Қазақстанның алтын қоры 98 тоннаға артты

Қазақстанның алтын қоры 98 тоннаға артты

Қазақстанның алтын қоры қосымша 98 тоннаға көбейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Жолдауында геология саласын толық цифрландыру арқылы жаңа деңгейге көтеру міндетін қойған. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде салада айтарлықтай жаңғыру жүріп жатыр.

«Бүгінде еліміз бойынша 103 түрлі пайдалы қазба түрі және 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынған. Қазіргі таңда 2 900-ден астам лицензия және 250-ге жуық қатты пайдалы қазбалар бойынша келісімшарт бар», - деді вице-министр.

Иран Шарханның сөзінше, жүргізілген геологиялық барлау нәтижесінде алғаш рет Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжыр кен орындары мемлекеттік есепке енгізілген.

«Жалпы қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тонна мысқа, 11 миллион тонна марганецке және 1,3 миллион тонна фосфоритке артты», - деді ол.

Айта кетейік, Үкімет отырысында геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру шаралары, сондай-ақ халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылып жатыр.