Қазақстанмен жүргізілген келіссөздер біздің ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтетініне сенемін – Мирзиёев

8 Тамыз, 14:00 418

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға жасаған бұл жолғы мемлекеттік сапарының нәтижесінде стратегиялық серіктестік пен одақтастық мүлдем жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашып отырмыз. Бұл, шын мәнінде, екіжақты қатынастар тарихындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ достас әрі бауырлас халықтарымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан президентінің сөзінше, сапар алдында Мемлекетаралық комиссияның отырысы, Бизнес форум және бірқатар мәдени іс-шаралар өтті.

2034 жылға дейінгі Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленді. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жетекшілігімен кеңес құрылып жатыр. Мұның бәрі екіжақты ықпалдастықтың нығаюына оң септігін тигізеді. Кеңес барысында тараптар екі елдің парламенттері, үкіметтері, сыртқы саясат ведомствосы және салалық министрліктері арасындағы байланыстарды арттыра түсу маңызды екеніне назар аударды. 

Сонымен қатар, халықаралық және өңірлік құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері және «Орталық Азия плюс» форматы аясында бір-біріне қолдау білдіруге уағдаласты. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірқатар шешімге қол қойылды.

Миражан Махан
Бөлісу: