Қазақстаннан Антарктидаға саяхаттау үшін қанша қаржы қажет

Қазақстаннан Антарктидаға саяхаттау үшін қанша қаржы қажет

Әлемнің ең оңтүстігіндегі мәңгі мұз құрлығы Антарктида көп саяхатшы үшін қол жетпес арман секілді көрінеді. Дегенмен соңғы жылдары түрлі халықаралық экспедициялар мен туристік круиздердің дамуына байланысты бұл бағытқа Қазақстаннан да баруға мүмкіндік туды. Бірақ мұндай сапардың өзіндік талаптары мен қомақты қаржыны талып етеді. Осы орайда, El.kz интернет порталы ыңғайлы бағыттар құрып, жол шығынын есептеп көрді.

Қалай жетуге болады?

Антарктидаға Қазақстаннан тікелей ұшатын рейс жоқ. Сондықтан туристер алдымен бірнеше ел арқылы өтеді. Ең кең тараған әрі тиімді бағыт - Аргентина мен Чили.
Алдымен Алматы және Астана қалаларынан Еуропа немесе Таяу Шығыс арқылы Буэнос-Айреске ұшып, одан әрі әлемнің ең оңтүстігіндегі Ушуая портына бару керек. Дәл осы жерден Антарктидаға баратын алып кемелер жүреді.

Ұшу уақыты: күту және ауысып міну уақыттарын ескергенде, жолдың өзіне кем дегенде 30-35 сағат кетеді.

Саяхат қанша күнге созылады?

Антарктидаға сапардың негізгі бөлігі, экспедициялық кеме арқылы жасалатын круиздер болып тұр. Бағытына байланысты оның ұзақтығы әртүрлі болады. Мысалы, ең қысқа экспедицияның өзі 8-11 күнді құрайды. Ал, асықпай демалып, тұмса табиғатпен сырласып барамын десеңіз, 20-23 күн жүруіңіз қажет.

Қазақстаннан жолды қосқанда, бір сапар орта есеппен 2-3 апта, кейде 1 айға дейін созылады.

Бағасы қанша тұрады?

Антарктида әлемдегі ең қымбат туристік бағыттардың бірі. Бағасы таңдалған кеменің деңгейіне, каюта түріне және тур ұзақтығына байланысты.

Ең қолжетімді турлар 4,5 миллион теңгені құраса, жоғары деңгейлі турлар: 15 миллион теңгеге дейін барады.

Бұған қоса, Қазақстаннан Аргентинаға дейінгі ұшу билеттері 1 миллион теңге, сақтандыру, арнайы киім және басқа шығындар қосылады. Нәтижесінде толық сапар құны бір адамға кемінде орташа есеппен: 5-6 миллион теңгеге шығады.

Бұл сапар неліктен қымбат?

Антарктидада тұрақты әуежайлар, қонақүйлер немесе жол инфрақұрылымы жоқ. Барлық қызмет тек арнайы экспедициялық кемелер арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар құрлықты қорғау жөніндегі халықаралық келісім бойынша Антарктидаға бір мезетте баратын турист саны шектеулі. Бұл экожүйені сақтауға бағытталған шара болғанымен, тур бағасының қымбат болуына да әсер етеді.

Антарктидаға барудың артықшылығы қандай?

Бұл сапар табиғаттың тұмса сұлулығын көруге мүмкіндік береді. Пингвиндер отары, мұзды айсбергтер, киттер, теңіз қабыландары және адам қолы тимеген ландшафт. Бұның барлығы саяхатшылар үшін таптырмас әсер.