Қазақстанға Pfizer компаниясының өкілдері келді

22 Ақпан 2023, 23:15 1087

Былтыр қыркүйекте компаниямен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған

Елімізге «Pfizer» компаниясының делегациясы келді, деп хабарлайды El.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Былтыр қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жасаған сапары барысында «Pfizer» компаниясымен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Соған сәйкес, Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропа, Азия және Африка бойынша өңірлік директоры Озгур Язиюрт бастаған «Pfizer» делегациясымен келіссөздер жүргізді. Кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ренат Есқалиев қатысты.

Келіссөздер барысында Қазақстанда американдық компанияның болуын кеңейтудің өзекті мәселелері, оның ішінде «Prevenar-13» пневмококкты вакцинаның келісімшарттық өндірісін оқшаулау талқыланды. Американдық тарап қазақстандық нарыққа биофармацевтикалық трансұлттық компанияларды тарту үшін жергілікті заңнаманы жетілдіру жөніндегі күш-жігер туралы хабардар етілді. Өз кезегінде «Pfizer» басшылығы фармацевтикалық қызметті реттейтін ҚР нормативтік-құқықтық актілеріндегі өзгерістерді оң бағалады.

Штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан «Pfizer» американдық трансұлттық компаниясы – биофармацевтикалық нарықтың әлемдік көшбасшыларының бірі. Компанияның негізгі зерттеу орталығы Коннектикут штатындағы Гротон қаласында орналасқан.

Бүгінде компания жүрек-қантамыр жүйесі, тірек-қимыл аппараты ауруларына қарсы дәрі-дәрмектерді жасаумен айналысады, антибиотиктер, виагра, иммунодепрессанттар шығарады. 2020 жылы «BioNTech», «Pfizer» мен «Fosun Pharma» компаниялары коронавирусқа қарсы вакцина әзірледі.

EL.KZ
Бөлісу: