25.11.2024
11:07
843
Қазақстанға оралған қандастардың басым бөлігі қай елден келді

Қазақстанға оралған қандастардың басым бөлігі қай елден келді

2024 жылы 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 144,9 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,9%-ы Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,8%  – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,8% – Ресейден және 1,1% басқа елдерден.

Осы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,2%-ды және зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,8%-ы жоғары білімді, 24,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3% білім жоқ, - делінген мәліметте.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін мынадай еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 841 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 2 390 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 763 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.