Алматыда Қазақстан спортшыларын Ханчжоу қаласында өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Салтанатты іс-шара Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында өтті. Спортшыларды шығарып салу рәсімінде ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев сөз алды.
Біз осы сәтке дейін ұзақ әрі ауқымды жұмыс атқардық. Өте белсенді дайындықты өткердік. Кешенді жоспар әзірленді. 400-ден астам оқу-жаттығу жиындары өтті, түрлі турнирлер ұйымдастырылды, соның арқасында біздің спортшылар өздерін жоғары халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік алды. Санаулы күндерден кейін сіздер басқа елдердің талантты және шебер спортшыларымен бәсекеге түсесіздер. Бұл оңай емес, бірақ осындай турнирлерде мінез шыңдалады, құнды тәжірибе жинақталады. Баршаңызға сәттілік, жігер мен төзімділік тілеймін, - деді министр.
Ол байрақты бәсекеде медаль, Олимпиадаға жолдамалар, рейтингтік ұпайлар ғана емес, сонымен қатар ел намысы, бүкіл қазақстандық спорттың мәртебесі бәске тігілетінін еске салып өтті.
Біздің министрлік әрдайым отандық спортшыларды, жаттықтырушыларды және осы саланың басқа да мамандарына қолдау көрсетеді. Біз әлемге елімізді танытып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, спорт пен салауатты өмір салтына деген қызығушылықты оятамыз. Баршаңызды үлкен спорт мерекесінің басталуымен құттықтаймын және алдағы Азиадада ең биік шыңдарды бағындыруға тілектеспін, - деді Ермек Маржықпаев.
Спортшыларға жеңіл атлетикадан қазақ спортының ардагері Әмин Тұяқов өзі бата беріп, шығарып салды.
Сары құрлықтың басты бәсекесі 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. 4 жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 524 атлет қатысады. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін таласады. Айта кету керек, Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері Азия ойындарына сегізінші рет қатысқалы отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Туризм және спорт министрлігі Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілетін ақшалай ынталандыру мөлшерін жариялаған болатын. Атап айтқанда, құрлық чемпионы атанған спортшыға 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал, алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5000 доллар қарастырылып отыр. Құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері 5000 доллар, ал жаттықтырушысы 3000 доллар көлемінде сыйақы алады.
Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3000 доллар, ал оның жаттықтырушысына 2000 доллар көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.
Азия ойындарының ашылу салтанаты 23 қыркүйекте Олимпиада спорт орталығы стадионында өтеді. Жарысқа сары құрлықтағы 45 мемлекеттен 15 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар спорттың 40 түрінен жалпы саны 481 медаль жиынтығын өзара сарапқа салады.
Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.