Қазақстанға деген құрметіміз шексіз – Индира Раван

27 Сәуір 2023, 18:11 1206

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясы өтті. Түркістан облысы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Индира Раван аталмыш іс-шараға қатысты пікірін бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Индираның ұлты – әзербайжан. Жасы 18-де. Ол биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына екінші рет қатысты.

Былтыр өткен Ассамблеяның сессиясында жаңа референдум туралы талқыладық. Жиыннан кейін жастарға көп мүмкіндік берілді. Ал бүгінгі сессияға Қазақстанның әр өңірінен түрлі этнос өкілдері келіп қатысты. Алдағы уақытта сессияда айтылған ұсыныстар орындалады деген ойдамын, - деді ол.

Түркістан облысы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Қазақстан мемлекеті өзі үшін бұл жер құтты мекен екенін тілге тиек етті.

1937 жылғы репрессия кезінде менің ата-бабам Қазақстанға келген. Сондай қиын сәтте қазақ елі бізге қол ұшын берді. Сол үшін де біздің елімізге деген құрметіміз шексіз. Қазіргі таңда біз мемлекеттік тілді меңгеріп, Қазақстанда білім алып жатырмыз, - деді ол.

Сонымен қатар Индира Раван Ассамблеяның негізгі міндетіне тоқталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қызметі – түрлі ұлт өкілдерін біріктіріп қана қоймай, қиын сәтте көмек көрсете білу. Біз бір күннің, бір аспанның, бір шаңырақтың астында тұрғаннан кейін, ауызбіршілігімізді сақтап, бір-бірімізге үнемі көмектесіп жүргеннің арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. «Жаман ұлт жоқ, жағымсыз пенде бар» дейді ғой. Сондықтан біз әрдайым бір-бірімізге қамқор болып жүруіміз керек, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: