Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі заттарын жеткізу арналары жойылды

23 Қазан 2023, 21:32 919

ІІМ есірткіге қарсы іс-қимыл департаментінің және БҚО ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы операция жүргізу барысында өңіраралық қылмыстық топтың Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі заттарын жеткізу арналарын жойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қылмыстық топ Алматы, Шымкент, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының 8 тұрғынынан құралған. Олар Орал және Ақтөбе қалаларындағы азық-түлік дүкендері желісі арқылы көкнәр өнімін сатумен айналысқан. 

Қылмыстық топқа қатысушылардың әрқайсысына тиісілі жұмыстары болған: Шымкент қаласының тұрғыны – ұйымдастырумен айналысса, Алматы қаласының тұрғыны – есірткі заттарын жеткізуші, ал қалғандары есірткі заттарын азық-түлік дүкендері арқылы сатумен айналысқан. 

Азық-түлік дүкендерін тінту кезінде есірткі заттары, еріткіш заттары салынған қораптар, граммен өлшенетін электронды таразылар табылып, тәркіленді. Сондай-ақ әр дүкенде қаражаттың кіріс және шығысын есептеуге арналған касса журналдары табылды. 

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 994 қап қосынды қосылған көкнәр сабағы, 10 қораптан астам еріткіш заты, 5 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражат, қымбат бағадағы 4 жеңіл автокөлігі (қылмыстық әрекеттен түскен қаражатқа алынған), DAF жүк көлігі тәркіленді. 

Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген көкнәр сабағының жалпы салмағы 1,635 келі 257 граммды құрайды. 

ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі (Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру), ҚР ҚК-нің 262-бабы 2-бөлігі (Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу), ҚР ҚК-нің 2018-бабы 1-бөлігі (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)) және ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша БҚО полиция департаментімен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: