Қазақстанның 20 миллионыншы азаматы Жүрсін Ерманның ауылдасы болып шықты

16 Қараша 2023, 12:47 1807

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы облыс тұрғындарын құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміздің 20 миллионыншы азаматы Ұлытау облысы, Қоскөл ауылындағы Сейітжановтар әулетінде дүниеге келген. Сәбидің ата-анасы айтыскер Жүрсін Ерманның ауылдасы болып шықты.

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені жайындағы ақжолтай хабар баршамыздың төбемізді көкке жеткізді. Ал жиырма миллионыншы тұрғынның жиырмасыншы өңірде, яғни Ұлытау облысында өмірге келуі біз үшін зор мақтаныш. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел тұрғындарын мерейлі күнмен құттықтап, бақытты отбасы - бақуатты елдің негізі екенін жеткізді, - деп жазды облыс әкімі.

Сондай-ақ Томиристің дені сау, елдің азаматы болсын деп тілек білдірді.

Құрметті ұлытаулықтар! Бұл - ұлттың қуанышы, ортақ жетістік. Ұлытау облысы, Қоскөл ауылындағы Сейітжановтар әулетінде келген кішкентай Томирис ханшайым атына сай тұлға, елдің азаматы болсын! Әкесі Сұңғат Сейітжан мен анасы Әйгерім Молдашеваның тұңғыш перзенті дені сау ұрпақ боп өсуіне тілектеспін!, - деп жазды Берік Әбдіғалиұлы.

Айта кетейік, Қоскөл ауылы – Ұлытау облысында орналасқан. Ұлытау ауданынан оңтүстік-батысқа қарай 217 шақырым жерде. Бұл жерде белгілі ақын Жүрсін Ерманның балалық шағы өткен.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: