Қазақстанның дүниежүзілік мұра нысандарын қорғау бастамалары талқыланды

26 Қыркүйек, 17:31 381

Абай атындағы ҚазҰПУ-де ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен ЮНЕСКО қорғауындағы Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын сақтау шаралары кешенін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара аясында министр университет басшылығымен кездесіп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Аида Балаева университет түлектерінің шығармашылық және қолөнер туындылары қойылған музейді де аралады. Ежелгі дойбы ойынына арналған көрмеге ерекше назар аударылды. Министр Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттаудың маңызын, еліміздің мәдени мұрасында алатын орны ерекше екенін атап өтіп, бұл спорт түрлерін жастар арасында кеңінен насихаттау қажет екенін сөз етті.

Кездесу барысында Аида Балаева Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудың маңызына тоқталып, бұл кездесу Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген нысандарды қорғау бойынша кешенді шараларды қамтамасыз ету жолындағы басты қадам екенін атап өтті. Ол жұмыс тобының мүшелерін болашақ ұрпақ үшін ұлттық мұраны қорғау мен сақтауға бағытталған ұсыныстар әзірлеуге және іс-шараларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

Кездесуде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенциясын жүзеге асырудың негізгі мәселелері, сондай-ақ мәдени дәстүрлерді сақтау саласындағы міндеттер мен перспективалар талқыланды. Қатысушылар жиі қолданылатын «материалдық емес» және «сезілмейтін құндылықтар» терминдері бойынша өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ Қазақстандағы мәдени мұра объектілерін қорғау жүйесін жетілдіру шараларына тоқталды. Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен дамытудың жаңа бастамалары ұсынылып, қатысушылар осы саладағы тәжірибелерін бөлісіп, алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгіледі.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, Қазақстан Республикасы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау ұлттық комитетінің мүшесі Жанерке Шайгөзова «Абай жолымен» жобасы аясында материалдық емес мәдени мұраны сақтаудың мәселелері мен келешегі» тақырыбында баяндама жасады. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның мәдени мұрасын ел ішінде де, шетелде де тиімді қорғауға және ілгерілетуге бағытталған әрекеттер мен шаралардың тұрақты негізін жасау.

Жоба аясында елімізде алғаш рет материалдық емес мәдени мұра саласындағы білім беру, ақпараттық-әдістемелік жұмыс және мамандардың біліктілігін арттыру мәселелері көтерілуде. Тарихи-мәдени мұра саласындағы мамандарды даярлау үшін пәнаралық білім беру бағдарламалары әзірленіп, сынақтан өткізілетін болады. Ұлы Жібек жолы бойындағы (Сығанақ, Жетіасар, Қаялық және т.б.) айшықты ескерткіштерді зерттеу, реставрациялау және музейге айналдыруды қоса алғанда, материалдық емес мәдени мұра саласындағы ғылыми жобаларды жүзеге асыру да жоспарлануда. Сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын ел ішінде де, шетелде де танымал етуге бағытталған Абай орталықтарының халықаралық және ұлттық желілері және Қазақстанның тарихи-мәдени және материалдық емес мұрасын көрсететін «Цифрлық форматтағы мұра» веб-порталы құрылады.

«Арнайы топтың жұмысын күшейтіп, оны өскелең ұрпақ арасында қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін көрсететін ұлттық құндылықтарды тиімді насихаттауға бағыттау қажет. Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, ұлттық кодымыздың элементтерін зерделеу және оларды дұрыс пайдалану, сондай-ақ ұсынымдар мен нақты ұсыныстар әзірлеу маңызды», – деді министр.

Отырыс соңында ұсынылған шараларды орындау, барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін үйлестіру және материалдық емес мәдени мұраны қорғау бағдарламасын жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуде алдағы қадамдар талқыланды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: