байланыс жүйесінің шоқжұлдызын арттыру.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында шалғайдағы ауылдық елді мекендерді кең жолақты Интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні 504-тің 176-і қосылды.

Сондай-ақ Қазақстанның 2 мың мектебін Starlink спутниктері арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары басталды.

Зарина Арман
Бөлісу: