03.11.2025
17:41
650
Қазақстанға Ұлттық тауарлар каталогы енгізіледі: кәсіпкерлер нені білуі керек?

Қазақстанға Ұлттық тауарлар каталогы енгізіледі: кәсіпкерлер нені білуі керек?

2026 жылдан бастап Қазақстанда тауарларды сату үшін бірыңғай Ұлттық тауарлар каталогын пайдалану міндетті болмақ. Бұл жүйе ел ішіндегі саудада жүрген әрбір өнімге арнайы сәйкестендіру кодын беріп, тауарлар туралы ақпаратты бір жерде жинақтауды көздейді. Нәтижесінде бизнеске деректерді бірнеше жүйеге қайта-қайта енгізудің қажеті болмайды, ал мемлекет үшін көлеңкелі айналымды бақылау жеңілдейді. Жаңа цифрлық экожүйенің артықшылықтары мен кәсіпкерлерге әсері туралы Қаржы министрлігі Электрондық қаржы орталығы Мастер-деректерді басқару департаментінің директоры Наурызхан Молдабай айтып берді.

El.kz: Келесі жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай тауарлардың ұлттық каталогы қолданысқа енетіні белгілі. Осы ретте Ұлттық тауарлар каталогын құру қажеттілігінің маңызына тоқталсаңыз.

Наурызхан Молдабай: Бүгінде елде мемлекеттік сатып алуларда, кеден рәсімдерінде, электрондық шот-фактураларда, таңбалауда, статистикада, чектерде және басқа да салаларда қолданылатын әртүрлі анықтамалықтар мен каталогтар бар. Бұл өз кезегінде мәліметтердің қайталануына, сәйкессіздіктерге және тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қадағалау мен есепке алуда қиындықтарға әкеледі.

Аталған мәселенің шешімі ретінде «Тауарлардың ұлттық каталогы» (ТҰК) мемлекеттік деректер базасы құрылды. ТҰК тауарларды бірегей GTIN/NTIN кодтары бойынша сәйкестендіруді қамтамасыз етеді және бюджетті жоспарлау мен орындау, бухгалтерлік операциялар, көтерме және бөлшек сауда, кедендік декларациялар, электрондық сауда алаңдары және басқа да негізгі процестерге қосылған эталондық дереккөзіне айналады.

El.kz: Бүгінгі күні тауарлар туралы ақпараттың әр түрлі жүйелерде шашыраңқы болуы бизнес пен мемлекеттің жұмысына қандай қиындықтар тудырып отыр? Бұл каталог сол мәселені қалай шешеді?

Наурызхан Молдабай: ТҰК – Қазақстан нарығында айналымда жүрген тауарлар туралы барлық негізгі ақпарат сақталатын орталықтандырылған анықтамалық болып есептеледі. Бұрын әртүрлі жүйелерде қолданылған бірнеше жеке анықтамалықтар мен Excel-кестелердің орнына енді барлық қатысушыларға қолжетімді бірыңғай тауар карточкасы енгізілді. Бұл әртүрлі ақпараттық жүйелер арасындағы деректердің қайталануын және сәйкессіздігін болдырмайды.

Сондай-ақ ТҰК негізгі цифрлық платформалармен – электрондық шот-фактуралар жүйесімен, кеден және салық жүйелерімен, сондай-ақ маркетплейстер мен сауда желілерімен интеграцияланады, бұл тауарлар туралы мәліметтердің қайталануын азайтуға мүмкіндік береді.

El.kz: Ұлттық тауарлар каталогының басты элементтерінің бірі – NTIN коды. Осы кодтың ерекшелігі неде? Оның GTIN, штрих-кодтардан айырмашылығы қандай?

Наурызхан Молдабай: GTIN – бұл халықаралық GS1 ұйымы әзірлеген тауардың ғаламдық бірегей идентификаторы. Ол бүкіл әлем бойынша қолданылады және тауардың штрих-кодына қолданылады.  

NTIN – бұл Қазақстанның Тауарлардың ұлттық каталогы үшін арнайы әзірленген тауардың ішкі ұлттық идентификаторы, ол тауар карточкасы ТҰК-ке тіркелген кезде беріледі.

