БАҚ беттерінде Қазақстан бензинін Өзбекстан сатып алып жатқаны туралы ақпарат тарады. Энергетика министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ведомство мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстаннан Өзбекстанға немесе өзге елдерге бензин экспорты жүзеге асырылмайды. Елде мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салу енгізілген, ал Үкімет заңсыз әкетудің және контрабанданың алдын алу бойынша Жоспарды іске асыруда.
Жекелеген БАҚ сілтеме жасаған ақпарат биылғы жылдың көктемінде қабылданған бір жолғы және уақытша шараға қатысты. Сәуір–мамыр айларында ел ішіндегі жанармай қоры жағдайында АИ-92 маркалы бензиннің артығын экспорттау туралы нүктелік шешім қабылданды. Мұндай шара халықаралық тәжірибеде стандартты болып табылады және ол қоймаларды оңтайландыруға әрі бюджетке қосымша салық түсімдерін әкелуге мүмкіндік береді. Маусым айынан бастап, МӨЗ-дердегі жоспарлы жөндеу жұмыстарына дайындық шеңберінде стратегиялық қор жинақтау мақсатында экспорт толық тоқтатылды,-делінген ресми мәліметте.
Министрлік мемлекеттік реттеуді алып тастау және экспортқа тыйым салу ішкі нарықты тұрақтандыруға әрі жанармай қорларын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Жаздың басына қарай АИ-92 бензині қоры шамамен 70%-ға, дизель отыны қоры 78%-ға артты. Қазіргі таңда мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты. Ішкі нарық толық көлемде қамтамасыз етілуде.