Еліміздің көк байрағы Reddit платформасында өткен онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша әлемдегі ең әдемі ту деп танылды. Платформа қолданушылары Flags of the World деп аталатын турнирге қатысып, ең үздік мемлекеттік туды таңдаған. Дауыс беру барысында Қазақстанның туы ондаған елдің туынан басым түсіп, финалға дейін жеткен.
Жартылай финалда ол Сейшел аралдарының туын басып озса, финалда Кирибати елінің туынан көп дауыс жинады.
Нәтижесінде турнир қорытындысы бойынша:
– екінші орынды – Кирибати туы,
Кирибати – Тынық мұхитының Микронезия мен Полинезия аймақтарында орналасқан/138 мың адам тұрады
– үшінші орынды – Бутан туы,
Бутан – Оңтүстік Азиядағы Гималай тауларында орналасқан/ 800 мыңнан астам адам тұрады
– төртінші орынды Сейшел аралдарының туы иеленді.
Сейшел аралдары – Үнді мұхитының батысында, Африканың шығысында орналасқан/130 мыңнан астам адам тұрады
Дауыс беруді ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар Қазақстанның туын ұсынылған барлық тудың ішіндегі ең үздігі деп таңдаған.
Қазақстан – біздің чемпион! Сіздер дауыс беріп, бұл туды әлемдегі ең үздік ту деп таңдадыңыздар. Қатысқан жандарға рақмет. Бұл үлкен, бірақ өте қызық жұмыс болды, – деп жазды ұйымдастырушылар.
Қазақстан туы туралы қызық деректер
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы 1992 жылғы 4 маусымда ресми түрде бекітілді. Тудың авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Сол жылы өткен арнайы байқауға Моңғолия, Германия, Түркия, ТМД елдері және басқа мемлекеттерден 1200-ге жуық суретші қатысқан. Нәтижесінде Шәкен Ниязбеков ұсынған эскиз тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы ретінде таңдалып, мемлекеттік рәміздердің бірі болып қабылданды.
Туда бейнеленген алтын күннің 32 сәулесі бар. Ал көк түс ерекше мағынаға ие. Ол адалдықты, бейбітшілікті, тұрақтылықты және береке-бірлікті білдіреді.
Қазақстан туы әлемнің әр түкпірінде желбіреп келеді. 1994 жылдың 1 шілдесінде ғарышкер Талғат Мұсабаев көк байрағымызды алғаш рет ғарышқа алып шықты. Ал 2015 жылы Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстан туы Жер шарын 150 рет айналып шыққан.
Көк байрағымыз әлемнің ең биік шыңы – Эверестке бірнеше рет көтерілді. 2011 жылдың 14 желтоқсанында Оңтүстік полюске жетудің 100 жылдығына орай Қазақстан туы Антарктидада тігілді. Ал 2015 жылдың 14 сәуірінде қазақстандық шаңғы экспедициясы туымызды Солтүстік полюс – Арктикада желбіретті. Сондай-ақ еліміздің туы әлемдегі ең биік жанартаулардың бірінің басына да орнатылған.
Қазақстандағы ең үлкен ту Астанадағы Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Ту тұғырының биіктігі – 111 метр. Ал тудың ені – 15 метр, ұзындығы – 30 метр.
Заң бойынша Қазақстанның Мемлекеттік туы мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына міндетті түрде орнатылады. Сонымен қатар ту ілінген кезде оның беті әрдайым оң жаққа қарай желбіреп тұруы керек.