NTIN кодының негізгі айырмашылығы – бұл код барлық тауар түрлеріне беріледі және өтпелі сәйкестендіру сипатқа ие. Яғни, бұл – елдегі сауда қызметін жүзеге асыратын барлық ақпараттық жүйелерде қолданылатын, бір рет берілетін ұлттық тауар коды. Сонымен қатар, GTIN-коды ақылы болып табылса, ал  NTIN-коды –тегін және мерзімсіз қолданылады.

El.kz: Ұлттық тауарлар каталогындағы өнім карточкалары қандай мәліметтерді қамтиды? Ақпараттың дәлдігі мен өзектілігі қалай тексеріледі?

Наурызхан Молдабай: Негізгі мәліметтерге мыналар жатады: атауы, жіктелуі, тауар белгісі, шығу елі, өндірушісі, бренді, өлшенетін параметрлері – сызықтық өлшемдері, массасы, құрамы, өлшем бірлігі, сондай-ақ тауар өндірілген стандарттау құжаттары туралы ақпарат.

Тауар карточкасында ұсынылған ақпараттың дұрыстығы мен нақтылығы интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі. Сонымен қатар, Тауарлардың ұлттық каталогында тауарларды тіркеу барысында модераторлар тауардың шынайылығына сәйкестігін қолмен тексереді.

El.kz: Мемлекет үшін бұл жүйенің маңызы қандай? Ұлттық тауарлар каталогы «көлеңкелі нарықты», жалған есептілікті, қосылған құн салығынан жалтаруды азайтуға қалай көмектеседі?

Наурызхан Молдабай: Мемлекет үшін артықшылығы – әрбір тауардың өзіне тән өтпелі сәйкестендіру коды болады, оның көмегімен тауардың өмірлік циклін өндіруден бастап соңғы тұтынушыға дейін қадағалауға мүмкіндік туады. ҰТК тауар айналымын бақылаудың, «көлеңкелі» схемаларды анықтаудың және контрафактімен күресудің тиімді құралы болып табылады. Бірегей NTIN кодтары мен басқа цифрлық платформалармен ықпалдасуының арқасында тауардың қозғалысын бақылау және заңбұзушылықтарды анықтау жеңілдейді.

Тауарлардың бағаларын қадағалау тұрғысынан алғанда, ҰТК құрамында Бағалар деректер базасы атты ішкі жүйе бар, ол әртүрлі маркетплейстермен интеграцияланған және тауардың медианалық бағасын айқындайды. Осылайша, тауардың орташа бағасы есептеледі. Бұл мемлекеттік сатып алуларға қатысатын және жеткізуші ретінде әрекет ететіндер үшін ыңғайлы.

El.kz: Жоба қазір пилоттық режимде іске асуда. Қандай компаниялар мен маркетплейстер қосылып үлгерді? Сол тәжірибе қандай нәтижелер көрсетіп жатыр?

Наурызхан Молдабай: Бүгінгі таңда Ұлттық тауарлар каталогы ірі сауда желілерінде, шағын және орта бизнес субъектілерінде қолданылады. Елдің сауда қызметіне қатысатын негізгі ақпараттық жүйелермен интеграциялық жұмыстар жүргізілуде.

El.kz: 2026 жылғы міндетті енгізілу кезеңіне дайындық қалай жүргізіліп жатыр? Кәсіпкерлерге қандай оқыту, әдістемелік және техникалық қолдау көрсетіледі?

Наурызхан Молдабай: Тауарлардың ұлттық каталогының пилоттық жобасы тауарлар туралы эталондық дереккөзі болып табылатын цифрлық деректер базасы ретінде іске қосылды. Міндетті түрде қолдану мерзімі белгіленді – 2026 жылғы 1 қаңтардан басталады. Каталогтау жүйесі өндірушілерді, импорттаушыларды, дистрибьюторларды, сауда желілерін, маркетплейстерді, яғни тауар айналымының барлық қатысушыларын қамтиды.

Пилоттық кезең қазірдің өзінде іске асырылуда: ірі дистрибьюторлар мен сауда желілері жүйеге қосылып, тауар карточкаларын жүктеуде.

Кәсіпкерлер үшін ТҰК сайтында тауар карточкаларын толтыру жөніндегі нұсқаулықтар мен әдістемелік материалдар жарияланған.

Сондай-ақ, заңнамалық деңгейде «Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу және онда тауарларды тіркеу қағидалары» бекітілген, онда ҰТК-да тауарларды тіркеу тәртібі айқындалған.

