Мәжіліс Қазақстан үкіметі мен ОПЕК халықаралық даму қоры арасындағы жекеше сектордағы операцияларды ұйымдастыруға арналған рамалық келісімді ратификациялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Былтырғы жылдың 4 қыркүйегінде Астанада қол қойылған бұл құжат ОПЕК даму қорына мемлекеттік кепілдіксіз, жылдық мөлшерлемесі 2,5-5 пайыз болатын жеңілдетілген несиелер беру мүмкіндігін ашады. Қордың активтері мен табыстары тікелей салықтардан босатылады, ал валютаны еркін айырбастауға және қаражатты шетелге аударуға рұқсат беріледі. Келісімде қордың мәртебесі, артықшылықтары, иммунитеті, бенефициарлардың құқықтарын қорғау және дауларды арбитражда қарау тәртібі көрсетілген.
Ратификация нәтижесінде қор Қазақстандағы энергетика, өнеркәсіп, көлік, қаржы, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, байланыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қаржыландыра алады. Негізгі басымдық - су, азық-түлік, энергетика бағытында. ОПЕК мәліметінше, 2026-2030 жылдар аралығында Қазақстанға шамамен 400 миллион доллар бөлу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, былтыр желтоқсанда Сенат депутаттары Азия даму банкінің 52,3 миллиард иен (168,1 миллиард теңге) көлеміндегі қарызын және Дүниежүзілік банк құрылымына кіретін Халықаралық қайта құру және даму банкінің 84,9 миллиард иен (277 миллиард теңге) мөлшеріндегі займын ратификациялаған болатын.
Биыл маусымда Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы 46 миллиард теңгелік несие туралы келісім де мақұлданды. Бұл қаражат «Қазақстан экономикасын инклюзивті дамытуға бағытталған жедел цифрландыру» жобасына жұмсалады. Жоба аясында елдің тұрақты цифрлық инфрақұрылымын дамыту және ауылдық елді мекендерге жоғары жылдамдықты интернет қолжетімділігін арттыру көзделген.