21.09.2025
09:05
386
Қазақстанның 9 қаласында ауа сапасы нашарлайды

Қазақстанның 9 қаласында ауа сапасы нашарлайды

Қазақстанның бірқатар ірі қаласында 21 қыркүйекте ауа сапасы төмендейді. Синоптиктер тұрғындарға сақ болуды ескертті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Қазгидромет» дерегінше, бүгін, 21 қыркүйек күні Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Ақтөбе, Орал қалаларында, сондай-ақ түнде Атырау, Қостанай, Алматы және Астана қалаларында қолайсыз метеожағдай күтіледі.

Бұл құбылыстар атмосферада зиянды қоспалардың шоғырлануына әсер етіп, олардың ұзақ уақыт таралмай қалуына себеп болады.

Қолайсыз метеожағдай – бұл атмосферадағы зиянды қоспалардың таралуына кедергі келтіретін табиғи факторлар:

  • штиль (ауа қозғалысының болмауы);
  • әлсіз жел;
  • тұман;
  • температуралық инверсия.

Мұндай жағдайда қала тұрғындары зиянды заттарды көбірек жұтады. Әсіресе, өндірістік аймақтарда немесе автокөлік қозғалысы тығыз көшелерде ауа сапасы күрт төмендейді.

Мамандар халыққа мына кеңестерді береді:

  • ашық ауада көп уақыт өткізбеңіз;
  • көлік қозғалысы қарқынды көшелерден аулақ болыңыз;
  • терезелерді жиі ашпауға тырысыңыз;
  • балалар мен созылмалы ауруы бар адамдарға ерекше сақ болу қажет;
  • қажет болған жағдайда медициналық маска пайдаланыңыз.