«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 30 шілдеде Қазақстанның 16 облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алматы облысында күндіз таулы аймақтарда кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік, оңтүстік және таулы аудандарда найзағай ойнайды. Батыстан және солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні кей өңірлерде 18-23 м/с-қа дейін жетеді. Өрт қаупі өте жоғары. Алматы қаласында күндіз найзағай күтіледі, желдің екпіні – 18 м/с. Қонаевта да найзағай болжануда.
Қызылорда облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең найзағай ойнап, шаңды дауыл соғуы ықтимал. Жел солтүстік-батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен соғады. Өрт қаупі өте жоғары.
Жамбыл облысында түнде таулы, күндіз солтүстік, оңтүстік және таулы аудандарда найзағай болжанады. Кей жерлерде жел 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. Облыстың солтүстік, батыс және шығысында өрт қаупі жоғары. Таразда күндіз найзағай күтіледі.
Атырау облысында солтүстік, шығыс және оңтүстік аудандарда найзағай болжануда. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетуі мүмкін. Өрт қаупі жоғары. Атырау қаласында найзағай және 15-18 м/с жел күтіледі.
Қостанай облысында солтүстік пен шығыста бұршақ, нөсер жаңбыр мен дауыл күтіледі. Түнде және күндіз найзағай болады. Кей аймақтарда тұман түседі. Желдің екпіні – 15-20 м/с. Кей жерлерде өрт қаупі өте жоғары. Қостанайда таңертең және күндіз найзағай болжануда.
Абай облысында найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің күші – 25 м/с дейін. Кей жерлерде 36 градусқа дейін аптап ыстық болады. Облыс аумағында өрт қаупі жоғары. Семейде де найзағай болжанған.
Маңғыстау облысында солтүстікте найзағай күтіледі. Жел солтүстіктен батысқа ауыса отырып, 15-20 м/с болады. Өрт қаупі өте жоғары. Ақтауда да осындай жағдай сақталады.
Қарағанды облысында жаңбыр, бұршақ және найзағай күтіледі. Жел кей жерлерде 23 м/с-қа дейін күшейеді. Өрт қаупі жоғары. Қарағанды қаласында найзағай болады.
Ұлытау облысында найзағай, жаңбыр және бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең тұман болады. Желдің екпіні – 15-20 м/с. Жезқазғанда күндіз найзағай күтіледі.
Павлодар облысында найзағай, бұршақ және дауыл болжанған. Желдің күші 15-20 м/с. Кей аймақтарда өрт қаупі жоғары. Павлодарда найзағай болжанған.
Ақтөбе облысында солтүстік пен шығыста найзағай күтіледі. Желдің жылдамдығы – 15-18 м/с. Оңтүстікте өрт қаупі өте жоғары.
Шығыс Қазақстан облысында найзағай, бұршақ және дауыл болады. Кей жерлерде 36 градусқа дейін аптап ыстық. Өрт қаупі өте жоғары. Өскеменде де найзағай күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында найзағай мен бұршақ болады. Жел 15-20 м/с. Орал қаласында да осындай жағдай сақталады.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, бұршақ және найзағай болжануда. Кей өңірлерде тұман түседі. Желдің екпіні – 15-20 м/с. Петропавлда да күшті жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Түркістан облысының таулы аймақтарында найзағай күтіледі. Жел 15-20 м/с. Облыс бойынша өрт қаупі өте жоғары. Шымкент пен Түркістан қалаларында да жел күшейіп, өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде тұман болуы мүмкін. Жел 15-25 м/с. Көкшетауда найзағай, түнде және таңертең тұман болжанған.