El.kz: Кәсіпкерлер үшін практикалық жағынан алғанда, Ұлттық тауарлар каталогқа қосылу бизнес-процестерді қалай жеңілдетеді? Мысалы, 1С, кассалық жүйелер немесе маркетплейстермен интеграция қалай жүзеге асады?

Наурызхан Молдабай: Кәсіпкерлер үшін тауарлар каталогының арқасында елдің сауда қызметіне қатысатын әртүрлі мемлекеттік жүйелерге бір тауар туралы мәліметтерді бірнеше рет енгізу қажеттілігі жойылады. Бір рет ҰТК-да тауар карточкасын тіркеу жеткілікті, кейін оны барлық байланысты ақпараттық жүйелерде (электрондық шот-фактуралар, маркілеу, мемлекеттік сатып алулар және т.б.) пайдалануға болады.

Маркетплейстермен және тауарлық есеп жүйелерімен интеграция өтпелі бірегей NTIN кодының берілуі негізінде жүзеге асырылады.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

El.kz: Каталогтың енгізілуі тұтынушыларға не береді? Қарапайым сатып алушы бұл ақпаратты қай жерде және қалай көре алады?

Наурызхан Молдабай: Тұтынушылар үшін каталог келесі мүмкіндіктерді ұсынады:

  1. Тауарлар туралы шынайы және тексерілген ақпарат:

Барлық тауарлар каталогқа тек өндіруші немесе уәкілетті ұйым деректерді тексергеннен кейін ғана енгізіледі. Бұл жалған, дұрыс емес немесе дәл емес ақпаратқа тап болу қаупін азайтады. Тұтынушы тауар туралы мәліметтердің (құрамы, өндірушісі, штрихкоды, шығу елі және т.б.) ресми түрде расталғанына сенімді бола алады.

  1. Тауарларды ыңғайлы іздеу және салыстыру

Каталогта тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай жіктеуіші бойынша құрылымдалған. Бұл әртүрлі өндірушілердің ұқсас тауарларын сипаттамалары бойынша оңай табуға және салыстыруға мүмкіндік береді.

  1. Контрафактіден қорғаныс

ҰТК-гын пайдалану тауардың түпнұсқалығын мысалы, штрихкод, GTIN немесе жүйедегі бірегей код арқылы қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл сатып алушыларды қолдан жасалған және қауіпті өнімдерден қорғауға ықпал етеді.  

El.kz: Ұлттық тауарлар каталогы болашақта басқа мемлекеттердің жүйелерімен немесе халықаралық стандарттармен интеграциялануы мүмкін бе?

Наурызхан Молдабай: Иә, мұндай мүмкіндік толықтай шынайы әрі болашағы зор.

Тауарлардың ұлттық каталогын (ТҰК) басқа елдердің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау – сауданың жаһандануы мен цифрлық трансформация жағдайында дамудың заңды бағыты болып саналады.

Сонымен қатар, бүгінде ТҰК тауарларды сәйкестендіру мен сипаттаудың халықаралық стандарттарына, мысалы GS1 (GTIN) жүйесіне негізделген. Бұл дегеніміз – каталог деректері осы стандарттарды пайдаланатын басқа елдердің жүйелерімен техникалық тұрғыдан үйлесімді. Осылайша, тауарлық деректермен алмасуды және оларды жаһандық деңгейде сәйкестендіруді қамтамасыз етуге болады.

El.kz: 2026 жылға дейін кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз? Енгізу барысында жиі жіберілетін қателіктерді қазірдің өзінде қалай болдырмауға болады?

Наурызхан Молдабай: Тауарлар каталогын пайдалану үшін бизнестің өз тауарларын қазірден бастап Ұлттық тауарлар каталогына енгізуін ұсынамыз.

Тауарлардың сипаттамасын толық әрі дұрыс толтыруды ұсынамыз, яғни барлық сипаттамалар, фотосуреттер және штрихкодтар өзекті болып, нақты тауарға сәйкес келуі қажет. Тауар карточкасы неғұрлым нақты әрі толық болса, соғұрлым өнімге деген сенім артады – әрі мемлекеттік органдар тарапынан, әрі тұтынушылар тарапынан. Бұл сондай-ақ тауарларды ҰТК-да тіркеу кезінде модераторлардың тексерісінен бас тарту қаупін едәуір азайтады.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!