Қазақстанның бүгінгі әскери әлеуеті қандай?

7 Мамыр 2023, 10:08 2813

1992 жылы 7 мамырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Биыл еліміздің Қарулы Күштеріне 31 жыл толды.  Осы уақыт аралығында еліміздің әскери әлеуетіндегі өзгерістер мен жаңалықтар жөнінде әскери сарапшы мамандардың пікірін білдік.

Жыл басында «Global Fire Power» әлемдегі 145 елдің әскери күштерінің рейтингісін жариялады. Бұл тізімде Қазақстан 63 орында. Рейтингтің көш басында АҚШ, Ресей және Қытай секілді алып елдер орналасқан.

Ресурстың ақпаратынша, рейтинг 60-қа жуық талаптар аясында жасалады. Оған елдің жер көлемі жағынан аумағы, әскердің саны мен қару-жарақ, техника және тағы басқасы қамтылады.  

Дегенмен әлемдік «Global Fire Power» ұсынған рейтингпен әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов келіспейтінін айтты.  

Global Fire Рower ресурсы жыл сайын мемлекеттердің әскери қауһарын өлшеп, әлемде қандай орын алатынын көрсетеді. Елуге жуық критерийлері бар. Бірақта сол критерийлері релеванттыққа жатпайды. Кейбір критерийлер әскери қауһарды өлшеуге мүлдем келмейді. Мемлекеттің қандай қауһарын және кімге көрсетеді? Бұл рейтінг сонда кімге керек? Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери қауһары Global Firepower рейтінгінде көрсетілген орынынан белгілі сатыға дейін жоғары. Бірақта әлі қажетті орынға көтерілген жоқ, - деп түсіндірді сарапшы.

Әскери сарапшы Амангелді Құрмет те елдердің әскери әлеуетін белгілі бір критерийлер аясында есептеу ол елдің әскерінің қаншалықты мықты екенін көрсетпейтінін айтады.

Рейтинг көрсеткен тізім бойынша еліміздің әскери әлеуеті 63 орында екен. Осыдан 5-6 жыл бұрын 52-53 орындарда болдық. Дегенмен рейтингте тірелмей, елдің нағыз әскери әлеуетін шынайы ұрыс жағдайында ғана дәлелдеуге болады. Сондықтан әскерге баға беру қашан да қиын, - дейді Амангелді Құрмет.

Маманның айтуынша, өткен жылы Қазақстанның Қарулы Күштері 150-ге жуық техника сатып алды. Олардың нақты қандай техника екенін әскерилер ашық айтпаған. Дегенмен техниканың жартысы модернизациядан өткізілген, ал қалған жартысы жаңа техника болуы мүмкін деп топшалады.

2021 жылдың күзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекітті.

Тұжырымдамада әскери қауіпсіздік органдарын 2030 жылға дейін қалыптастырудың және дамытудың негізгі принциптері мен ұстанымдары қамтылған. Бұл құжат аясында атқарылатын іс-шаралар мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге, соның ішінде дағдарыс жағдайындағы әрекет ету мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Қазақстан короновирустан кейін биологиялық қауіпсіздікке де назар аудара бастады. Мемлекет басшысы қабылдаған жаңа тұжырымдаманың ішіндегі менің көзіме ерекше түскен бөлімі ол – Ғарыш және зымыран шабуылына қарсы қорғаныс желісін жетілдіру керек. Яғни, ғарыштан төнетін қауіп, сонымен қатар түрлі деңгейдегі зымырандардан төнетін қауіптің алдын алу және одан қорғану деген мәселені қамтиды. Қазақстан әскерінде әуе шабуылынан қорғану күштері жақсы қалыптасқан. Дегенмен ғарыштық және зымыранды қорғаныс дегенде қанатты зымырандар және реактивті зымырандар, тіпті баллистикалық зымырандар еске түседі. Олардан қорғану керектігін әлемде болып жатқан жағдайлар көрсетіп отыр, - деп түсіндірді әскери сарапшы Амангелді Құрмет.   

Бүгінде Қазақстан 40-тан астам елмен әскери-ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Әскери ынтымақтастықтың нәтижесінде Қазақстан әскері жауынгерлік қабілетін арттырып, әскери техниканы жаңғыртуда.

Сарапшы Қазақстан әскерінің әлеуетін арттыру үшін Қарулы Күштердің дамуына қызмет ететін өнеркәсіп салаларының дамығаны да маңызды екенін атап өтті. Атап айтқанда көлік логистикалық саласын, транспорттық авиация, әскерилер тұратын казармалардың да жаңартылғаны, жетілгені керек. Сондай-ақ, әскери техникалардың жабық нысандардың ішінде орналасуы маңызды.

Спиутниктен Қазақстан әскери авиациясының аэродромы қайда орналасқанын және қанша ұшақ тұрғанын көруге болады. Спутниктен түсірілген фотолардан да жарқырап айқын көрініп тұрады. Осындай базаларды жабық орындарда сақтау керек. Бұл жерде сырттан келген соққыдан қорғану мәселесі маңызды екенін айтқым келеді. Далада ашық жерде тұрған ұшақтарға соққы жасалса, көбісі қирап дымсыз қалуымыз ғажап емес. Ал жабық ғимараттарда тұрғанда техниканы қорғап қалу мүмкіндігі жоғары болады. Бұл да әскери әлеуетімізді арттыруға ықпал ететін тетік деп білемін, - деп түсіндірді Амангелді Құрмет.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 2030 жылға дейін Қазақстан әскеріндегі қару-жарақ пен техниканың жаңаланатынын айтқан болатын.

Дегенмен сарапшылар оқу-жаттығу, қару-жарақ пен техника ғана әскерді күшті, мықты етпейтінін түсіндірді. Мықты әскер болу үшін әскердің психологиялық дайындығымен жұмыс істеу керек және әскердегі әлімжеттікті тоқтату, өлім-жітімді жою керегін айтады.  

Амангелді Құрмет соңғы 10 жылда 220 әскери қызметші суицид жасағанын да айтты. Бұл жылына 20-дан астам суицид дерегі тіркеледі дегенді білдіреді. Бейбіт заманда жыл басынан бері 11 әскери қызметші қайтыс болған. Олардың көбісінің себебі әлі күнге дейін анықталмай отыр.

Бүгінгі таңда әскердегі өзекті мәселелердің бірі – әскердегі әлімжеттік. Сарапшылар әскердегі әлімжеттік кеше ғана пайда болмағанын айтады. Ол бұрын да болды, қазір де бар және оны тоқтатпайынша болашақта да болу қаупі барын жасырмады.

Әскердегі «әлімжеттіктің» дамыған деңгейі, әскери құрамының ішкі өмірін көрсетіп тұратын барометрі. Тәртіп барма, жоқпа деген сұраққа жауап береді. Осы параметрден білініп тұрады. «Әлімжеттікті» тоқтататын бірақ жол бар. Біріншіден - ол білікті және қатал командир, офицерлер, контракт бойынша әскери қызметтегілер. Екіншіден – сол әскери құрамда үстанатын белгілі күн тәртібі, ұлгілі және қатал үстанатын дәстүр. Сонда түгелдері бір адамдай болып түзу жүреді, - дейді Ермек Сейітбатталов.

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов қазіргі таңда әскерде әлімжеттік барын жоққа шығарды. Казармадағы бұзақылықтар бір мерзімге ғана келетін әскери бұзақылардың іс-әрекеттері деп түсіндірген болатын.

Миражан Махан
Бөлісу: